Бас мұражайға саяхат жасады

Таным

Мықтыкөл ауылының негізгі орта мектебі «Біртұтас тәрбие» және «Адал азамат» бағдарламалары аясында Республика күніне орай, Астана қаласындағы Тәуелсіздік алаңында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына танымдық саяхат жасады.

Мұражайға саяхат жасау жас ұрпақтың үйлесімді дамып, қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, оқушыларды ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, елдің, шежірелі өлкенің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті екендігін жете түсінуіне көмектеседі.

– Оқушылардың бойында Отанға, елге деген патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында мектебіміздің 5-9 сынып оқушылары жолға шықтық, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Ахмет, – біздің мақсатымыз тарихи ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды шығармашылық өнермен және туған жеріміздің мәдениетімен ұштастыра қарау еді. Өйткені, білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – басты міндетіміз.

Өткенге үңілмесек, келешекті болжау мүмкін емес. Бұл ретте, мектеп директоры Д.Бекей мұражайға бару ниетін қолдап, рухани құндылыққа жол ашты. Сынып жетекшілер оқушыларға өлкенің, елордамыздың көрікті жерлері туралы сынып сағатында ақпарат беріп, тарихи танымдарын кеңейтті.  Саяхатқа  ата-аналар да бірауыздан келісім беріп, сапар сәтті өтті. Бұл ретте, балалармен бірге барған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Б.Хуанбайға да алғыс.

Мұражай қызметкерлері оқушыларды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Олар экскурсия барысында ауылдан келген жеткіншектердің нағыз жолбасшысына айналды. Мұражай 7 залға бөлінген. Ботай мәдениеті залынан басталған  шолу табиғат залы, археология, этнография, Тәуелсіздік залы, қала тарихы бөлімдерімен сабақтасты. Оқушылар мұражай қызметкеріне өз сұрақтарын қойып, көптеген құнды ақпараттар алды. Балалар айтылған әңгімелерді аса қызығушылықпен тыңдап, өз әсерлерімен бөлісті. Бір күндік саяхат соңында ата-аналар мен оқушылар бастамашыл ұстаздарға риясыз ризашылықтарын білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар