Ерен еңбекті Диас

Күні кеше жас комбайншы Диас Біләлов та ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Биыл көктен иіп, жерден беріп, өңір диқандары мол табысқа кенелді. Ырыздық жорығына қатысқан жігерлі жастар да аз емес. Соның бірі – Диас. Ол орақ науқаны кезінде 1830 гектар алқаптың егінін орып, 4920 тонна астық бастырды.

Ел игілігін еселеуге елеулі үлес қосқан Диас Әбжанұлы «Фирма Алмаз-Агро» серіктестігінде үшінші жыл еңбек етеді. Орта арнаулы білімі бар. Көптеген ауыл балалары тәрізді техникаға деген құмарлығы ерте пайда болған. Алдыңғы толқын ағаларының жан аямай жұмыс істеп жүргенін көріп, өзі де нақ солардай болуға тырысқан. Асылында алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор адамдардың іс-қимылы кейінгі толқынға әдемі өнеге.

– Бізде озат жұмысшылар өте көп. Олар өздеріне тапсырылған кез-келген шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындайды және механизаторлардың көпшілігі техниканың кез-келген түрін тізгіндеп, жұмыс істей береді, – дейді Диас Әбжанұлы, – ал, комбайнда істеу қызық әрі қастерлі. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, күзгі дала, масақтағы дәнін әзер көтеріп тұрған егін алқабы. Сәл ғана жел көтерілсе, теңіздей толқиды. Ырыс тұнған, мол дәулетке бөккен жомарт жер. Егер егістік алқабында бір тал арамшөп болмаса, тоқтамай шаба бергің келеді. Қазіргі біздің көрсеткіштерімізге аға толқынның сәл таңырқап қарайтыны бар. Оның сыры белгілі. Жаңа заманғы қуатты техникалардың еңбек өнімділігі өте жоғары.

Жаңатұрмыс ауылының маңы қарбаласы көп қоңыр күзде еңбек жырын шертіп тұрады. Дархан даланы адам көңілін елегізетін еңбек әуені тербеткен кезде сол жорыққа қатысқан ерлердің де еңсесі көтеріле түседі.

–Ұжым өте ұйымшыл. Әр сәті шешуші шаққа айналған көктемгі егіс, күзгі егін орағы кезінде уақытпен санаспай еңбек етеміз, – дейді жас комбайншы, – мынау сенің, мынау менің жұмысым деу жоқ, бәрі ортақ. Серіктестік еңбек етуімізге жақсы жағдай жасауда. Еңбекақымыз толымды, уақытында қолымызға тиеді.

Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің ел ішінде абыройға бөленуі адал еңбегінің арқасында деуіміз керек. Алда қаншама ғұмыр бар. Сол жолда қос қолытығынан көтеріп демейтін, алға ұмтылдыратын құдірет – өзінің бойындағы адал еңбекке деген ұмтылысы.

Байқал БАЙƏДІЛОВ.

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар