Батыр есімі мектебіміз бен жүрегімізде

15 ҚАРАША – КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ, ДАҢҚТЫ ЖЕРЛЕСІМІЗ МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ТУҒАНЫНА – 110 ЖЫЛ

Мектеп – деген білім кені, бар ғылымның ең үлкені. Бүгінде Көкшетау қаласында жас ұрпаққа білім нәрін құйып, көкірек көзін ашып жатқан 20-дан астам білім ордасы бар. Солардың ішінде оқ бойы озып тұратын, алмағайып кезеңдерде қазақ балаларының лайықты білім алуына жол ашып берген, ана тілінде оқытатын ұлттық мектептің бірі – Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы. Біз батыр ағамыздың атын ұстаған өз алтын ұя  білім ордамызбен қашанда мақтанамыз.

Мектеп – үлкен өмірге деген алғашқы қадам. Көптің есіне ыстық сағыныш пен жылы естелік ұялататын да осы білім мекені. Қаламызда бүгінде М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы аталатын, тарихы ғасырдан асатын білім ошағы бар. Бұрын облыс орталығындағы ата-аналардың басым көпшілігі балаларын осы білім ордасына беруге ұмтылатын мектепте бұл күнде бір мыңнан астам оқушы білімнің кәусар бұлағымен сусындатуда. Ізгіліктің ордасына айналған іргелі оқу ошағының тарихына көз салсақ, іргетасы 1919 жылы төрт жылдық мектеп болып қаланған. Алғашқы директоры Нұрмұхамет Көшімұлы. Білім шаңырағы 1935 жылы жалпы білім беретін мектепке айналды, кейін орта мектеп болды. 1959 жылы 11 жылдық политехникалық мектеп болып өзгертіліп, жанынан 100 орындық пансион ашылды. Онда тұрмыстық және әлеуметтік жағдайларына қарай, ауыл балалары 5 сыныптан бастап қазақ тілінде білім алды. 1973 жылы 23 мамырда №3 жалпы білім беретін мектепке Кеңес Одағының Батыры, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. 1988 жылы біраз жылдар аралығында орыс мектебі болып келген білім ұясы ата-аналардың және қаланың зиялы қауым өкілдерінің табанды әрекеттерімен қайтадан ұлттық мектепке ауыстырылды. Осы ретте, әр жылдары мектеп басшылары қатарында  болып, білім ошағының дамуына аса зор үлес қосқан М.Ыбыраев, Ж.Нұралин, Ғ.Әбішева, Г.Күшпаева, А.Балташева, Р.Әбілхамитова секілді ұстаздардың есімдерін ерекше атап кеткен жөн.

Өткені – шежіре, бүгіні – өнеге дерлік іргелі білім ордасында еліміздің біртуар тұлғалары да білім алды. Атап айтар болсақ, Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин, Ұлы Отан соғысының от-жалынында шыңдалған партизан ақын Жұмағали Саин, қоғам қайраткері, редактор, 1937 жылдың жазықсыз құрбаны болып кеткен Зарап Темірбеков, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов, математик ғалым Мыңбай Ысқақов, соғыс ардагері, партия қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов, «Боздақтар» кітабының авторы, тағы бір соғыс ардагері Жанайдар Рамазанов, соғыс жылдарында үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Иван Кожедубтың авиатехнигі болып қызмет атқарған Мәдина Ысқақова, тыңға алғаш түрен салғандардың бірі Әнуарбек Мұратбеков, атақты дәрігер-онколог Өмірбек Бәйкенов, белгілі саясаткер Қабыл-Фазыл Қажыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы-драматург Төлеген Қажыбай, геолог-ғалым Айтқажы Қазыбеков, ақын-журналист Қорғанбек Аманжолов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Аманжол Есмағұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы Мәжіліс депутаты, актер Нұрлан Әлімжанов және тағы басқа еліміздің өркендеуіне зор үлестерін қосқан және қосып жүрген айтулы азаматтар осы мектептің түлектері.

Соңғы жылдары ұлттық мектептің пән кабинеттері заман талабына сай озық құрал-жабдықтармен жабдықталып, біршама жаңару үстінде. Биылғы оқу жылының өзінде физика, информатика, химия кабинеттері күрделі жөндеулерден өтіп, заманауи құрылғылармен толықты.

