Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасы 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғандардың ісін қарады.
Сөйтіп, Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы С.Т.Қаранағаев, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшылары Р.О.Орлов пен А.Ж.Серікбаевқа қатысты соттың айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Аталған қаражаттар 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген еді. Осы қаржыны талан-таражға салғандар ісі Ақмола облысы арнайы прокурорларымен тергелген болатын.
Ұрлықты ұйымдастырушы А.Ж. Серікбаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (талан-таражға салу) бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Мердігер ұйымның директоры Орлов Р.О. ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы (талан-таражға салу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкі тәркіленіп, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің бастығы С.Т.Қаранағаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатпайды.
Ақмола облыстық прокуратурасы мен Ақмола облыстық сотының материалдары бойынша дайындалды.
![]()

