Жаңа спорт кешендерінен әлі-ақ болашақ чемпиондар шығады

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылындағы көптен күткен жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ақмола облысында биыл жыл басынан бері 9 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның басым көпшілігі құрылысы созбалаңға салынған сақалды құрылыстар болып табылады. Краснояр ауылындағы бұл нысан да сол ұзақ жылдар бойы халықтың сарыла күткен  спорт кешені екені белгілі. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өңірде пайдалануға берілген осы спорт кешендерінен бөлек, 37 спорт алаңы ашылған. Олардың 25-і – ауылдық жерлерде.

Бұған дейін Зеренді ауылында республикада алғашқылардың бірі болып елімізге заңсыз айналымнан қайтарылған қаражат есебінен өте қысқа мерзімде балалар-жасөспірімдер спорт мектебі салынып, ел игілігіне ұсынылған болатын. Сол тәрізді арнайы мемлекеттік қордың есебінен салынып жатқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын.

Аймақ басшысы салтанатты шараға қатыспас бұрын, осы «Көкше Арена» спорт кешенінің қазіргі жай-күйімен танысуға барды. Небары бір жылдың ішінде салынған, елімізде баламасы жоқ спорт нысанындағы жоспарлы жұмыстар туралы жоба жетекшісі Руслан Тоқпанбаев баяндап, барлығы жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтті.

– Спорт кешенінде спорттық-өрмелеу қабырғасы мен өрт сөндіру-құтқару спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы, бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған залдар қарастырылған. Сонымен қатар, мұнда 650 орындық көрермен залы бар. Ол заманауи мультимедиялық жүйелермен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Барлық залдар халықаралық деңгейде, Олимпиада талаптарына сай сертификатталған жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Ғимаратқа шамамен бір мың адам еркін сыяды, – деді Руслан Тоқпанбаев.

Кешен аумағында сондай-ақ, футбол алаңы, жеңіл атлетика аймағы, ойын спорттарына және басқа да жаттығуларға арналған алаңдар қарастырылған. Мұндағы демалыс аймақтары мен абаттандырылған жаяу жүргіншілер кеңістіктері де көз қуантады.

Бүгінгі таңда спорт кешенінің құрылысы 90 пайызға дайын деуге болады, қазір онда функционалдық жабдықтарды орнату, іске қосу мен ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы Сарыарқа шағын ауданының инфрақұрылымы мен құрылысы қарқынды дамып,  тартымды ауданға айналып келе жатқанын атап өтіп, аталмыш нысанның 16 желтоқсанға таман ашылатындығын айтты.

– «Көкше Арена» спорт кешені өңірдің маңызды спорттық инфрақұрылымдық нысанына айналуы тиіс. Мұнда бұқаралық іс-шараларды және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік зор. Алдағы уақытта кешен іске қосылғаннан кейін мұнда тез арада халықаралық деңгейде ауқымды бір турнир өткізуіміз керек, – деп  Марат Ахметжанов облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына тапсырма берді.

Бұдан әрі жоғарыда атап өткеніміздей, өңір басшысы Краснояр ауылындағы  «Қызыл жар» спорт кешенінің салтанатты ашылуына қатысты. Оған қазіргі әйгілі боксшылар, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем чемпионы Айбек Оралбай, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Карина Ибрагимова, сондай-ақ, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Марат Ахметжанов құттықтау сөзінде мұндай нысандар ұлт денсаулығына, балалардың болашағына және жаңа спорттық жетістіктерге салынған инвестиция екендігін атап өтті.

– Мұнда жасалған жағдайлар спортшылар мен спортты сүйетін тұрғындарға өз дағдыларын дамытуға және салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді. Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту – Мемлекет басшысының Жолдаулары мен стратегиялық құжаттарында белгіленген негізгі басымдықтардың бірі, – дей келе, өңір басшысы Краснояр ауылынан шыққан үздік спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын тілге тиек етті. Осы күндері Дубайда басталып кеткен бокстан әлем чемпионатына қатысатын жерлесіміз, әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке сәттілік тілеп, абыроймен оралуына тілектістігін білдірді.

Бұл әлеуметтік нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Тағы бір айта кететін жай, бұл биыл аяқталған спорт нысандарынан төртінші сақалды құрылыс. Кешеннің жалпы аумағы 2,2 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрамына әмбебап спорт залы, екі бассейн, екі мамандандырылған жекпе-жек залы, іргелес аумақта футбол алаңы, волейбол алаңдары, балаларға арналған секциялар мен оқу бөлмелері кіреді.

Кешенде қазірдің өзінде жекпе-жек, бокс, қазақша күрес, волейболды қоса алғандағы ойын түрлері, сондай-ақ, жүзу секциялары жұмыс істейді. Аумағында командалық ойындарға арналған екі алаң, воркаут аймағы және айналма жүгіру жолы да салынған.

Залдарды аралау барысында жас спортшылардың бірі аймақ басшысына келіп, осындай зәулім, кең спорт нысанының құрылысын ақыры аяқтап бергені үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта ауылға ұлттық спорт түрлерінен осындай ғимарат салып беруіне өтінішін жеткізді.

Былтыр Париж Олимпиадасында күллі қазақ жанкүйерлерінің жұлдызына айналған Нұрбек Оралбай  спорт кешенінің болашақ чемпиондарына өзінің бокс қолғабын сыйға тартты. Степногорскідегі спорт мектебінен түлеп ұшқан бұл спортшылар алдағы уақытта «Көкше Арена» спорттық кешені ашылғаннан кейін өңірдің болашақ чемпиондарына шеберлік сыныптарын өткізетін болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар