Ауыр саланың күрмеулі мәселелері шешіліп келеді

Жолдауға – қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің тұрақты дамуының негізгі факторы тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында тарифтерді тұрақтандыру, энергетика және коммуналдық саланы басқарудың жаңа моделін енгізу, сондай-ақ, барлық өңірлердегі «ақылды қалалар» тұжырымдамасын масштабтау қажеттігіне ерекше назар аударды. Инфрақұрылымдық жобаларды ашық етуге және азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретін цифрландыру саласы да маңызды құрал болуға тиіс. Бұл ретте, Президент тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды ұқыпты тұтынуды ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық нормаларды енгізу қажеттігін ескертіп, коммуналдық қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру үшін белсенді іс-қимылдарды жүргізуді тапсырды.

Бұл ретте, Ақмола облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Басқарма өз құзыреті шегінде облыс аумағында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік саясат жүргізеді. Аймақ халқын таза ауыз сумен, жылумен, электр және газбен үздіксіз қамтамасыз ету басқарманың басты мақсаты болып табылады.

Биылғы жылы басқарманың нақтыланған бюджеті 94 миллиард теңгені құрады. Оның  20 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 12 миллиард теңгесі арнайы мемлекеттік қордан, 58 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен,  ал, 3,9 миллиард теңгесі Үкімет резервінен бөлінді.

Президент өз Жолдауында елімізде су инфрақұрылымының ондаған жылдар бойы тиісті деңгейде дамымағанын, бұл салада жүйелі проблемалар бар екенін атап өткен болатын. Сумен жабдықтау, суды пайдалану мәдениетін қалыптастыру, ауылдық жерлердегі су жүйелерін жаңарту және сапалы қызметті қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес, облыста халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 36 миллиард теңге қарастырылып,  бұл қаражат 43 нысанның құрылысына, 44 нысанды жаңартуға, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге және су көздерін іздестіру-бұрғылау жұмыстарына бағытталды. Бүгінде облыста қалалардағы сумен қамту деңгейі 99 пайызға, ауылды жерлерде  96,6 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларындағы жобалар толық аяқталып, қала халқының 100 пайызы таза сумен қамтылады деп күтілуде.

Байқап отырсаңыздар, ауылдық жерлерде де оң өзгерістер бар. Биыл 36 ауылда су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде алты ауылда жұмыс толық аяқталды. Бұл жобалар толық аяқталған соң осы нысандар арқылы төрт мыңға жуық тұрғын таза суға қол жеткізеді деп күтілуде.  Сонымен қатар, халқы 200 адамнан аз елді мекендерде де 40 блок-модульдік су тазарту қондырғысы орнатылды. Бұл өз кезегінде алты мыңнан астам ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биыл Көкшетауда 30 тамызда құны 7 миллиард теңге болатын жаңа су тазарту станциясы іске қосылды.  Соның арқасында бүгінде облыс орталығының тұрғындары толыққанды таза ауыз су ішіп отыр.

Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында жылу жүйелерін жаңғырту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындау мақсатында биыл облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жылыту маусымын сәтті бастадық. Жалпы, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы дайындығына 43 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа облыстағы тозығы жетіп тұрған қазандықтар жаңартылып, жылу желілері жөндеуден өтті, энергия ресурстары сатып алынды. Жыл аяғына дейін Көкшетау қаласы іргесінде күл полигоны, Ақкөл мен Ерейментауда  автоматтандырылған басқару жүйелері бар жаңа қазандық пен резервтік желі сияқты ірі жобалар іске қосылады. Бұл жобалар аяқталған соң, сегіз мың абонентті сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Осы уақытқа дейін облыс бойынша барлығы 59 қазандық жаңартылып, 9,7 шақырым жылу желілері жөнделді. Нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 39 пайыздан 37 пайызға төмендеді.

Мемлекет басшысы электр жүйелерін жаңғырту және қуат көздерін арттыру мәселесі туралы да Жолдауда айтып өтті. Себебі қазіргі таңда еліміздегі кеңестік кезде салынған электр желілерінің тозығы жетіп, жарамдылық мерзімі өтіп бара жатыр. Сол себепті Президент алдағы бес жылда 14 ГВт-қа дейін жаңа энергия көздерін іске қосу мен 10 энергоблок және 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма берді.

Бұл ретте, облысымызда да электр  энергиясын жандандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы аймақта «Қоянды Оңтүстік» және «Боровская» тәрізді екі ірі қосалқы станция іске қосылды. Бұл 30 мыңнан астам тұрғын мен 3 мың абонентті үздіксіз электр қуатымен қамтуға мүмкіндік берді. Жалпы,  облысымызда электр қуатымен жабдықтау сапасын жақсартуға 3,7 миллиард теңге қарастырылған, оның 2,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 1,3 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Алдағы уақытта Целиноград ауданының Қараөткел, Қоянды, Қаражар және Ақмол ауылдарында  жаңа электр желілері салынады. Бұл жаңа желілердің жалпы ұзындығы 240 шақырымнан асатын болады.

Сонымен қатар, Аршалы ауданының Қостомар ауылында ұзындығы 72 шақырымдық электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Жоба құны  2,3 миллиард теңге, оның аяқталуы келесі жылға жоспарланған. Бұл жобалардың нәтижесінде шамамен 9 мың абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жеке трансформаторлық қосалқы станцияларға тәуелділік жойылып, тұтынушылар үшін тариф 40 теңгеден 28 теңгеге дейін төмендейді.

Сондай-ақ, аймақта көше жарығын орнату жұмыстары да назардан тыс қалған кезі жоқ. Биыл бұл мақсатқа 400 миллион теңге бөлініп, Астрахан, Бурабай, Есіл және Ерейментау аудандарында жеті жоба іске асырылуда.  Бурабай ауданының Наурызбай батыр және Атамекен ауылдарында жаңа жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.

Бүгінде  электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту және көше жарығы жүйесін дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып отыр. Жоспарланған жобалардың аяқталуы инфрақұрылым сапасын айтарлықтай арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайтынына сенім мол.

Сонымен қатар, аймақта газдандыру жұмыстары да жыл санап қарқын алып келеді. Әсіресе, Астана маңындағы елді мекендер «Сарыарқа» жобасының жемісін көре бастады. Жыл басынан бері Нұрлы, Шұбар және Аққайың ауылдарында 209 шақырым газ желісі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Қосшы қаласында ұзындығы 192 шақырым болатын жаңа желі салынып, 30 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда 178 мың адамды қамтитын 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекен газға қосылып, нәтижесінде 55 мың тұрғынның тұрмыс сапасы арта түспек.

Президент өз Жолдауында коммуналдық қызметтерді сапалы ету және тариф саясаты туралы айта кетіп, тарифтерді инвестицияға айналдыру мен басқару модельдерін қайта қарау қажеттігін еске салды.  Сол арқылы Үкіметке халыққа көрсетілетін қызметтерді ашық әрі сапалы етудің тетіктерін айқындай түсуді тапсырды. Бұл ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, алдағы уақытта Ақмола облысында да коммуналдық қызметті цифрландыру жұмыстары жүйелі қолға алынатын болады. Жақында өңір тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты төлемдер жүргізудің қолжетімді әрі ыңғайлы бағдарламалары  таныстырылды. Аймақ тұрғындарына ақылды есептеу құрылғыларын орнату және жаңа бірыңғай түбіртек жүйесін пайдаланудың тиімділігін түсіндіріп жатырмыз. Жаңа мемлекеттік бағдарлама Smart Turmys платформасы туралы да жан-жақты айтылуда. Бұл  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық контуры, ол су, жарық, жылу, газ, қалдықтарды шығару және басқа да қызметтер бойынша барлық деректерді біріктіру үшін арнайы жасалған цифрлық бағдарлама. Егер тұрғындар бұл ақылды құрылғыны пайдаланса, өзінің нақты тұтынған шығынын ғана төлеуге мүмкіндік алады.

Сөзімнің соңында, басқарма тарапы әрі қарай да облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстарды атқара беретінін жеткізгім келеді. Біздің мақсатымыз  әрбір тұрғынды таза сумен, жылумен, жарықпен және газбен қамтамасыз ету. Бұл – жай ғана инфрақұрылым емес, бұл халықтың өмір сапасы мен өңірдің тұрақты дамуының кепілі дер едім. Демек, әрі қарай да осы мерейлі межеге ұмтыла түсеміз.

Бақтыбек ЖАПАЕВ,
Ақмола облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар