Діннің қоғамдағы орны

Қазіргі жаһандану дәуірінде діннің қоғамдағы орны мен рөлі туралы пікірлер сан алуан. Біреулер дінді жеке адамның рухани таңдауы десе, енді біреулер оны қоғамдық тұрақтылықтың негізі, адамзаттық құндылықтардың тірегі деп бағалайды. Алайда, діннің қоғамдағы рөліне шынайы баға беру үшін оның тарихи, мәдени және саяси контекстегі ықпалын терең түсіну қажет. Дін әрдайым адамның дүниетанымына, мінез-құлқы мен өмір сүру салтына ықпал етіп келген. Әсіресе, Қазақстан секілді көпэтносты және көпконфессиялы елде дін – бейбітшілік пен келісімнің, мәдени сабақтастықтың маңызды факторы болып отыр. Дін қоғамдық қатынасты бөліп алуға келмейтін қоғамдық өмірдің бөлшегі және ол тек сенім жүйесі ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы байланыстарды терең талдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік феномен болып табылады. Дін адам санасына ғана емес, мемлекеттің саяси құрылымына да әсер етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекет зайырлы деп танылғанымен, дін қоғамдық санада, дәстүр мен мәдениетте өз орнын сақтап қалды.

Дін – тек сенім емес, ол – құндылық. Адам бойындағы әділеттілік, мейірімділік, сабыр, үміт, қайырымдылық секілді адамгершілік ұстанымдардың басым көпшілігі діни қағидалармен тікелей байланысты. Сондықтан да, дін қоғамдық қатынастарды реттеуде, адамдардың мінез-құлқын бағыттауда шешуші рөл атқарады. Р.Лоуи айтқандай, «дін кеткен кезде қоғамдағы этикалық құндылықтар да жоғалады». Бұл пікір діннің моральдық-нормативтік рөлін нақты сипаттайды. Қазіргі жаһандану үдерісінде дін тек дәстүрлі құндылық ретінде ғана емес, сонымен қатар, модернизациямен бетпе-бет келіп отырған рухани институт ретінде көрінеді. Қазақстанда дін мен мемлекет қатынасы зайырлылық қағидаттарына сүйенгенімен, діннің қоғамдағы орны бейтарап емес. Мәселен, дін қоғамдық ұйымдармен, отбасымен, біліммен және БАҚ-пен тығыз байланыста дамып келеді. Сондықтан, діни сана мен діни институттардың қоғамдық дамуға әсері жылдан-жылға арта түсуде. Діннің әлеуметтендірудегі орны да ерекше. Ол адамның өмірлік бағытын, дүниетанымын, құндылық жүйесін қалыптастыруда шешуші ықпал етеді.

Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас – демократиялық қоғамдағы аса маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді. Алайда, мемлекет дінге бейтарап болғанымен, діни ұйымдар қоғамда айтарлықтай әлеуметтік ықпалға ие. Сондықтан, мемлекет дін саласын бақылап, діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу үшін қызмет етеді. Қазақстандағы діни жағдайдың күрделенуі, түрлі жаңа діни қозғалыстардың пайда болуы қоғамды алаңдатуда. Бұл діни білім мен танымның жеткіліксіздігінен, сонымен қатар, жастар арасындағы рухани ізденістің салдарынан туындап отыр.

Қазіргі Қазақстандағы діни жағдай – күрделі әрі көпқабатты әлеуметтік құбылыс. Кеңестік кезеңде дін қоғамнан шеттетіліп, діни институттар қатаң бақылауға алынған болса, тәуелсіздік алғаннан кейін діни сана жанданып, діни ұйымдар мен сенім иелерінің саны күрт өсті. Бұл жаңғыру діни сенім бостандығын қамтамасыз еткен жаңа құқықтық негіздермен қатар жүрді. Алайда, бұл еркіндікпен бірге түрлі радикалды, дәстүрден тыс ағымдар мен миссионерлік қозғалыстардың да белсенділігі артты. Осындай ахуалда дінге қатысты сауатты мемлекеттік саясат жүргізу, діни білім мен ағартушылық жұмыстарды күшейту – қоғам тұрақтылығының басты шарттарының бірі болып отыр. Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, оның халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) діни өмірді реттеуші негізгі институт ретінде танылған және дәстүрлі ханафи мазхабы мен матуриди сенім мектебі елдің діни бірегейлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, православие, католик, протестант, иудей, буддизм секілді басқа да конфессиялар заң аясында жұмыс істеуде. Бұл плюрализм елдегі конфессияаралық татулық пен діни келісімді қамтамасыз етудің жарқын көрінісі болып табылады. Алайда, қазіргі заманда діни ахуалдың өзгермелі сипатын ескере отырып, мемлекет пен қоғам үнемі сақтық пен белсенді диалог орнату қажеттігін сезінуде.

Қорыта айтқанда, дін – қоғамның рухани өзегі, адамзаттың мәдени және моральдық дамуына серпін беретін қуатты әлеуметтік институт. Ол жеке адамның ішкі сенімін ғана емес, бүкіл қоғамның мінез-құлқын, құндылықтар жүйесін, бірлік пен тұрақтылықты қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан секілді көпэтносты және көпконфессиялы елде діннің орны мен рөлін дұрыс бағалап, оның әлеуетін ел бірлігі мен рухани жаңғыру жолында тиімді пайдалану – стратегиялық маңызы бар міндет. Сол себепті, діни сауаттылықты арттыру, жастарды діни радикализмнен қорғау, дәстүрлі рухани бағыттарды қолдау және дін мен мемлекеттің үйлесімді қарым-қатынасын сақтау – қазіргі Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігі мен болашағының кепілі болмақ. 

Диас БАЙЖІГІТОВ,
Дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі,
Теолог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар