Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді

Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі адами капиталды дамыту үшін әділ әлеуметтік саясат жүргізудің маңызды тұстарын атап өтіп, біздің сала мамандарына да бірқатар міндеттерді жүктеді.

Бұл бағытта Ақмола облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін жүйелі жұмыстарды іске асырып келеді. Бұл ретте, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құру мен көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдауды күшейтіп,  сондай-ақ, қауымдастық пен мемлекет жауапкершілігін тең үйлестіру біздің басты міндетіміз болып отыр. Бізге жүктелген бұл міндеттер сапалы әрі уақытылы орындалса, жұмысымыздың да аймақтың даму стратегиясынан айқын көрініс табатынын түсінеміз. Президент әлеуметтік саясатта адам капиталының маңыздылығын айта келіп, әсіресе, аға буынға қамқорлықты күшейтудің қажеттілігіне тоқталып өтті. Халқымыз ежелден «қарты бардың қазынасы бар» деп жас ұрпақты қарттарды сыйлауға, оларға қамқорлық жасауға, айтқанын тыңдап, ақылын ұғуға баулып келеді. Қарттарды қолдау – қоғамның адамгершілігінің негізгі көрсеткіші екенін де біз де өз тарапымыздан жақсы білеміз. Ақмола облысында жылда қазан айының Қарттарды қолдау айы ретінде өтіп, ауқымды шаралардың ұйымдастырылуы осы ұстанымның нақты жүзеге асуы десек, қате айтпағанымыз.

Қарттарды қолдау айлығы аясында биыл облыс көлемінде барлығы 2400-ден астам іс-шара өтіп, оған 54 мың адам қатысты. Қарттарға концерттер мен кездесулерден бастап, медициналық тексерулер және коммуналдық көмекке дейінгі көптеген әлеуметтік қолдау түрлері ұсынылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 910 миллион теңге бөлініп, облыстың 35 мың зейнеткеріне бір реттік көмек, 1 200 адамға санаторлық-курорттық емделуге жолдама беріліп, Көкшетау қаласының 31 мың зейнеткерінің қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етіліп, 322 тұрғынға отын алуға көмек көрсетілді.

Президент Жолдауында атап көрсетілгеніндей, әлеуметтік қолдау тек бюджет есебінен ғана емес, қоғамның белсенді азаматтарының қатысуымен жүзеге асқанда нәтижелі болады. Бұл ретте, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың 122 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетуі өңірдің әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде сақтап отырғанының дәлелі дер едім.

Бүгінде жалпылама алғанда, облысымызда әлеуметтік қолдаумен қамтылғандар саны жыл сайын артып келеді. Әлеуметтік саясаттың басты ұстанымы әлеуметтік қолдаудың әділдігі мен қолжетімділігі екені сөзсіз. Бүгінде Ақмола облысында бұл бағытта 81 мыңға жуық азамат мемлекеттік қолдаумен қамтылып отыр. Сонымен қатар, 46 әлеуметтік мекемеде 1,3 мыңнан астам адам тұрақты түрде қолдау алуда.

Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай, облыстағы осы соғыстың көзі тірі жалғыз ардагері Нұрғасым Әжітаев пен 1216 тыл еңбеккерлеріне ерекше қамқорлық көрсетілді. Бұл да Президент Жолдауында айтылған тарихи әділдік пен ардагерлерді қолдауға қатысты тапсырмалардың орындалуының бір көрінісі.

Сонымен қатар, облыс көлемінде басқарма тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды қолдауда  нақты қадамдар жасалуда. Президенттің мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары өңірлік деңгейде нәтижелі орындалуда деп айтуға негіз бар. Ақмола облысында 29 мыңнан астам азамат осындай санатқа жатады, оларға 13 мыңнан астам оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылуда. Мәселен, «инватакси» қызметі 9 аудан мен қалада қолжетімді болып, биыл 32 мыңнан астам тасымал қызметі көрсетілді. Мүгедектер күніне орай, 300 миллион теңгеден астам біржолғы төлем жүргізілді.

Облыс аумағындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының жұмысын инклюзивті қызмет көрсетудің маңызды буыны деуге әбден болады. Бұл орталықтар қарым-қатынас, спорт, шығармашылық арқылы әлеуметтік бейімделудің тиімді алаңына айналып отыр.

Сонымен қатар, Президент Жолдауында еңбек нарығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздықпен күрес негізгі экономикалық басымдық ретінде атап көрсетілді. Ақмола облысында жыл басынан бері 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз, соның ішінде жастар арасындағы бұл көрсеткіш 2,6 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Басқарма тарапынан «Күміс жас»,  «Жастар практикасы» сынды бағдарламалардың іске асуында нәтижелі ілгерілеулер айқын байқалуда. Осы бағдарламалар аясында көптеген тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, бірқатар жас мамандар тәжірибе жинақтауда. Мемлекет тарапынан субсидияланатын қоғамдық жұмыстар барлығы 2,4 мың адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, шағын кәсіпкерлікке гранттар беру жалғасуда. Биыл бизнес-идеяларды қолдау үшін 175 грант беріліп, ол жалпы құны 267,8 миллион теңгемен қаржыландырылды. Бұл – халықтың өз ісін бастауына берілген нақты мүмкіндік.

Жолдауда көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау форматын жетілдіру қажеттілігі айтылған. Облыста бұл бағытта тың серпіліс бар екенін жеткізгім келеді. Жыл басынан бері барлығы 1 475 отбасына 709,7 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ, әлеуметтік келісім-шарт аясында 115 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 539 көпбалалы отбасы және 2 138 бала түрлі әлеуметтік төлемдермен қамтылды.

Биылғы жылы Президент Жолдауында мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, цифрландыру және әлеуметтік көмектің дәлдігі басты назарға алынды. Басқарма жұмысының 2026 жылға жоспары да осы бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру, бизнес бастамаларын қолдау, әлеуметтік қызметтерді толық цифрландыру ведомство жұмысының күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Бұл аталған жұмыс тәсілдерінің барлығы дерлік әлеуметтік қолдауды неғұрлым мақсатты және әділ етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ал, аға буынды қолдау, инклюзивті қоғам қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын құру, көп балалы отбасыларды қолдау және азаматтарды өз кәсібін дамытуға ынталандыру өңірдің әлеуметтік саясатының өзегіне айналуға тиіс.  Сонда қоғам бірлігін арттыра түсіп, әр азаматтың көкейінде ертеңге деген сенім ұялататын жүйелі әрі нәтижелі жолды табамыз деген ойдамын.

Шолпан РАХМАТУЛЛИНА,
Ақмола облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар