Ауыл әйелдеріне қамқорлық мол болса, қайтарымы да солай болмақ

ФОРУМ

Ақкөл қаласында «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты республикалық ауыл әйелдері форумы өтті. Айтулы шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары Алтынай Әміренова, Досұлан Айтбаев қатысып, табиғатынан нәзік жанды, ал, іске келгенде қауқарлы әйелдер қауымына жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.  

Ақкөл қаласындағы Мәдениет үйінде өткен форумға еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық қатысушы жиналып, ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеру бағытында пікір алмасып, еліміздегі әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.

Бұған дейін еліміздің көптеген аймақтарында ұйымдастырылған шараның қорытынды жиынын Ақмола облысының әкімдігі мен Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Ауыл» партиясы бірлесіп өткізді. Сонымен қатар, қоғам өмірі мен мемлекет ісіне белсене араласып жүрген ауыл әйелдерінің басын қосқан бұл айтулы шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық комиссияның және «Ауыл» партиясының мүшелері, олардың өңірлік хатшылары және әр облыстардан келген делегация қатысты.

Форум жұмысы ауыл шаруашылығының өнімдері мен отандық өндірістің түрлі тауарлары және қолөнер туындылары ұсынылған көрмеден басталды. Көрме барысында қатысушылар өзара емен-жарқын әңгімелесіп, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегімен, олардың шығарып жатқан жаңа өнімдерімен, заманауи технологияны қолданудағы мүмкіндіктерімен танысып шықты.

Содан соң Мәдениет үйінің кең залында өткен ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов құттықтау сөз сөйледі. Ерболат Байұзақұлы ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын, сонымен қатар, олардың кәсіпкерлік саласындағы қызметін қолдау бағытындағы заңнамалық жұмыстар әрі қарай да жалғаса беретінін атап өтті. Ал, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменова ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеру, әйелдер ісіне үнемі назар аударып, олардың барлық бастамаларына қолдау білдіріп, қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін тілге тиек етті.  «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов  партия тарапынан ауыл әйелдерін жан-жақты қолдау бағытында көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

Форум барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әлемге танымал әнші, қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар жиналған қауымға өздерінің жүрекжарды тілектерін жолдап, ыстық лебіздерін білдірді.

Содан соң форум жұмысы ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, олардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, ауылдық аумақтарда жаңа технологияларды енгізу мәселелері қаралған пленарлық сессиямен жалғасты. Оған «Ауыл» партиясы орталық аппарат басшысының орынбасары Айгерім Сәрсенбаева модераторлық етті. Алдымен, «Qazaq U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынай Тәңірбергенова өзінің киіз үй өндірісін заманауи тәсілдермен үйлестіру тәжірибесімен таныстырды. Оның «Қаладағы өмірден дала өрнегіне: Киіз үй кәсібінің табысты тарихы» атты баяндамасы жиналғандар үшін назар аударарлық қызықты тақырып болды. Кәсіпкер өз сөзінде еліміздегі киіз үй өндірісінің жылдан-жылға қанат жайып, жаңа технологиялардың арқасында зор жетістікке қол жеткізіліп келе жатқанын атап өтті.

Ал, «TechnoWomen» қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер Ғалия Оразалинова жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ауылдағы бизнеске қосар үлесі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылынан келген «Барсукова» шаруа қожалығының басшысы Юлия Барсукова өзінің ауылда табыс көзін тапқан өз кәсібі туралы жан-жақты әңгімелеп берді.  Сондай-ақ, жиынға Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылынан қатысқан жеке кәсіпкер Жұма Нұрғалиева мен Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақсуат ауылынан келген жеке кәсіпкер әрі аудандық мәслихат депутаты Ләззат Сейіткереева қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен олардың отбасы мен еңбек нарығын көтерудегі  маңызды рөліне ерекше тоқталып өтті.

Сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылған пленарлық сессиядан кейін қатысушылар назарына отандық дизайнерлеріміз дайындаған ұлттық нақыштағы киімдер коллекциясы қорынан дефиле ұсынылды. Форум аясында қонақтар «Smart Aqkol» технологиялық хабы мен республикалық ғарыштық байланыс орталығында болып, Ақкөл қаласындағы еліміз бойынша алдыңғы қатарлы цифрлық мүмкіндіктермен танысты.

Шара қорытындысында ауыл әйелдеріне жүйелі қолдау көрсетудің, ауыл кәсібін дамытудың, экспорттық әлеуеті бар бастамаларды күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Ақкөлде өткен бұл форум ауыл әйелдерінің жаңа мүмкіндіктерге қадам басуына, тәжірибе алмасуына және өз әлеуетін ашуға серпін берген маңызды алаң болды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар