Жағымды жаңалық
Көктемгі су тасқынынан кейін Бұланды ауданының Вознесенка ауылында қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесі көтерілген болатын.
Себебі, бұрынғы көпір апатты жағдайда болып, тұрғындардың жүріп-тұруына едәуір қиындық тудырды. Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап берген жергілікті билік өкілдері бүгінде жаңа автокөлік көпірінің құрылысын толық аяқтады. Енді бұл көпір Вознесенка мен Тастөбек ауылдарын байланыстырып, 1300-ден астам тұрғынға жүріп-тұру жеңіл соғып отыр.
Құрылысқа Бұланды ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тапсырыс берген. Жоба Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылды, ал, мердігер компания – «Жылу-XXI» серіктестігі.
Жобаны іске асыру барысында ескі көпір толық бұзылып, оның орнына жаңа іргетас құйылып, қадалар қағылды, 40 темірбетон арқалығы орнатылып, жол жабыны мен қоршаулар салынды.
– Бұл көпір 2014 жылы апатты деп танылған еді. Сол кезден бері тұрғындар оның қайта салынуын асыға күтті. Құрылыс 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында басталып, биыл пайдалануға берілді. Енді тұрғындар аудан орталығына еш қиындықсыз қатынай алады, – деді Вознесенка ауылдық округінің әкімі Юлия Серегкина.
Бұған дейін ауыл тұрғындары айналма жолмен қатынауға мәжбүр болатын, мұның өзі жолға кететін уақытты едәуір ұзартатын. Қазір тұрғындар жаңа көпірді күн сайын пайдаланып жүр. Ол кең, қауіпсіз әрі екі жолақты қозғалысқа арналған.
– Мен бұл ауылда көп жылдан бері тұрамын. Бұрынғы көпір ескі әрі қауіпті еді, құлап кетпей ме деп қорқатынбыз. Қазір бәрі өзгерді, жаңа көпір тегіс, берік және кең. Басшыларға ауылдарға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқаны үшін алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны Валентина Достовалова.
Еске сала кетсек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданына жұмыс сапарының бірінде Вознесенка ауылындағы көпірдің құрылысын аяқтап, елді мекенді абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, өңір басшысы сол жолы гидротехникалық нысандардың жай-күйіне де назар аударған еді.
Қысқа мерзім ішінде әкімнің бұл тапсырмасы орындалды. Жаңа көпір көктемгі су тасқыны кезінде де тұрғындардың қауіпсіздігін және сенімді қатынасын ықтимал қамтамасыз ететін маңызды нысанға айналды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.
![]()

