Тұрақты комиссиларда
Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының және Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында майлы дақылдарды субсидиялау және облыстың бірнеше өңіріндегі жер учаскелеріне базалық төлем мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері қаралды.
Жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасенов күнбағыс пен рапс бойынша субсидия нормаларына белгіленген жобаларды таныстырды.
Басқарма басшысының орынбасары алдымен қолданыстағы субсидиялау қағидалары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілгенін және майлы дақылдарды өсірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін еске салды.
Осы үшін де бұл мәселе мәслихат отырысына талқылауға беріліп отыр. Оның айтуынша, осы дақылдардың өзіндік құнын есептеу үшін басқарма тарапы «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы» ғылыми-өндірістік орталығына сұрау салып, 2026 жылға болжамды мәліметтер алған. Орталықтың көрсеткіштеріне сәйкес, 2025 жылы күнбағыс гектарына 163,6 мың теңге, рапс гектарына 134,7 мың теңге шамасында өнімнің өзіндік құнын көрсеткен. Осыған орай, басқарма келесі жылға берілетін майлы дақылдардың субсидия нормативін белгілеп, күнбағысқа тоннасына 12 мың теңге, рапсқа тоннасына 10 мың теңге мөлшерінде қаражат беру ұсынылды.
Алайда, жиынға қатысып отырған тұрақты комиссия мүшелері мен Қоғамдық кеңес өкілдері Бараев орталығынан алынған деректер ұсақ тәжірибелік алқаптарға негізделгенін, олардың ірі тауарлы шаруашылықтардың барлық жағдайын көрсетпейтінін атап өтті. Оның үстіне жиынға қатысушылардың пікірінше, күнбағыс пен рапсқа белгіленіп отырған субсидия көлемі тым көп. Сондықтан, күнбағысқа берілетін субсидияны тоннасына 12 мың теңгеден емес, 5 мың теңгеден беру ұсынылды. Сонда жыл сайын майлы дақылдарға бөлінетін субсидияға қолы жетпейтін өзге де шаруашылықтар қаражаттан қағылмайтын болады.
Тағы бір мәселе, облыстағы түрлі климаттық аймақтардағы, топырақ құнарлылығы әртүрлі шаруашылықтардағы рапстың өзіндік құны көбіне күнбағыстан жоғары, себебі, ол көбірек күтімді қажет етеді. Осы себептен комиссия мүшелері ұсынылған есептер күмән тудырғандықтан, облыстың өзге де өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей деректер жинап, бұған оң көзқарас қалыптастыру талап етілді.
Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері жасаған тағы бір ескерту субсидияларды бөлу қағидатына қатысты болды. Қазіргі қолданыс бойынша бөлінген субсидияларды өнімді өңдеуге бірінші болып тапсырып үлгерген он шақты ірі шаруашылық алады. Соның нәтижесінде кейбір шаруашылықтар жыл сайын жүздеген миллион теңге алса, жалпы көлемі шамалас өнім өндіретін басқа шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудан тыс қалады. Бұл фермерлерді өнімді жергілікті өңдеу кәсіпорындарын айналып өтіп, экспортқа шығаруға мәжбүрлейді. Ал, бұл өңірдегі қосылған құнды азайтып, жергілікті май зауыттарының жүктемесін төмендетеді.
Жиын барысында мәслихат депутаттары «Кең-Дала -2» басшысы да бұл мәселеге тікелей араласып, субсидиялардың жалпы көлемін өңір ішінде нақты өңделген майлы дақылдар көлеміне сай бөлу ұсынысын айтты. Комиссия мүшелерінің басым бөлігі мұндай тәсіл ішкі қайта өңдеу қуаттарын барынша арттырып, қаражатты асыра пайдаланушылықты болдырмауға және ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында субсидияларды әділ бөлуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Ренат Қасеновтың сөзінше, жыл сайын майлы дақылдарды субсидиялау бағдарламасына шамамен 1 миллиард теңге бөлінеді, ал, 2026-2027 жылдарға арналған субсидияның көлемі 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Егер депутаттар ұсынған тәсілдер мақұлданған жағдайда бұл қаражат аймақтың барлық аргаршыларын қолдауға жеткілікті болады. Ал, нормативтер бойынша шешім дақылдардың нақты өзіндік құнына қатысты нақтыланған деректер алынғанға дейін кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ, жиын барысында жеке меншікке берілетін жер учаскелеріне қатысты базалық төлем ставкаларын белгілеу жобасы да қызу талқыланды. Басқарма басшысының сөзінше, бұл құжат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әдістемесі негізінде әзірленген және бірқатар аудандарда қолданыстағы ставкаларды түзетуді көздейді.
Мысалы, Атбасар ауданында ставкаларды бір шаршы метрге 516 теңгеден 836 теңгеге дейін, Ерейментауда 307 теңгеден 495 теңгеге дейін, Жақсыда 141 теңгеден 391 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Талқылау барысында Көкшетау және Қосшы қалаларын қоса алғанда, кейбір елді мекендерде қолданыстағы ставкалар жердің нарықтық құнынан айтарлықтай төмен екені атап өтілді. Комиссия мүшелері аудан және қала әкімдіктеріне жер учаскелерін жеке меншікке беру кезінде олардың бағасын тым төмендетуге жол бермеу үшін ставкаларды қайта қарау жөнінде ұсыныс айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша жоба алдын ала мақұлданып, мәслихаттың қарауына жолданды. Комиссия мүшелері субсидиялардың дұрыс және әділ нормалары ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін арттырып, өңдеу қуаттарының жүктемесін көбейтетінін және пайдасы аз шикізат экспортының көлемін азайтатынын атап өтті. Ал, жер телімдері үшін белгіленген төлем мөлшерлемелері жер қатынастары саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, жергілікті бюджетті толықтыруға ықпал етеді.
Жиын барысында жаңартылған бұл құжаттар жақын арада сессияның бекітуіне ұсынылмақшы.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