Білім ордасында өрендердің сапалы білім алуы үшін 94 мұғалім аянбай еңбек етуде. «Білікті ұстаз – білімді ұстаз» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Олардың басым бөлігі білім саласындағы үздік жетістігімен танылғандар. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімдері М.Досмағанбетова мен Ж.Құлажанова әр жылдары ұйымдастырылған «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауының жүлдегерлері болса, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі  Г.Шапенова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Уәлиева «Педагогтік адал еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Оқу ісінің меңгерушілері Г.Оразова, Г.Әуесханова  республикалық «Білім беру ұйымы  басшысының үздік орынбасары» атты сайыста өз биіктерін бағындырып, тәжірибелері көпке үлгі етілген. Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Сәрсенбекова республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауында жүлделі екінші орынды иеленсе, Көкшетау қаласы бойынша «STEM олимпиада – Білім берудегі инновациялар» атты сайыста мектебіміздің мұғалімдер командасы да осы екінші орыннан көрінді.

Сондай-ақ, шәкірттеріміз де қалалық, облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары қатарынан көрініп, білім ошағының абырой-беделін одан сайын асқақтатып келеді. Былтырғы оқу жылында «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері атанған Нұрлан Нұржан қалалық және облыстық президенттік олимпиадасында жүлделі 1-орынға ие болды, Базарбай  Нұрдәулет те қалалық, облыстық президенттік олимпиададан 1-орын алды. Биылғы жаңа оқу жылында 11-сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Ибрагим Әділ президенттік олимпиаданың қалалық кезеңінен жүлделі 1-орын, облыстық олимпиаданың бірінші кезеңінен және бірінші орынды иеленіп, енді екінші кезеңнен де жүлдеге үміткер болып отыр.

Сонымен бірге, мектеп 2024-2026 жылдар аралығында Түркия мен Көкшетау қаласының бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім  беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын халықаралық «Бауырлас» жобасына енді. Ондағы мақсат – ынтымақтастық арқылы білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу, педагогтардың біліктілігін арттыру, заманауи STEM, STEAM, AR және VR технологияларын пайдалана отырып, оқытудың жаңа тәсілдерін жетілдіру. Қазан айында мектебіміздің бір топ мұғалімдері мен оқушылары тәжірибе алмасу мақсатында Түркияның Анталия қаласындағы ең үздік лицейіне барып қайтты.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы Әл-Фараби бабамыз бекер айтпаса керек. Қаншама уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе, ол – жас ұрпақ тәрбиесі. Мектеп оқушыларына жан-жақты білім берумен қатар, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда мектеп пен отбасы ынтымақтастығына баса мән берудеміз. Биылғы оқу жылындағы тәрбие жұмыстары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның түпкі мақсаты – құндылықтар арқылы бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Тәрбие жұмысы төрттік одақ қағидаты бойынша жүзеге асырылып келеді. Мұнда ата-ана – бала – мектеп – мүдделі ұйымдар өзара байланыста және қарым-қатынаста бірлесе еңбек етеді.  Бұл бағыттағы жұмыста ата-аналар тек сырт көз емес, іс-шаралардың белсенді қатысушысы және ұйымдастырушысы ретінде маңызды рөл атқарады. Осы бағдарлама аясында мектепте «IQ дода» интеллектуалдық сайысы, Отбасы күніне арналған рухани-танымдық кездесулер, күнделікті адам өміріне қажеттіні үнемді тұтынуға тәрбиелеуге арналған акциялар, ұлттық ойындарды дәріптеу шаралары, сондай-ақ, «Бір күй тарихы» музыкалық жобасы және басқа да көптеген тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізіліп келеді.

Бұл жұмыстардың барлығы ата-ана, мектеп, оқушы және қоғам арасындағы бірлікті нығайтып, оқушыларды ұлттық құндылықтар мен заманауи өмір талабын ұштастыра білетін бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеуге бағытталған. Осы іс-шараларға мұрындық болып, тәрбие жұмысын жандандырып отырған оқу-тәрбие ісінің меңгерушілері А.Кенжина мен О.Тержанованың, оған қоса, сынып жетекшілерінің еңбектері орасан.

Бүгінгі таңда құндылықтар тек тәрбие бағытындағы іс-шараларда ғана емес, пән сабақтарына да кіріктіріліп, біртұтас рухани орта қалыптасуда. Осылайша, тәрбие мен білім – құстың қос қанаты іспетті қатар дамып, бірін-бірі толықтыруда.

Сөзімізді түйіндесек, 106 жылдық бай тарихы бар ұлттық іргелі мектептің болашаққа деген бағыт-бағдары айқын, мақсаты биік. Сондықтан да, мектеп ұстаздары Қазақстанның бүгіні мен кемел келешегіне өзінің салмақты үлесін қосатын шәкірт тәрбиелеп, елімізді алға жетелейтін дарынды да, талапты оқушыларды білім нәрімен сусындатуды ізденіспен жалғастыра бермек.

Ардақ АХМЕДЖАНОВА,
Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры.

Көкшетау қаласы.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар