АИТВ-мен өмір сүретін аналар: «диагноз үкім емес»

1 желтоқсан  Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні

Соңғы жылдары елімізде АИТВ-инфекциясының алдын алу және вируспен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету бағытында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Әсіресе, аналар мен сәбилердің денсаулығын қорғау саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлық.

Бүгінде медицина АИТВ диагнозының жүкті әйел үшін үкім емес екенін, дер кезінде дәрігерге жүгініп, ұсынылған емді қабылдаса, дені сау баланы өмірге әкелуге болатынын дәлелдеп отыр.

Ақмола облысында соңғы екі жылда жүктілік, босану немесе омырау сүті арқылы АИТВ жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеген. Бұл – медицина мамандарының үйлесімді еңбегінің айқын көрінісі. Мамандардың сөзінше, дәрігерлер жүкті әйелдерге 10–12 және 28–30 апталарда екі рет тест тапсыруды ұсынады. Мұны олар халықаралық стандарттарға сәйкес «серологиялық терезе» кезеңіне байланысты қабылданған тәжірибе деп түсіндіреді. Себебі, вирус жұққан жағдайда ағзадағы арнайы антиденелер бірден пайда болмайды, сондықтан, уақытылы тексерілу аса маңызды.

Инфекция анықталған сәттен бастап антиретровирустық терапия бірден тағайындалады. Бұл емдеу елімізде тегін жүргізіледі. Нәтижесінде вирус жүктемесі төмендеп, ананың да, дүниеге келетін сәбидің де денсаулығы қорғалады.

Ақмола облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығының мәліметінше, биылғы он айда өңірде АИТВ-ның 108 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш сәл төмендеген. Ал осы кезеңде АИТВ-мен өмір сүретін 6 жүкті әйел мамандар бақылауында болып, 17 әйел босанған. Дүниеге келген 9 сәбиге «Дені сау» диагнозы қойылған.

— АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерден туған балалар 18 ай бойы біздің орталық мамандарының тұрақты бақылауында болады. Жаңа туылған сәбиге міндетті түрде антиретровирустық суспензиямен профилактикалық ем жүргізіледі, тұрақты тестілеу жасалады. Барлық нәтижелер теріс болғанда ғана бала толық дені сау деп есептеліп, бақылаудан шығарылады, – дейді Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының инфекционист дәрігері Гүлбаршын Жақсылықова.

Маманның айтуынша, нәрестені омырау сүтімен емізуден бас тарту – инфекцияның алдын алу шарасы. Сонымен қатар, қазіргі таңда АИТВ-ға қатысты жалған түсініктерді жою мен қоғам тарапынан кемсітушілікті азайту да күрестің маңызды бөлігі болып отыр.

– АИТВ бүгінгі таңда бақылауға болатын инфекция. Ең маңыздысы — уақытында тест тапсырып, ем қабылдау. Ал, қоғамда қолдау мен түсіністік арта берсе, біз бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз,- дейді маман.

Орталықта АИТВ-мен өмір сүретін жүкті әйелдерге инфекционист дәрігер, психолог және медбике қызмет көрсетеді. Медициналық көмекпен қатар, психологиялық және әлеуметтік қолдау да қарастырылған. Ересектерге жылына бір рет, ал, балаларға ай сайын жәрдемақы тағайындалады, мұның бәрі мемлекет есебінен тегін жүргізіледі.

«Диагноз өмірді тоқтатпайды»: Диананың оқиғасы

АИТВ-мен 14 жылдан бері өмір сүретін Диананың (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді) өмір жолы осы статустағы басқа әйелдерге үміт сыйлайды. Ол вирусты жұқтырғанын жұмысқа орналасу кезінде тапсырған талдау нәтижесінен білген. Алғаш естігенде қорқыныш, алаңдаушылық, өз-өзін оқшаулау сезімдері оны ұзақ уақыт бойы мазалаған. Кейін шешім қабылдап, құрбысымен бірге басқа қалаға кетіп, баспана жалдап, жұмысқа тұрады. Бірақ, біраз жыл бойы өзіне қойылған диагнозды қабылдағысы келмей, терапиядан бас тартқан.

— Басында қатты уайымдадым, жыладым. Жақындарыма айтуға батылым жетпеді, олардың қалай қабылдайтындарынан қорықтым. Өмір жолымда қазіргі жарымды жолықтырдым. Ара-қатынасымыз үйленуге дейін барғанда оған статусымды айттым. Ол түсіністікпен қабылдап, махаббатымыз үшін бұл аурудың кедергі болмайтынын айтты, – деп еске алды Диана.

Тұрмыс құрғаннан кейін Диананы мазалаған «Балам вируспен туыла ма?» деген ой біраз уақыт бойы жүктілікті жоспарлауына кедергі болған. Терапия қабылдамағандықтан, денсаулығы күннен-күнге нашарлай бастағанын сезсе де, дәрігерлердің тез арада емді бастау қажеттігін айтқан кеңестеріне қарсы болады. Оның ойын әлеуметтік желідегі АИТВ-мен өмір сүріп, үш дені сау бала туған әйелдің оқиғасы ғана өзгерте алды.

– Осы ақпарат мені өзгеріске итермеледі. Дәрігерлердің үлкен қолдауының арқасында мен де дені сау баланы дүниеге әкелдім. Ана сүті арқылы берілуі мүмкін болғандықтан, баламды омыраумен тамақтандырмадым. Қазір өзімді басқа адамдардан еш айырмашылығы жоқ, дені сау адамдай сезінемін, – дейді ол.

Қазір Диана үшін ең үлкен жауапкершілік – күн сайын қабылдауы тиіс дәрілерді ұмытпау. Себебі, ол терапияны үзбей қабылдау қалыпты, ұзақ, әрі сапалы өмірдің кепілі екенін түсінді.

Түйіндей келе, АИТВ-инфекциясының алдын алу тек медицина мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін қайталап айтқымыз келеді. Уақытында тест тапсыру, дұрыс ақпараттану және вируспен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен қарау – жоғарыда дәлел ретінде келтірген дені сау ұрпақ пен қауіпсіз болашақтың кепілі. Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының бүгінгі тәжірибесі де дұрыс ұйымдастырылған ем мен қолдау арқылы АИТВ-мен өмір сүретін аналардың дені сау ұрпақты өмірге әкеле алатынын айғақтап берді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар