Агрофорум
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі және сала қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар, сонымен қатар, ал, жеті еңбеккерге КИА «Спортэйдж» автокөлігінің кілттерін табыс етті.
Ақмола өңірінің ырыздық-несібесін арттырып, берекесін тасытқан, құт қамбасын алтын дәнге толтырған Жер-Ананың кеңшілігіне біздің диқандар қауымы биылғы жиын-терін науқанынан кейін әбден риза. Бұлай дейтініміз, биылғы жыл аграршыларымыз үшін табысқа толы болды. Облыстың даңғайыр диқандары көктемде жерге сіңірген дәндерінен 7,6 миллион тонна астық жинап, ырыздық берекесі 16,3 центнерден айналды. Былтырғы рекордтық көрсеткіш биыл асыра орындалып, республикада ең үздік астықты аймақ атанды. Осылайша, Қазақстандағы астық өндірісінің көшбасшысы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Бұл ретте, Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына бөлінген 250 миллиард теңгенің мемлекеттік қолдауы сеп болғанын атап өткен жөн.
Облысәкімі алдымен «Көкшетау» мәдениет сарайының алдында ветеринария саласы қызметкерлеріне арналған автокөліктердің кілттерін табыс етті. Одан әрі аграршылармен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады.
Салтанатты шараға ойыссақ, биылғы мерекелік кешті тележүргізушілер, «Хабар» Агенттігінің бас продюсері Әния Байораз бен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Ардақ Қасымханов тізгіндеді. Тынымсыз қажырлы еңбектерін туған жерге арнаған ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған мерекелік кеште Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Олжас Бектеновтің облыс аграршыларын егін орағының табысты аяқталуымен құттықтаған хаты да оқылды.
– Мемлекеттік Әнұранымызға айналған Ж.Нәжімеденовтің «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы. Кең екен жер деген, Жерге дән шықты ғой,Дән егіп терлеген, Қазағым мықты ғой» дейтін өлең жолдарында халқымыздың тұтас тағдыры Жер-Анамен біте қайнасып, еңбектің дәмін қашанда қадір тұта білгенімізді айшықтап тұр десем, артық айтпас едім.Бұл мейрам өзінің күнделікті еңбегімен елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экономиканың дамуына елеулі үлес қосатын барша азаматты біріктіреді, – деп құттықтау сөзін бастаған облыс әкімі Марат Ахметжанов биылғы мерекенің ерекше маңызға ие екендігіне тоқталды.
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланып, соның шеңберінде облыста бірқатар айтулы шаруалардың басы қайырылғандығы белгілі.
– Мемлекет басшысының бұл шешімі өз қолымен елдің әл-ауқатын арттыратын еңбек адамының рөлі орасан зор екенін көрсетеді.Аграрлық сала үшін аса маңызды мамандар – қарапайым механизаторлар, мал өсірушілер, агрономдар мен өңдеушілер – агроөнеркәсіп кешенінің қозғаушы күші.Сіздердің адал еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің және туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіздің арқасында біз биыл да жоғары нәтижеге қол жеткіздік, –деді сөзінің арасында.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекетназарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін» деп атап өткен болатын. Сонымен бірге, Ақмола облысы екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан еліміздің аграрлық секторының көшбасшысы және «жүрегі» ретінде жоғары бағаға ие болды. Облыста бұл салада соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, саланы қолдау үшін қомақты қаражат бөлініп жатқанын көріп, біліп жүрміз.
Аймақ басшысының айтуынша, басты міндет – өңірдің әлеуетін және қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, барынша қайтарымды қамтамасыз ету. Мемлекет пен ауылшаруашылығы тауар өндірушілері бірігіп, ортақ мүдде үшін әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс.
Жыл басынан бері өңірде 1 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген, жыл соңына дейін жалпы өнім шығару 1,2 триллион теңгеге жетеді деп көзделуде. Сонымен қатар, жиналған астықтың сапасы да өте жақсы көрінеді. Жиналған өнімнің 70 пайыздан астамы үшінші сыныпқа жатқызылған. Қол жеткізілген нәтижелер агротехникалық іс-шараларды кешенді өткізудің, қолайлы ауа райының және әрине, фермерлердің қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отырғаны белгілі. Осы ретте, гектар берекесі 35-45 центнер аралығында шыққан Сандықтау ауданының «Максимовка», Зеренді ауданының «ҚазГрей», Атбасар ауданының «Таймас», Бұланды ауданының «Журавлевка-1», Біржан сал ауданының «Қазгер» серіктестіктерін атап өтуге болады. Сонымен бірге, Алексендр Закусилов басқаратын шаруашылықтың арнайы суармалы алқаптарынан ырыздық берекесі гектарына 115 центнерден алғанын ерекше атап өтуге болады.
Өңір басшысы аймақта ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да жан-жақты тоқталды. Қазіргі таңда 28 шаруашылық толық цифрланып, 120-дан астам кәсіпорын жасанды интеллект пен автоматтандыру элементтерін енгізіп жатқан көрінеді. Жалпы, Марат Ахметжанов ел алдында ауыл, мал, өсімдік шаруашылықтары, тамақ өндіру, өнімдерді экспорттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойылған міндеттерді баяндап берді. Осыған байланысты, өңірде экспорттық бағыттарды дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Эстонияның Муга Грэйн Терминал астық терминалымен қол қойылған әріптестік туралы меморандумның арқасында биыл біздің өнім Еуропа нарығына шықты. Жыл басынан бері Италия, Бельгия, Эстонияға 209 мың тонна астық жөнелтілді. Бес жылдық үзілістен кейін астықты Әзербайжан, Грузия және Түркия елдеріне қайта жеткізе бастайды.
Агросаладағы білім мен тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, нағыз еңбек әулеттеріқұрылып, отбасылық кәсіп жалғасын тапқан кезде құнды бола түседі. Бүгінде біздің өңірдің ауыл шаруашылығы саласында бірталай жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Тюркин, Әріпов, Закусилов, Ысқақов, Мұқышев және Құрманқұловтар әулеттерін атап өтуге тұрарлық. Олар ата-бабаларының ісін жалғастыра отырып, ауыл шаруашылығы бизнесін сәтті жүргізуде.
Елімізде соңғы жылдары «Еңбек адамына» ерекше көңіл бөлінуде. Биыл мемлекеттік наградалардың көпшілігіжұмысшы кәсіптерінің өкілдеріне – күнделікті жерде, фермаларда, мал шаруашылығы кешендерінде және комбайндарда жұмыс істейтіндерге беріліп жатыр.Сонымен, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған осынау форумда 200-ден астам ақмолалық еңбеккердің еңбегі атап өтілді. Олар «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, сондай-ақ, Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілері табысталды.
Марапатталғандардың арасында Жақсы ауданынан Андрей Серый да бар. Ол «Орақ шебері» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Андрей 1998 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қарапайым көмекшіден механизатор болып қалыптасты. Биылғы маусымда ол 9100 тонна астық бастырып, 5000 гектар жерді шапқан.
Бір атап өтерлігі, форумда 7 қарапайым еңбек адамы жоғарыда атап өткеніміздей, КИА «Спортэйдж» автокөлігін иеленді. Олардың бірі мал бақса, бірі трактор айдайды, енді бірі техника жөндейді. Ең бастысы олар қара жұмыстан қорықпайды, сол қара еңбекпен нан табудан ұялмайды. Қажыр-қайраттары мен маңдай терлерінің арқасында отбастарын асырап, Отанымыздың дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Еңбектерінің жанғаны осы болар.
Сөз соңында айтарымыз, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумы жетістіктерді саралап, үздіктерді марапаттап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Шара соңы эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

