ЕҢБЕК БАСТАУЫ
Жарқайың аудандық балалар кітапханасында еңбек етіп жүрген Валерия Қуандықова жас маман. Ол 1998 жылы дүниеге келген. Биылдан бастап балалар кітапханасында кітапханашы болып қызмет атқарып келеді.
Балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және шынайы сүйіспеншілікті қажет ететін іс. Ал, Валерия үшін бұл тек жұмыс емес, жүректің қалауы, жанының шақыруы. Аз уақытта біз оның бойынан соны ұқтық. Ол кішкентай оқырмандармен жұмыс істей жүріп, олардың қиялын ұштап, кітапқа деген қызығушылығын оятып, рухани бай болып өсуіне ықпал етуде.
Валерия Валерьевна кітапхананы балалардың сүйікті орнына айналдыруға тырысады. Әрбір оқырман үшін жылы сөз, қызықты кітап, қуанышты көңіл-күй сыйлау – оның күнделікті мақсаты. Ол кітап көрмелерін ерекше талғаммен безендіріп, түрлі әдеби кештер, танымдық ойындар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырады.
Жас кітапханашы аудан көлемінде жүзеге асып жатқан «Жарқайың ауданының 100 тұлғасы» жобасына да белсенді атсалысып, елге еңбегі сіңген азаматтарды балаларға үлгі етіп көрсетуде. Бұл жоба арқылы ол жас ұрпаққа туған жердің тарихын, тұлғалардың өмірлік жолын таныстырып, отансүйгіштік рухты қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
Валерия ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл маман. Ол кітапхана ісін заманауи деңгейге көтерсем, балалардың жүрегіне кітап арқылы жол таба білсем деген жан. Әрбір өткізген іс-шарасынан мейірім мен шабыт сезіледі.
Болашақта да Валерия Валерьевна осылай өз еңбегімен, кітап пен балаға сүйіспеншілігімен және бойындағы рухани байлығымен оқырмандарды қуанта берері сөзсіз. Ол – нағыз балалар жүрегін баураған кітапханашы. Алда да лайым солай болсын!
Несібелді БӘКІР,
Жарқайың аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері.
![]()

