2023 жылы бастау алған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы Ақмола облысында сәтті жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен табысын арттыру. Бұл бастама облыстың барлық 17 ауданын қамтыды.
Игі жоба «AMANAT» партиясының белсенді қолдауымен іске асырылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттермен толық үндеседі. Игілікті жобаны Мемлекет басшысы ауылды дамыту мен азаматтардың табысын арттыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде атап өткен болатын. «Ауыл Аманаты» — осы тапсырмалардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Бағдарламаның арқасында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, отбасыларының тұрмысын жақсартуға нақты мүмкіндік алып отыр.
2023 жылы Ақмола облысында бөлінген 1,2 млрд теңге қаражат есебінен ауылдық жерлерде бизнес ашу мен кеңейту үшін 198 жеңілдетілген микрокредит берілді. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны құрылды.
2024 жылдың соңында бағдарлама аясында қосымша 1 млрд 848 млн теңге бөлініп, 308 микрокредит берілді. Бұл өз кезегінде 326 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда жалпы 2,7 млрд теңгеге бағаланған 307 өтінім қаралып жатыр. Оның ішінде 216 өтінімге Қарыз беру комитеті мақұлдау беріп, 1 млрд 848 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Осыған орай 288 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ең бастысы – бұл құрғақ сандар ғана емес, оның артында нақты адамдардың өмірі мен тағдыры жатыр. Мәселен, 2023 жылы Бурабай ауданына қарасты Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеке кәсібін кеңейтті. 2023 жылы кәсіпкер 9 млн 800 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, осы қаражатқа ірімшік өндіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде кәсіпорында француз және итальян технологиялары бойынша ұзақ мерзімде жетілетін ірімшіктер өндіріледі.
«2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, ірімшік өңдеу жабдығын сатып алдық. Жолдасым екеуміз жыл сайын Еуропа мен Ресейдің ірімшік жасау мектептерінде білім алып, біліктілігімізді арттырамыз. 2023 жылы Cheese Open 2024 байқауында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алдық. Сонымен қатар Mondial Fromage халықаралық байқауында 2 қола медаль иелендік. 2024 жылдан бастап біз халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының құрметті мүшесіміз», — дейді кәсіпорын жетекшісі Руслан Соколов.
Бурабай ауданынан шыққан Алена мен Руслан Соколовтардың отбасылық кәсібі бүгінде облыс шекарасынан асып, бүкіл Қазақстанға танымал. Вакуумды қаптамадағы табиғи ірімшіктерді еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар қуана сатып алады. Бұл табыс жолы 2018 жылы Руслан алғаш рет ірімшік қайнатып көрген сәттен басталды. Бүгінде олардың ірімшік өңдеу цехы бір ауысымда шамамен 1000 литр сүтті өңдейді. Дайын өнімнің бағасы килограмына 7 500 теңгеден басталады, ең қымбат ірімшік — ешкі сүтінен жасалған түрі болып есептеледі. Қазір Соколовтар отбасы 40 түрлі ірімшік өндіреді, бұл іске балалары да қолғабыс етіп жүр. Дайын өнімдерін еліміздің әр өңіріне жеткізіп, табысты кәсіп жүргізуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының тағы бір табысты жобасы — Бурабай ауданынан шыққан Жазира Әміренова. Үш жыл қатарынан өтінім беріп тек биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8 млн 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл соммаға Жазира 16 бас ірі қара мал сатып алып, бүгінде жеке шаруа қожалығын табысты дамытып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына жай ғана кәсіп бастауға емес, өз отбасын жұмыспен қамтып, сондай ақ тұтас ауылға шапағатын тигізер игілікті бағдарлама», – дейді Жазира Әміренова.
Жалпы, 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Бурабай ауданы бойынша 12 ауыл тұрғыны 113 млн 947 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін сәтті жүзеге асыруда.
Олардың барлығы да өздерінің бизнес-жобаларын түрлі бағыттарда, атап айтқанда мал шаруашылығы, егістік шаруашылығы, бал арасы шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да салаларда сәтті жүзеге асырып жатыр.
Бағдарлама жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, ауыл экономикасын нығайтып, жергілікті жерлердегі өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қосуда.
![]()

