Ұлдарымыз топ жарды, қыздарымыз жүлдегер атанды

Спартакиада

Назарбаев зияткерлік мектептері арасында волейболдан өтетін дәстүрлі аймақтық спартакиада биыл Көкшетау қаласында ұйымдастырылды.

Спартакиадаға сайланып келген жас өрендердің ұлдар мен қыздар командалары ойын алаңында өз дайындықтарын, бірлігі мен жеңіске деген ұмтылыстарын барынша көрсете алды. Жарысқа Көкшетау, Петропавл, Астана, Астана-Нұра және «International Steppe School of Astana» командалары қатысты. Тартысты өткен спартакиада нәтижесінде көкшетаулық мектептің қос командасы жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Нақты айтқанда, ұлдар командасы қарсыластарына  дес бермей, барлық кездесулерінде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Осы жеңістерінің нәтижесінде олар жарыстың қысқы каникул кезінде Шымкент қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алды. Олай болса, осы жарыста көзге түскен Мерей Әметхан, Ернар Тілеуғабыл, Вадим Мрачковский, Мейіржан Жапбасов, Артур Пяскорский, Абылайхан Кәдірбай, Алдияр Қадыр және Тамерлан Акбар есімді жас волейболшыларымыз бен жаттықтырушы Жасұлан Махметовке сәттілік тілейміз.

Қыздар командасы да тартысты додада барын салды. Алайда, «бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, қарсыластарына сәл есе жіберіп, үшінші орын тұғырынан көрінді. Команда құрамында өнер көрсеткен Майра Сағадат, Жаннұр Хайрат, Жаннұр Мұғжанова, Кәмшат Қосар, Зейнеп Мусина, Аяулым Ұланова, Акерке Ержанатқызы, Айлана Мантаева секілді  волейболшы қыздарымыздың алар асулары әлі де алда деп ойлаймыз.

Бұл аймақтық спартакиада Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өзара достық байланысты арттырып, қарым-қатынасты нығайтатын жарқын спорт мерекесі болды десек артық емес. Жарысқа қатысушылар өз шеберліктері мен жеңіске деген құштарлықтарын көрсетіп, араларында спортпен, соның ішінде спорттың волейбол сияқты түрімен достасқан қазақ ұл-қыздарының көбейіп келе жатқандығына көзімізді жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар