Атажұртын аңсаған Ноғай ақсақал

ЗАМАНХАТ

Партия, мемлекет және қоғам қайраткері, майдангер, Моңғол халқының қаһарманы, Баян-Өлгий аймағы орнағанда, алғашқы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Ноғай Шымшырұлының жастық шағы аса ізденіспен өткен екен. Жастайынан білімге құштарлығы оянып, үлкендерден түрлі әңгімелер, қиссалар тыңдаумен қатар, естігенін зердесінен шығармай, есіне сақтайтын болған.

Өз күшімен талпынып арабша және ескі моңғол жазуын үйреніп, оқитын, жазатын дәрежеге жетіпті. Осылай талаптанған азамат алғашқы еңбек жолын сот мекемесінде тілмаш (аудармашы), хошун бастығы, 1928 жылы Моңғол Халық Революцияшыл Партиясына (МХРП) мүшелікке  өтіп, 1930 жылы Делүнде тұтынушылар қызметшісі, 1931-1935 жылдары Қошақ сұмыны хатшысы, 1937 жылы партия ұйымының, 1938 жылы сұмын бастығы, 1939 жылы Қобда аймағында нұсқаушы қатарлы жұмыстарды абыройлы атқарып, қоғамға деген көзқарасы айқындала түскен. Жұмыс дәрежесі сатылап биіктей берген.

1940 жылы Баян-Өлгий аймағы жеке аймақ болып орнағанда, сол комиссияның құрамында болып, аймақтың алғашқы партия комитетінің бірінші хатшысына тағайындалады. Аймақ жаңа орнағандықтан, шешілетін мәселе ұшан-теңіз. Аймақ бастығы Қаби Бәжіұлымен және үлкен жердегі басшылардың ақыл-кеңесіне сүйене отырып, жаңа орнаған аймақтың етек-жеңін бүтіндеп, толықтай қалыптасуына сүбелі үлес қосқан ардагер. 1942-1943 жылдары партия жоғарғы мектебін оқып жүргенде Моңғол үкіметінің тапсырмасымен Қытайдағы Алтай өлкесінің қазақтарының гоминданға қарсы ұлт-азаттық қозғалысына көмектесетін Баян-Өлгий аймағы қазақтарынан жасақталған партизан отрядын басқарып барып, он бір рет соғыс операциясына қатысқан майдангер. Шығыс Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Оспан Исламұлымен Моңғол Үкіметінің басшысы Х.Чойбалсанға үш рет жолығып, тілдесуге дәнекер болған дипломат, мәмілегер. 1943 жылы сол аймақтың Құжырты өлкесінен Қытайға қарай үріккен елді қайтарып, алып келген саясаткер. 1945 жылдан мемлекеттік Кіші Хұрылтайдың басқарма мүшесіне сайланып, қызмет атқарған. 1949, 1951 жылдары Ұлы Хұрыл басқармасына сайланған. Өзіне жүктелген әрбір жұмысты абыроймен атқарып, адалдығымен халық алғысына бөленген майталман. МХРП-ның 10, 13-съезіне делегат болып қатысқан. 1955 жылы  Кеңес елінде басшылық курсын оқып келіп, Үкіметте нұсқаушы қызметін атқарады. 1958 жылы өз өтініші бойынша туған өлкесіне оралып, Алтанцөгц, Ногоннур сұмындарында машиналы мал шаруашылығы станциясының бастығы, 1960-1962 жылдары аймақ басқармасында нұсқаушы, революциялық күрес қайраткерлері аймақтық комитетінің басшысы болып зейнет демалысына шыққан дербес зейнеткер. Ноғайдың еңбегі дер кезінде бағаланып, екі рет «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Алтын Жұлдыз» орденімен, басқа да медальдармен марапатталып, 2009 жылы «Моңғол Халқының Қаһарманы» атағы беріліп, Делүн сұмындағы орта мектепке «Ноғай Шымшырұлы атындағы орта мектеп» атауы берілген, аймақ орталығына қола мүсіні қойылып, мұражай жанынан өтетін даңғылды сол кісінің есімімен атауға шешімдер шығарылыпты.

Бұл орайда, қызы Мәрияштың естелігіне жүгінсек: «Моңғолияның партия, үкімет басшысы Ю.Цэдэнбал 1966 жылы машинамен аймақ-ауылдарды аралап, Баян-Өлгий аймағына келеді. Увс аймағынан шығып,  Баян-Өлгий аймағының шекарасына келгенде, арнайы адамдар күтіп алады. Аймақтың партия комитетінің бірінші хатшысы Дуламрагча ауысып, орнына Дэжид келген кез, аймақ бастығы Ж.Ром еді. Күтіп алушылар құрамының ішінде аға дәрігер, апайым Шарипа да болған екен. Жол бойы ара-тұра дем алып, табиғатты тамашалап жүріп отырады, тағы бірде «мына дәрігер қыз кім?» деп сұраса керек. «Мен Ноғайдың қызы Шарипамын, аға дәрігермін. Әкем сіз туралы айтып отыратын» депті. Сонда Цэдэнбал: «Әкең қайда, аман-есен бе?» деп амандығын біледі.  Цэдэнбал, жұмыспен танысу барысында өзінің Ноғаймен кездесетінін айтады.

МХРП-ның Орталық Комитетінің  бірінші хатшысы, МХҰХ-ның басқарма бастығы Ю.Цэдэнбалдың баратын жері, демалыс, тамақтану уақыты, барлығы мұқият кеңесіліп, кесте жасалғандықтан, мұны өзгертуге болмайтынын ескерткен партия қызметкері:

– Сағат кестесі жасалып қойған, бұл мүмкін емес шығар, – дейді. Сонда Цэдэнбал:

– Мен міндетті түрде Ноғай ақсақалға сәлем беруім керек, хабарлап қойыңыздар, барып шығам, – дейді. Ол кезде ақсақал зейнет демалысына шыққалы біраз жыл болған кезі еді. Ақыры, уақыт тауып, дайындық жасалып, Мемлекет басшысы Нөкең үйіне барған екен. Асықпай отырып, жағдайын сұрап:

– Үкіметке айтар өтініш, арыз-арманың бар  ма? Жетіспей тұрған не бар, не керек, соның бәрін айтыңыз, көмектесеміз, – дейді. Сонда Ноғай ақсақал:

– Менде барлығы жеткілікті, кемдік дүние жоқ. Жалғыз арманым ата-жұртым, қазақ елін көрсем, – депті. Тыңдап отырған партия, үкімет басшысы Цэдэнбал:

– Бұл пікіріңіз өте дұрыс, қолдаймын. Орталыққа барғаннан кейін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысымен сөйлесейін, күзге таман барарсыз, дайындала беріңіз, – депті. Кездесу осымен аяқталады.

Хатшы сөзінде тұрып, барлық мәселе шешіліп, 1966 жылдың күз айында әкем Москваға келді. Мен студент едім, әкемнің жанында Байыр деген баласы бар екен, үшеуіміз Қазақстанға ұштық.

Алматы әуежайында  ҚКОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев жіберген арнаулы адамдар күтіп алып, қонақ үйге орналастырды. Осында айға жуық болдық. Арнаулы көлікпен, арнаулы адамдар Қазақстанның көрікті жерлерін аралатты, санаторийге дем алдырды, кино-концерт тамашалатты. Бір күні ЗИМ машинасымен жазушы Сәбит Мұқанов келіп, «Моңғолиядан қоғам қайраткері, ақсақал келгенін естіп, үйге қонаққа шақыра келдім» деп үйіне алып барды. Отанасы, ұл-келіндері, күйеу-қыздары күтіп алды. Өзінің кітапханасын аралатты, кітап бөлмесінде ағаштан үлкен етіп жасалған бүркіттің бейнесін қойыпты. Маған «Моңғолиялық қарындасым Мәрияшқа», деп қолтаңбасын  жазып, өз кітабын естелік етті. С.Мұқанов әкеме алтын жалатқан сағатын естелікке берді. Осылай тамаша күндер жалғаса берді, бірде биология ғылымының докторы, профессор ағамыз жазғы үйіне ертіп барды. Есік алдында ағып жатқан су, жеміс-жидек, ауласы тамаша екен. Үйге кірдік, жазушы, ғалымдар жиналып күтіп алды. Мұның бәрі менің әкемнің аз ғана еңбегінің өтемі екенін, сыйластықтың нәтижесі екенін түсіндім. Осында тамаша отырыс болды. Сөз арасында жазушылардың біреуі, әкемнен «балаңыз қазақша сөйлей ме, қазақ тілін біле ме?» – деп сұрады. Сонда әкем:

–Қызым Мәрияш сіздерге бір ән салып берсін, – деген еді. Мен Абайдың «Қаламқасын» орындадым, олар керемет таң қалды, ризалығын білдіріп, сый-сияпаттар ұсынды. Айға жуық саяхаттап әкем мен бауырым елге қайтты, мен сабағыма кеттім. Осының барлығының шығынын екі ел өзара келісіп, шешкен болу керек, бізден ештеме сұрамады. Цэдэнбал әкемді керемет құрметтеген еді. МХРП-ның 16-съезіне, әкемді арнаулы өкілдерден тысқары, өз атынан шақыртып қатыстырды. Баян-Өлгий аймағынан барған съезд өкілдері топталып тұрғанда, әкемді көріп қалған Цэдэнбал құшақтап амандасып, саулығын сұраған екен. Әкем аңсаған ата-жұртын аралап, керемет қуанып, қайта жасарғандай болып, қол-аяғы жеңілдеп қайтты», деп естелігін аяқтады қызы Мәрияш.

Ноғай ақсақалдың зерделілігі ерекше екені байқалады. Кейбір адамдар үлкен басшылырдан тұрмыстық-әлеуметтік мәселелері бойынша көмек сұраушы еді. Үй, баспана, машина, балаларын оқуға жіберту деген сияқты. Ал, ақсақалдың сұрағаны рухани байлық, ата-жұртын аралап көру екен. Бұл көп адамның ойында болғанымен, батып айта алмайтын тілектерінің бірі еді.

Ата-жұртында Д.А.Қонаевтан бастап, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ұстаз ғалымдар «шет елден қоғам қайраткері келді» деп хабарласып, сұхбаттасып, сыртта жүрген зиялы қазақ азаматтарының қоғамдағы орны, тілі, діні жайлы хабардар болғаны, олардың көкейіндегі көптеген мәселелердің түйінін шешкендей болды.  Ноғай ақсақалдың аңсаған арманы ширек ғасырдан кейін, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана орындала бастады. Шет елдегі қазақтар ата-жұртқа оралды. «Атасы көрмегенді, ботасы көреді» дегендейін, Ноғай ақсақал келіп, көріп қайтқан қазақ еліне ұрпағының көші келіп орналасты. Ақсақалдың үрім-бұтағы Алматы облысының қалаларын мекен етуде. Осы көшпен ұлдарымен бірге, қыздары Шарипа мен Мәрияштың да отбасылары Алматыға қоныстанған  екен.

                                            Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.

Суретте: Ю.Цэдэнбал және Н.Шымшырұлы, 1966 жыл. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар