Ұқсата білсек, тезек те қуат пен жылу көзі

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Көкшетау қаласының іргесіндегі Садовый ауылында жеке кәсіпкер Бақытжан Мәметхан малдың қиынан биогаз, электр қуатын, тыңайтқыш өндіреді деген хабарды естіген соң жеткенше асықтық. Шын мәнінде солай екен.  Шаруашылықтағы қиды пайдаға асыру оңай емес. Шалғайдағы шағын ауылдарда тау-теңіз болып үйіліп жатыр.

Елді мекенді абаттандырудың өзі қияпат шаруа. Ауыл-аймақ бұл тараптағы дүниені кәдеге асыра алмай отыр. Рас, шаруашылықтар көңді тегін және тиімді тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Сөйтсек, көңнің пайдалы жағы ұқсата алса аз емес екен.

Қазір көптеген шаруашылықтар экологиялық технологияларды пайдалана отырып, көңнен биогаз шығарумен айналысуда. Көңнен алынатын биометан жоғары бағаланады. Алыс-жақын шет елдерге бұл жетістік таңсық емес. Негізі малдың қиынан алынатын биогаз экологиялық таза отын. Сипаты жағынан табиғи газға өте ұқсас. Биогазды кәдімгі отынның баламасына да жатқызуға болады. «Бионұр» жеке кәсіпкерлігі басшысының айтуына қарағанда, шикізат дұрыс өңделсе, тұтас көлемнің 70 пайызы шамасында иіссіз, түссіз биогаз алуға болады. Мұндай отынның бір текше метрі 1,5 келі көмірдің жылуын береді.

– Қиды қайта өңдеумен кешегі кеңес дәуірінде де айналысқан, – дейді кәсіпкер, – мұндай газ баламасын өндіру ауыр еңбекті қажет етпейді. Арзан, ең бастысы, қоршаған ортаға улы заттар шығарылмайды.

Егер шаруашылықта аз ғана мал басы болса, қиын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Ал, табын-табын мал бағып отырған ірі шаруашылықтарға қиын. Әр жыл сайын ондаған тонна қиды тасып, жою керек.

– Көңді сапалы тыңайтқышқа айналдыру үшін температуралық режимді үзбей бақылап отыру қажет. Биометан алудың жаңа технологиялары биогаздан қоршаған ортаға токсинді әсері болмайтын етіп шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – дейді Бақытжан Мәметхан, – биогаз жану кезінде энергия бөліп шығарады.

Ал, қыздырылған көң өте құнды анаэробты тыңайтқышқа айналмақ. Биогазды тіршілік етуіне оттегін қажет ете бермейтін бактериялардың көмегімен алуға болады. Сондықтан, биогаз өндіру үшін ең алдымен шикізаттың ашу процесі жүретін герметикалық ыдыс керек. Алдымен ыдысты сұйық шикізатпен толтырып, микроорганизмдер өз жұмысын бастау үшін белгіленген мөлшерге дейін жоғарылатады. Сұйық көңнен метан жоғары көтеріліп бөлініп шығады. Тазарту кезеңінен өтетін арнайы ыдысқа жинақталады. Әрі қарай оны газ баллондарға жинаймыз. Пайдаланылған қи ыдыстың түбіне шөгеді. Оны осы жерден жиі-жиі алып, басқа жерде сақтаймыз. Сұйықтықты ыдыстан сорып алғаннан кейін жаңа көң саламыз. Қидан метан тек оған қолайлы температуралық режим жасағанда ғана бөліне бастайды.

Қидың құрамында әртүрлі температурада және әртүрлі жылдамдықта бөлініп шығатын әртүрлі бактериялар бар. Температура төмендегенде бактериялардың барлық түрлерінің белсенділігі азая бастайды. Шикізатты сақтаудың кемшіліктері туралы да айта кету керек. Ең бастысы, ол температураның өзгерісіне ұшырамауы керек, сонда қысқы уақытта көңді жинауға арналған жылы жайды қарастырған жөн.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, алынған өнімнің 70 пайызға жуығы метаннан, 1 пайызы қоспадан (күкіртті сутегі және кейбір ұшпа элементтер) және 30 пайызға жетер-жетпесі көмірқышқыл газынан тұрады. Оны отын ретінде қоспалардан тазартқаннан кейін ғана пайдалануға болады. Күкіртті сутегі қосылыстары арнайы сүзгілер арқылы жойылады.

Фермалардың жанында қондырғыны жасау үшін оңай бөлшектелетін және басқа жерге көшіруге болатын конструкция қолайлы. Бүкіл қондырғының негізгі жабдығы биореактор көңді құйып, оны ашытуға арналған ыдыс есебінде. Бұл арада еске сақтайтын бір жай реакторда оттегінің болмауы. Егер ол болған жағдайда жарылыс орын алуы әбден мүмкін. Реактордың қақпағы жоғары қысыммен ұшып кетпес үшін  резервуар мен қақпақтардың арасында қорғаныс тығыздағыштары қажет. Тағы бір қаперде ұстайтын дүние ыдыс ешқашан тығыз толтырылмауы керек. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, барлық көлемнің бестен бір бөлігі бос болуға тиісті. Көңді қыздырғаннан кейін түзілетін қойыртпақты ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады.

– Асылында бұл іс ХVІІІ ғасырда дамыған деседі, – дейді кәсіпкер, – Ян Гельмонт есімді химик көңнен тұтанатын қасиеті барын байқаған. Ғалымның зертеуін Алессандро Вольта мен Хэмфри Деви жалғастырған. Олар газ қоспасынан метанды тапты. ХІХ ғасырдың орта шенінде Англияда көңнен алынған биогазды көше шамдарын жағуға пайдаланған. ХХ ғасырдың ортасында метан өндіретін бактериялар табылған.

Көң биомассасының ыдырауы нәтижесінде алынған газ табиғи газдың аналогы болып табылады. Ол ауадан екі есе жеңіл. Метан бу әсерінің пайда болуына қатты ықпал етеді. Сондықтан, көңді қайта өңдеу технологиясы үнемділік қана емес, мал шаруашылығы қалдықтарын залалсыз жоюдың экологиялық әдісі болып табылады. Ірі қара малдың бір тонна көңінен 50 текше метр газ алынады. Жануарлардың майын қайта өңдегеннен кейін 1300 текше метр газ алынбақ. Биологиялық газдың тағы бір түрі қоқыс. Ол елді мекен сыртындағы қоқыс тастайтын орындардағы ыдыраудан пайда болады. Батыс елдерінде бұл қалдықтарды қайта өңдеп, оны отынға айналдыратын құрылғылар қазірдің өзінде бар. Егер бизнес ретінде қарастырсақ, шексіз ресурстар деуге болады.

Кез-келген өнеркәсіп өз қалдықтарын жоюға мәжбүр. Бұл қымбат және тиімсіз. Кәсіпкердің  айтуына қарағанда өз қолыңмен жасаған қондырғы арқылы бірнеше мәселені бірден шешуге болады. Мәселен, үйді жылыту, тыңайтқышымен жер телімін тыңайту, төңіректі тазарту. Жаңалықты ақыл таразысына салып сараптай келе, жылыжайға пайдалануға таптырмайтын дүние екен дестік. Сәл ғана таратып айтайық. Солтүстікте күн суытқан соң жылыжайды жылыту үшін қыруар отын керек. Тыңайтқышы өз алдына. Ал, осы жаңалықты әрі қарай өрістетіп алып кетсе, дастархан көкөніске толар еді. Ал, біздің жақта қыс келе көкөністің бағасы аспандап кететіні бар. Өзіндік құны арзан болғаннан кейін бүгінгі күні сойылдай мәселеге айналып отырған азық-түліктің бағасы да арзандамай ма? Оның үстіне ешбір химиялық тыңайтқыш бойына сіңбеген таза, экологиялық өнім. Ауылдағы ағайын картобына түскен колорад қоңызын жоямыз деп жаз бойы химиялық сұйықтықты құйып шығады. Әлгі сұйықтық жауын суымен тамырға картоптың түйнегіне сіңеді. Оны жеген адамның ағзасы не болмақ?! Егін шаруашылығында да химиялық тыңайтқыштарды мөлшерден тыс көп пайдаланады емес пе? Адам ағзасымен табиғат қаншама залал шегіп жатыр. Ал, кәсіпкердің мына жаңалығы табиғатты да сақтап, тазалықты да реттеп, таза өнім өндіруге мүмкіндік берер еді.

Биогазды жанар-жағар май ретінде пайдалануға әбден болады. Біз «Бионұр» жеке кәсіпкерлігінде болғанымызда, аумағы атшаптырым ғимаратын осы газбен жылытып отырғанын көрдік. Кәсіпкердің көлігі де газбен жүріп тұр. Тақырыпты тереңдей қаузағанда бұл технология тек Германияда ғана белсенді дамып келе жатқандығын оқып білдік. Себебі мемлекеттік субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер бар екен. Егер осы жаңалықтан іскер азаматтар құлақтанып, өрістетіп әкетсе, малдың терісі мен жүнін кәдеге асыра алмай жатқан кезімізде тезегінен табыс тапсақ ғанибет емес пе?! Газбен өндірісті және тұрғын үйлерді жылытуға, электр энергиясын пайдалануға болады екен. Демек, осының бәрі кәдеге асатын дүние.

Сөз соңында қауіпсіздік мәселелерін де айта кетейік. Газды бақылау жүйесімен жабдықталмаған газ құрылғыларын пайдалануға болмайды. Ең жақсы дегенде қазандықтың оттығы істен шығуы мүмкін. Ал, газ сөніп қалса, берілуі тоқтамағаннан кейін қайта тұтанып, қауіпті жағдай туындайды.

Био отынды қосалқы шаруашылықтарда аз мөлшерде өндіру тиімді ме? Ол үшін бірнеше металл бөшкелер мен қажетті құрал-жабдықтар болса, әрі пайдалануды білсеңіз жетіп жатыр. Айталық ауылда көгілдір отын жоқ. Бар болса да, оны сатып алу үшін қаражат қажет. Бұл электр қуатымен немесе сұйық отынмен жылытуға қарағанда арзанырақ. Жыл сайын отын, көмір сатып алу қымбаттап барады. Оны жағу да оңай емес. Ал, аулаңыздағы арамшөптен, құстың қиынан, малдың көңінен тегін биогаз алу идеясы қызықты емес пе? Бар болғаны биореактор жасасаңыз болғаны. Неміс фермерлерінің көңді пайдаланып, ғимараттары мен тұрғын үйлерін жылыту мәселесін әлдеқашан шешіп тастағанын естіп жүрміз. Әлеуметтік желіде де бұл тақырыпта талай қызықты дүние бар. Әйткенмен, өкінішке орай, технологияны іс жүзінде қолдану туралы ақпарат аз.

Шағын мақалада бәрін қамтып айту мүмкін емес. Біз ең басты,осыған қатысты мәселелерді қамтуға тырыстық. Жаңалығына патентін алған кәсіпкер тиімді дүниенің тетігін үйретуге дайын. Кейбіреу құпия ұстап, тұмшалағысы келген жайды ашық айтып отыр. Сұхбатымыздың соңында тыңайтқышын пайдаланғандардың алғыс лебіздерін тыңдатты. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Бір ғана мысалын келтіре кетелік. Егінмен айналысатын шаруа қожалығы кәсіпкердің тыңайтқышын биыл пайдаланыпты. Шамамен елу гектар жеріне жетпей қалған. Енді көз салып қарасаңыз, тыңайтқыш себілген алқаптың егіні жайқалып тұр, бітік өсіпті. Ал, жетпей қалған жері солғындау.

Үйренуге болатын-ақ дүние. Жақсы жаңалыққа ұмтылғанға не жетсін, шіркін?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар