ЕЛДІК СӨЗ
Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы-драматург Жабал Ерғалиев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті.
«Қоғамдық келісім» мекемесінде Ассамблея ұйымының мерейлі жылы аясында ұйымдастырылған Жабал Ерғалиевтің жастармен кездесуі еркін форматта өтті. Шараны «Қоғамдық келісім» мекемесінің БАҚ-пен өзара іс-қимыл, интернет ресурстар және әлеуметтік желілер мониторингі бөлімінің басшысы Нұрғасыр Бердібек жүргізді. Ол жастарға ассамблеяның жұмысы, аталмыш институттың мән-маңызы туралы айта келе, қарымды қалам қуатын ұлт тағдыры, ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай, бірқатар шоқтығы биік көркем шығармалар тудырған, ұлт руханияты мен әдебиетіне, баспасөз саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген Парламент Сенатының бұрынғы депутаты, бүгінде Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиұлын таныстырды.
– Ең жақсы көретін және үлкен жауапкершілікпен дайындалып келетін аудиториям – ол жастар. Себебі, бүгінгі жастардың білімі, ой-өрісі, ақыл-парасаты мен көзқарасы ерекше, ойлау қабілеттері бізден де өте жоғары екендігін жақсы білеміз. Олай дейтінім, Сіздер, тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келіп, ой мен парасаттың еркіндік формациясында өсіп, қалыптастыңыздар. Тәуелсіздігіміздің бір құндылығы – ол адам баласына ең қажетті ой-сананың еркіндігі. Бұрынғы өткен ғұламалар мен ойшылдар әр кезеңде осы ой-сана, сөз еркіндігі үшін арпалысып өткені белгілі, –дей келе, қайраткер тұлға өзінің өмір және еңбек жолы туралы айтып берді.
Бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін 1973 жылдан бері баспасөз саласында тынбай жемісті еңбек етіп келе жатқан жазушы-журналист еңбек жолында, қызмет бабында кездескен цензура, газет шығару мен басу барысында өзі куә болған естен кетпес тарихи кезеңдерді еске алып, қазіргі тәуелсіздік жемісі туралы айтып берді. Егемендігімізді алғаннан кейін қабылданған Конституцияда журналистерге, жазушыларға сөз еркіндігі берілгеніне тоқталды. Еліміз демократиялық мемлекет болса да, ел азаматтары Ата Заң аясында, өз құқықтары мен міндеттерін біліп, қазіргі «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде өмір сүру қажеттігін жан-жақты түсіндіріп берді.
Кездесуде жазушы жастарға ұлттық құндылықтарды сақтап, қадірлеу, оны білу, соның негізінде өздеріне тәлім-сабақ алу жағын да кеңінен қаузады.
– Кез келген халықты, мемлекетті дәуірдің түрлі-түрлі саясатынан, аласапырандарынан сақтап, өзгелерге танытатын, мойындататын олардың ұлттық құндылықтары. Ұлттық құндылықтар жағына келгенде, біздің қазақ халқы ешқандай ұлттан кем түспейтін ел екендігін айтуға тиістімін. Біз Ұлы Даланың заңын қалыптастырған, сол заңмен өмір сүрген, Ұлы Даланың заңы аясында адами қатынасты жоғары қойған халық екенімізді түсіне білуіміз керек. Осы адами қасиеттер қанымызға сіңгені сонша, тарихтың әрбір кезеңдерінде елімізге күштеп көшірілген, саяси негізде күштеп қоныстандырылған халықтарға кең жүрекпен, адамгершілікпен қарап, жылы қабақ танытып, қапысыз қабылдай алдық. Бұл да қазақ халқының адами құндылықтарының жоғары екендігінің дәлелі, – дей келе, елімізге қоныстанған өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының жасаған жақсылығы мен кеңдігі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ұлы Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналығын түсіндірді.
Жазушы этносаралық қарым-қатынас, жастардың жұмысшы мамандықтарына оқудан тайсалмауы, еліміздің жер асты және жер үсті байлығын игеретін кәсіптерді меңгеру қажеттігі, техниканың тілін үйренуге талпыну керектігі, алға қарай дамып, өз-өзіңді жетілдіруге ұмытылудың маңыздылығы жайында да айтып берді. Жастар жағы қоғам қайраткеріне ашық микрафон форматында қазіргі жастар мен бұрынғы жастардың айырмашылығы, адами құндылықтардың сақталуы, бүгінгі дамыған замандағы білім мен тәрбиенің жай-жапсары мен маңыздылығы, кітап оқу, тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттарда жазылған таңдаулы көркем шығармалар туралы сұрақтар қойып, өздеріне қажетті жауаптарын алды.
Кездесу барысында жазушы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылған, сөйтіп, жастардың шығармашылық қабілеттерін паш еткен «ЭтноSpace» облыстық онлайн бейнебайқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Үздік этномәдени бейнежазба» аталымына Арайлым Шытырымбек лайық деп танылса, «Шығармашылық шеберлік» аталымын Гүлжан Әмірбек иеленді. «Бірлік пен келісім» аталымында Анель Резина үздік шықты. Осы марапатталушылардың әрқайсысы ұйымдастырушылар алқасының дипломдары мен 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Кеш соңында жастар қауымы өздерін әсерлі әңгімесімен баурап алған Жабал Ерғалиұлымен бірге естелік суретке түсті.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

