ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
«Болашақ» сарайында «Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі жанындағы ұлттық превентивтік механизімнің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, онда осы бағыттағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижелері мен әлі де назар аударатын мәселелер сөз болды.
Жиынға сонымен қатар, Үйлестіру кеңесінің, Ақмола облысы бойынша ұлттық превентивтік механизмнің және сараптамалық кеңестің мүшелері мен мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Кеңейтілген дөңгелек үстел басында қатысушылар адам құқығының бұзылуын, адам баласына деген азаптаулар мен қатыгездік қарым-қатынастарды болдырмаудың жолдары мен қамауда ұстау жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қызмет ұйымдарындағы ахуалды көтеру мәселелерін талқылады.
Отырыста ең алдымен, сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов елімізде адам құқықтарын қорғау бағытында соңғы жылдары айтарлықтай жұмыс нәтижелеріне қол жеткізіліп келе жатқанын, бұл бағытта Ақмола облысы бойынша да бірқатар ілгерілеулердің бар екенін жеткізді.
– Біз превентивті жүйені барынша ашық әрі тиімді етуге күш салып келеміз. Бүгінде адам құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының біріне айналды. Бұл бағыттағы нәтижелердің барлығы мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның да белсенді қатысуымен мүмкін болып отыр. Ұлттық алдын алу тетігі арқылы жабық мекемелерге тәуелсіз мониторинг жасалып, анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсынымдар берілуде. Мемлекеттік органдардың жұмыс істеудегі ашықтығы мен жауапкершілігі артып келеді. Алдағы уақытта да азаптаулардың кез келген көрінісіне жол бермеу, адам құқықтарын толыққанды қорғау және гуманизм қағидаттарын нығайту біздің ортақ мақсатымыз болып қала береді, – деді ол жиын барысында сөйлеген сөзінде. Содан соң, шарада сөз алған үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер өз баяндамасында ұлттық алдын алу тетігінің негізгі міндеттері мен оның халықаралық стандарттарға негізделген жұмыс қағидаттарын түсіндірді. Оның айтуынша, тетік пен кеңестің бірлескен жұмыс нәтижесінде көптеген азаптаулар мен адамдық қадір-қасиетті қорлайтын әрекеттердің алдын алуға бағытталған істер атқарылуда.
– Ұлттық алдын алу тетігі еліміздің адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі ең маңызды институттардың бірі. Оның басты мақсаты азаптаулар мен адамдық қадір-қасиетті қорлайтын кез-келген әрекеттің алдын алу, сондай-ақ, жабық мекемелердегі жағдайдың ашықтығын қамтамасыз ету. Біздің жұмысымыз халықаралық стандарттарға, Нельсон Мандела ережелеріне, Бангкок және Пекин қағидаттарына, сондай-ақ, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына толық сәйкес келеді. Осы нормалар негізінде біз тек мониторинг жүргізіп қана қоймай, жүйелі түрде ұсынымдар әзірлеп, олардың орындалуына бақылау жасаймыз. Үйлестіру кеңесі мен ҰАТ топтарының бірлескен жұмысы нәтижесінде соңғы жылдары көптеген бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды. Көптеген өңірде ұстау жағдайларын жақсарту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, бейнебақылауды кеңейту, медициналық көмек сапасын арттыру бойынша нақты өзгерістер бар. Бұл тек бақылау тобының ғана емес, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен серіктестікке дайындығының нәтижесі. Біздің міндетіміз барлығына ортақ. Ол азаптауларға мүлдем жол бермеу, адам құқықтарын жоғары құндылық ретінде сақтау және қоғамда нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру. Ұлттық алдын алу тетігі осы бағытта жұмысын жалғастыра береді, – деді Раиса Шер жиында сөйлеген сөзінде.
Дөңгелек үстелде ұлттық превентивтік механизм жұмысы туралы арнайы дайындалған ақпараттық буклеттер таныстырылып, Үйлестіру кеңесінің хатшысы мен Ұлттық құқық қорғау орталығының өкілдері түсірген бейнероликтер көрсетілді.
Ал, жиынның модераторы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақмола облысы бойынша өкілдік жетекшісі Гүлнәр Жанбекова түзеу мекемелері мен әлеуметтік ұйымдарға жасалған мониторингтік топтардың жұмысы орталық жұмысының ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретінін айта келіп, бүгінгі жиынға қатысып отырған сала мамандарының жабық мекемелердегі жағдайларды талқылауына нақты мысалдар келтіріп отырды. Содан соң, Ақмола облысына қарасты мониторингтік топтар жұмысының жыл бойғы қорытындылары тыңдалды.
Ақмола облысы бойынша ұлттық превентивтік механизм тобының жетекшісі Әсем Аппаеваның сөзінше, жүргізілген барлық мониторинг жұмыстарының қорытындысы маңызды, себебі, содан соң мекеме өкілдерімен диалог арқылы кез-келген бұзушылықтарды болдырмауға және олардың алдын алуға болады. Жиында белгілі болғанындай, елімізде 3,5 мыңнан астам жабық мекеме ұлттық алдын алу тетігінің бақылауында. Биылғы жылы олардың 424-іне мониторинг жүргізіліп, олардың басым бөлігінде материалдық-техникалық базаның нашарлығы анықталған. Ал, Ақмола облысы бойынша жыл басынан бері 32 мекеме тексеріліпті. Оның 14-і Ішкі істер министрлігі жүйесіне, 11-і әлеуметтік қорғау саласына қарайды, ал, 7-еуі білім беру мекемелері. Осы жүргізілген мониторинг нәтижесінде барлығы 651 ұсыным жасалғанымен, жиын барысында оның 186-сы ғана орындалғаны айтылды.
Шара барысында қатысушылардың назарына бірқатар проблемалар нақты мысалдармен компьютер экраны арқылы ұсынылды. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға, әйелдерге және жүкті әйелдерге арналған арнайы камералардың жоқтығы, матрастар мен жиһаздың ескіруі, санитарлық нормалардың бұзылуы, кейбір интернаттарда медициналық қалдықтарды кәдеге жарату келісімдерінің болмауы, бейнебақылаудың көрмейтін аймақтары, кадр тапшылығы мен жеткіліксіз техника сынды мониторинг нәтижелерін растайтын фотоматериалдар мен құжаттар көрсетілді. Бұл аталған мәселелерге мемлекеттік орган өкілдері жауап беріп, келтірілген мысалдардың кейбірі назарға алынғанын, оларды жою мақсатындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса беретінін жеткізіп бақты.
Сонымен қатар, жиында сөз болған бұзушылықтар бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да айтылды. Кейбір жауапты мамандардың тарапынан көпшілікке түзеу мекемелерінде ағымдық жөндеулердің жүргізілгені, медициналық құрал-жабдықтардың жаңартылғаны, жаңа рентген аппараты мен УЗИ құрылғысының орнатылатыны жөнінде хабардар етілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында құқықтық тәртіпті сақтау, түзеу мекемелерінде, қарттар үйлері мен интернаттарда адамдарды дұрыс жағдайда ұстау, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған соң, жыл бойы жасалған мониторингтік сапарлардың нәтижелері ұсынылып, қандай қиындықтар бар екені көрсетілді. Содан соң, осы мәліметтер негізінде азаптаудың және қатыгез қарым-қатынастың алдын алу жүйесін қалай күшейтуге болатыны туралы бағыттар айқындалды.
Жалпы алғанда, дөңгелек үстел барлық қатысушылар үшін тәжірибе бөлісетін, проблемаларды бірге талқылайтын және ҰПМ жұмысын жақсартуға арналған ұсыныстарды бірлесіп пысықтайтын маңызды алаңға айналды десек артық емес.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

