КӘСІПКЕРЛІК
Ақмола облысының барлық дерлік ауданында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 2 пайызға дейін төмендейтін болды.
Бұл шешім өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының бизнесті қолдауға және өңірдегі экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған жүйелі және үйлестірілген жұмысының нәтижесі десе болады.
Еске салсақ, осы жылдың 18 шілдесінде Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Негізгі өзгерістердің бірі жеңілдетілген салық пен бөлшек салықты бірыңғай режимге «жеңілдетілген декларациядағы арнайы салық режиміне» біріктіру болды. Мұндай шара салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, шағын және орта бизнеске түсетін бюрократиялық жүктемені азайтуға және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері мен мәслихаттарына 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап АСР мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдау туралы өтініш хаттар жолдады. Нәтижесінде 20 өңірдің 18-інде (Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Біржан сал, Бұланды, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы және Степногорск қалалары) мәслихат сессиялары өтті. Онда АСР мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды.
Көкшетау қаласында жеңілдетілген режим бойынша мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде бекітілді. Бұл қалалық экономиканың ерекшелігін және жергілікті бюджеттің құрылымын көрсетеді. Өкінішке қарай, Жақсы ауданында мөлшерлеменің төмендеуі қолдау таппады. Әкімдік мәслихатпен біржақты тәртіппен базалық мөлшерлемені 2026 жылы 4 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

