Ел қорғаны болу – зор жауапкершілік пен міндет

Жолдауға қолдау

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын халыққа мемлекеттік саясаттың түйінді бағдарлары, стратегиялық басымдықтары мен таяу болашақтағы нақты міндеттерді айқындайтын Жолдауын жолдайды. Бұл – елдің даму бағытын анықтайтын және еліміздің барлық азаматтарының игі іс-әрекеттеріне ұйытқы болатын маңызды саяси оқиға.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының басым бағыттарын, соның ішінде ұлттық қауіпсіздікті нығайтуды, қорғаныс жүйесін жетілдіруді, экономиканы жаңғыртуды және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруды да атап өтті. Президенттің қорғаныс қабілеті мен Қарулы Күштерді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударуы біз, әскерилер үшін ерекше маңызға ие. Әскер әрқашан Тәуелсіздіктің тірегі, Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі болған және солай болып қала бермек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әр Жолдауында әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын, тәртібін және кәсіби даярлығын арттыру қажеттігін атап өтеді, бұл біздің бөлімнің де алдында тұрған міндеттермен толық сәйкес келеді, біз осы Жолдауға қарай сап түзейміз.

Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімі негізінен, түзеу мекемелерін күзету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету секілді бірнеше жауынгерлік тапсырмаларды жоғары жауапкершілікпен орындап келеді. Бөлімнің биылғы жылдың атап өтетін жаңалықтарының бірі – ағымдағы жылдың қазан айында әскери бөлім аумағында сарбаздар үшін казармалық үй-жайдың ашылып, пайдалануға берілгені. Аталмыш казарма барлық стандарттарға сай, заманауи үлгіде салынған біздің бөлімнің басты бір тұрақжайы.

5510 әскери бөлімінің жеке құрамы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын толық құрамда тыңдап, ә дегеннен Президентіміз көтерген мәселелерді жауынгерлік қызметтік атқаруда кеңінен қолдануды алдына зор мақсат етіп қойды. Өз кезегінде бөлім басшылығы мен жеке құрамы ел Президентінің бастамалары мен стратегиялық бағытына толық қолдау көрсетеді. Оған дәлел, жоғарыда атап өткенімдей, бөлім аумағында, яғни, казармада орнатылған ақылды интерактивті тақтаның көмегімен сарбаздар демалыс күндерінде ата-аналарымен видеобайланыс арқылы сөйлеседі. Біз бұл жобаны әскер мен отбасының арасындағы телекөпір деп атадық. Сонымен қатар, әр ротаға қойылған бейнебақылау құрылғылары сарбаздардың арасындағы жарғылық қарым-қатынастардың, тәртіптің сақталуына мүмкіндік береді.

Әскерге келген сарбаздар ең алдымен бір айлық оқу пункті кезінде әскердегі негізгі оқу пәндерін меңгеріп, ату дайындығы, саптық дайындық және тактикалық дайындықтарда шыңдалады. Осы бір айлық оқу курстан өткенсарбаздар негізгі жауынгерлік қызмет қағидаларын әрі қарай үйреніп, артынша тікелей жауынгерлік қызметке өз беттерімен араласады. Әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасы сарбаздарды жауынгерлік қызметті жемісті орындауларына үйрету және оқытуға қолайлы жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.  Бөлім аумағы және әскери ату алаңдары оқыту базаларымен толық жабдықталған.

Елдің болашағы жастар болса, сарбаздардың абыроймен Отан қорғап, борышын өтеп болғаннан кейін өздері армандаған жоғары оқу орнына түсіп, білім алуы, мамандық иесі атануы әскерилерді де толғандырады. Бұл орайда, мемлекеттің қолдауымен «Срочник 2.0» бағдарламасы 10 жыл бойы жұмыс істеп, тиісті нәтижесін беріп келеді. Атап айтқанда, жауынгерлік дайындық бөлімі қорытынды тексеріс нәтижесімен жауынгерлік дайындығы жоғары деп танылған сарбаздарға жоғары оқу орындарына тегін түсетін сертификат табыстайды. Бұдан бөлек, әскери билетін қолына алған сарбаздар Ішкі істер органдарына жұмысқа тұрады.

Ерекше атап өткім келетіні, әскер қатарына шақырылған сарбазды біз ең алдымен, өз елінің патриоты болуға тәрбиелейміз. «Отан қорғау –оның әр азаматының қасиетті парызы және міндеті» екендігі Конституциямыздың 36-бабында айтылған. Ал, әр сарбаздың борышын адал атқаруы үшін әртүрлі бағыт бойынша сұхбаттар мен әңгімелесулер жүргізіледі. Әсіресе, тәрбие бағытына басаназар аударылады. Себебі, әскер атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби атамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген ойлы сөзінен құралған қағидаға сүйенеді. Осыған байланысты сарбаздардан бастап, сардарларға дейінгі жеке құрам әрдайым отансүйгіштікке, әскери антына адалдық танытуға бағытталып, жоспарлы жұмыстар жүйелі атқарылып отырады.

Әскери бөлім жыл сайын Ұлттық ұлан академиясының жас түлектерімен және әскери бөлім мамандарымен толығып отыратыны тағы бір тағылымды дәстүр. Офицерлеріміздің арасында кадр жеткілікті және білікті мамандар көп. Әркез келісім-шарт бойынша бөлімде қызмет еткісі келетін азаматтарға, яғни, болашақтарын әскери өмірмен байланыстырғысы келетін сарбаздарға үнемі қолдау көрсетіліп, олар қызметке тұрғаннан кейін де толық бағыт-бағдар беріледі. Жоғары білімі болған жағдайда білікті мамандар офицерлік лауазымдарға тағайындалып, лейтенант әскери шені беріліп, кейін адал қызметіне қарай мансаптары өседі. Бұл ретте, кейінгі кезде әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды естіп, әскери бөлімге қызметке орналасуға келуге ынта танытқан азаматтардың қатары көбейгені қуантарлық жағдай.

Күнделікті қызметінде жеке құрам әскери тәртіпті нығайтып, жауынгерлік және дене тәрбиесін жетілдіруге, ұжымның кәсібилігі мен ұйымшылдық деңгейін арттыруға бар күшін салуда. Сол секілді, жеке құрамның жоғары патриотизмі, антқа адалдығы және кез-келген қызметтікжауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығына, сарбаздарды аға ұрпақ өнегесімен тәрбиелеуге ерекше назар аударылып келеді.

Бөлімнің әскери қызметшілері әрқашан мемлекет тарапынан өздеріне жүктелген жоғары жауапкершілікті жете сезінеді және Отанымыздың берік қалқаны болу жөніндегі жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға дайын.

Ел Президенті Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру Қазақстанның қорғаныс қуаты мен халқымыздың әл-ауқатын одан әрі нығайту үшін берік негіз болатынына сенімдіміз. 5510 әскери бөлімінің қызметшілері Отан алдындағы қызметтерінде жауапкершілік, батылдық пен адалдық таныта отырып, өздеріне жүктелген абыройлы міндеттерді орындауға аянбастан лайықты үлестерін қоса береді.

Берік ҚОЖАХМЕТОВ,
5510 әскери бөлімінің командирі,
полковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар