Қандастар да осы елдің өзіміз сияқты бір азаматы  

Ашық есік күні

Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы еліміз бойынша алғашқы болып қандастар үшін Ашық есік күнін ұйымдастырды.

Онда ата жұртқа оралып жатқан ағайынның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кездесетін өзекті мәселелерін жедел шешу бағытында мәселелер қарастырылды. Бұл іс-шара бұдан былай әр айдың 6-сы күні тұрақты өткізіліп тұрады. Алғаш рет ұйымдастырылған Ашық есік күніне аудандар мен қалалар әкімдіктерінің, облыстық білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының басшылары мен мамандары, басқа да мүдделі ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара барысында қандастардың баспанамен, жұмыспен қамтылу, әлеуметтік бейімделу, сырт елден әкелген көліктерін тіркеу, көлік жүргізу құқығын растайтын құжаттарын алу сынды мәселелері талқыланды.

Ашық есік күнін ұйымдастырудағы басты мақсат қандастардың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қолдау білдіріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында көмек көрсету болып табылады.

– Бүгінгі күні облыста 390 отбасы немесе 668 адам қандас мәртебесін алды. Олардың ішінде 474 адам Қытайдан, 91-і Моңғолиядан, 44-і Түрікменстаннан, 43-і Өзбекстаннан, 16-ы Ресейден келген азаматтар. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 97 отбасы немесе 270 адам енгізілді, – деді жиында басқарма басшысы Шолпан Рахматуллина.

Шарада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні 239 қандасқа жалпы сомасы 65,8 миллион теңгені құрайтын көшуге арналған субсидия төленіпті. Сонымен бірге, 17 отбасына тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге төлем бойынша 4,7 миллион теңге өтемақы төленген. 59 отбасы еңбек мобильділігі сертификаттарының есебінен 230 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алған.

2025 жылы қандастарды қоныстандыруға арналған елді мекендер тізімі бекітілген. Оған 10 аудан орталығы мен 69 елді мекен кіріпті. Қазіргі уақытта 2026 жылға арналған тізімді қалыстастыру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерді тізімге енгізудің негізгі шарты онда жұмыс орындары, тұрғын үй, мектеп пен медициналық мекеме болуы тиіс.

Шарада «Аңсап» жеке қорының төрағасы Дахан Шөкшір атамекенге қоныс аударып жатқан қандастардың мәселесін шешуге арналған Ашық есік күнін ұйымдастыру жайына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, қашықтықтан зум қосымшасы арқылы байланысқан аудандық мансап орталықтарына ауылдарда да қандастарды дұрыс қарсы алып, жағдайларын жасауға тиісті көңіл бөлу керектігін ескертті.

– Бүгінгі бастамаларыңыз оңынан болып, алдағы уақытта барлығымыз бірлесіп, қандастардың шешілмей жатқан мәселелерін шешуге тырысайық. Қандастардың мұндай әлеуметтік мәселелері сонау көші-қон дүрмегі басталған 1992 жылдардан бері бар. Уақыт өте барлығы рет-ретімен ептеп шешіліп келеді. Қазіргі уақытта қандастарды қабылдау жөніндегі Көші-қон заңы өзгертіліп, соның негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Ал, өңірлік квоталар бойынша бекітілген тізімге сай елді мекендерге қандас мәртебесін алғысы келетін этникалық қазақтар бармай жатыр. Ондағы басты себеп – ол елді мекендерге бір-екі отбасыдан жіберіледі. Қандастарды тобымен, туыстарымен бірге бір жерге орналастыру жағын қарастыру керек. Бір-екі кісі немесе отбасы барғанымен, танымайтын жерге сіңісе алмай, көшіп кетіп жататыны сондықтан. Екінші мәселе – жер мәселесі. Қандастарға жер қарастыру қажет. Азаматтық алғанша жалға берілсе, кейін Қазақстанның азаматы ретінде ісін дөңгелете береді. Жалпы қандастарға елге келгенде екі-ақ нәрсе керек. Бірі – баспана, екіншісі – жер. Жер болса кәсібін ашып, малын бағып, егінін егіп, қалай да күнін көреді, – деді бұл орайда «Нұрлы көш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұғанбай Жырғау.  Сонымен бірге, ол қандастардың құжаттарын тіркеу, ретке келтіру жағынан да көмек-қолдау керектігін, зейнетке шығудағы мәселелерін шешуге көмектесу жағын айтты.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің маманы Назипа Сәлінгерейева:

– Біздің департамент жасына байланысты зейнетақы және жәрдемақы тағайындаумен айналысады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері және базалық зейнетақы төлемі әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстанға, яғни, тарихи Отанына тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың шығу мемлекетіндегі еңбек қызметі зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады. Қазақстаннан тыс жерлерде берілген құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жария етуге жатады. Ресми құжаттар зейнетақы тағайындау кезінде апостильден өткізілуі керек, – деді.

Жиын барысында Қытайдан келген қандастардың кирилл әріптерімен жазып, оқып үйренуі үшін қандай жұмыстар ұйымдастырылатыны сұралды. Оны басқарма басшысы алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде шешетіндеріне сөз берді. Қандастар мәселесімен айналысатын астаналық заңгер Досымбек Мұрат қандас мәртебесін алғанмен, көп мәселе шешіле бермейтіндігін тілге тиек етіп, сырт елдерден келген этникалық қазақтарға зейнетақы тағайындау, туу туралы куәлік беруде Қазақстан мен Моңғолия арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Жиын барысында Қосшы қаласынан хабарласқан қандастардың балаларын балабақшаға орналастыру және мектепке жеткізу мәселелері оң шешімін тапты. Бұланды ауданында мал шаруашылығын дамыту, ал, Бурабай ауданында күнбағыс өсіру үшін жер телімдері бөлінді.

Елімізге ата жұртын аңсап жеткен қандастар үшін жағдай жасалуда. Дегенмен, олқылықтар да бар. Оны бүгінгі шара да көрсетті. Мұндай Ашық есік күндері шеттен келген ағайынға өздерінің шешімін күткен мәселелерінің түйінін тарқатып алуларына зор мүмкіндік. Ендеше, ендігі арада әр айдың 6-сы немесе ол күн демалыс күндеріне сәйкес келген жайдайға одан кейінгі жұмыс күні осындай Ашық есік тұрақты өткізіліп тұратынын тағы бір еске саламыз. Көп сөзден де өте бір дұрыс қарастырылған шара бұл!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар