Талантты студенттер бақ сынады

ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІ

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі облыстық «Талантты жастар-2025» фестивалін өткізді.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары аясында талантты жастар үшін фестивальдің мақсаты Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін арттыру, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру болып табылады.

Фестивальдің конкурстық бағдарламасы сахналық өнер, зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтиды. Фестиваль «Соvеr-нұсқасын орындау-2025» эстрадалық байқауы, «Тапқырлар алаңы-2025» зияткерлік ойыны, «Jas-Qalqan 2025» патриоттық байқауы және «Үздік мобилограф-2025» ақпараттық-технологиялық байқауы сияқты номинациялардан тұрды. Іріктелу арқылы барлығы 100-ге жуық өтінім жіберушілердің тек 64-і ақтық кезеңге өтіп, бақтарын сынады.

Әрбір номинация бойынша «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары ұялы телефондарына бейнежазба түсіріп, ол фестивальдің қорытынды бөлігінде көрсетілді. Фестиваль лауреаттары ақшалай сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

– Баршаңызды жыл сайын дәстүрге айналған облыстық талантты жастар фестивалінде көріп тұрғаныма қуаныштымын. Аталмыш фестиваль жылда өңір таланттары бас қосып, өзара бақ сынасатын үлкен алаңға айналады. Өткен жылы ол жоспарланғаннан да асып түскен жоғары деңгейдегі мереке болды. Биылғы жылы одан да қызықты әрі тартысты еді деген сенімдемін. Себебі, бағдарламамызға әскери-патриоттық бағыттағы «Jas-Qalqan 2025» байқауы қайта қосылып, шараны одан әрі жандандыруда. Байқауға 1 миллион 500 мың теңге жүлде қоры бөлінген болатын. Ендеше, фестивальдің әр қатысушысына табыс тілеймін, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы  Дастан Ермеков.

Фестиваль қорытындысы бойынша эстрадалық байқауда 1- орынға және 150 000 теңгелік сертификатқа Қосшы қаласы Мәдениет үйі атынан қатысқан Зарина Тоқтарова ие болды. Ал, Гран-при иегері 200 000 теңгелік сертификатпен қоса, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері Аяла Мұратқызы мен Амина Жапар жеңіп алды.

«Jas-Qalqan 2025» патриоттық байқауының қорытындысы бойынша 1-орын және 150 000 теңгелік сертификат Зеренді ауданының құрама командасына бұйырды.

«Тапқырлар алаңы-2025» зияткерлік ойынында 32 команданың ішінен суырылып шыққан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті. Қосшы қаласының  «OXIOMA» және тағы да сол аталған университеттің «Мейірім» құрамалары алғашқы үш жүлделі орындарға ие болды.

Ал, соңғы кезектегі «Үздік мобилограф» номинациясы бойынша 1 орынды және 150 000 теңгелік сертификат жеңіп алған Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенті Рахат Бітімісовтің мерейі үстем болды.

Жалпы, фестивальға белсене қатысқан Біржан сал ауданы, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері де жүлдеден құр алақан қалған жоқ.

Жеңіс БАЛАБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар