«Ақтық» агрофирмасы» акционерлік қоғамы: инновациялық технологиялар нәтижесі

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ӨНДІРІС

Биыл Ақмола облысында 019 «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бюджеттік бағдарламасы аясында алты шаруашылықта ірі өндірістік тәжірибелер жүргізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты —  заманауи агротехнологияларды нақты алқап жағдайында сынау және дәнді, бұршақты, сондай-ақ, майлы дақылдар өнімділігін арттыру. Сол тәжірибелердің ең ірісі Целиноград ауданындағы «Ақтық агрофирмасы» акционерлік қоғамының базасында 600 гектар алқапта өтті. Жобаға қатысушылар А.И. Бараев атындағы Шортанды Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдарымен бірлесе отырып жүзеге асырылды. Осы жұмыстарды  сүйемелдеумен айналысқан аталмыш орталықтың ғылыми қызметкері Елдос Мұратұлымен газет тілшісі осы тәжірибенің барысы, қолданылған технологиялар және қол жеткен нәтижелер туралы әңгімелескен еді. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 Алдымен, бізге өздеріңіз ғылыми сүйемелдеуге алған шаруашылық туралы айта кетсеңіз.

– Ақмола облыстық әкімдігінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері арасында «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы агрономиялық маусымда алты шаруашылықта өндірістік тәжірибелер жүргізілді. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі тиімді агротехнологияларды өндірістік жағдайда сынау және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 10-15 пайызға арттыру. Соның ішінде осыған қатысты ең ірі тәжірибелердің бірі  Целиноград ауданы, Нұресіл ауылдық округінде орналасқан «Ақтық агрофирмасы» акционерлік қоғмы егістік жерлерінде 600 гектар аумақта, екі танапта жүргізілді.

Өндірістік тәжірибе қалай өрбіді? Ол қандай нұсқалардан тұрды? Жұмыс барысында аса көңіл бөлуді қажет еткен мәселелер болды ма?

– Тәжірибе аясында Қазақстан және Ресей селекциясына жататын екі жаздық жұмсақ бидай сорты – «Фантазия» және «Память Азиева» сыналды. Себу жұмыстары К-747 тракторына тіркелген бес дана СКП-2,1 сепкішімен, 2,5 миллион өнгіш тұқым (112–115 кг/га) мөлшерінде, 5-7 сантиметр тереңдікте, осы өңір үшін оңтайлы мерзімде, 20–21 мамыр күндері  жүргізілді.

 

Сұрыптар Нұсқалар
1 2 3 4 5
Память Азиева Р20 – 60 кг/га ә.е.з. Р20 – 20 кг/га ә.е.з. Өсу стимуляторы + микротыңайтқыштар Микро-тыңайтқыштар Бақылау нұсқасы
Фантазия Р20 – 20 кг/га ә.е.з. Өсу стимуляторы + микротыңайтқыштар Бақылау нұсқасы

Шаруашылықтың егістік құрылымы негізінен, дәнді дақылдардан тұрады. Соның ішінде 95 пайызын ауысымсыз жаздық жұмсақ бидай алып жатыр. Сондықтан, вегетация кезінде пестицидтермен жұмысқа аса көңіл бөлінді. Арамшөптерге, зиянкестерге және ауруларға қарсы әсер етуші заттары ғылыми негізделген гербицидтер, инсектицидтер және фунгицидтер таңдалып, өңдеу жұмыстары уақытылы жүргізілді. Түптену кезеңінде бақылау нұсқасын қоспағанда, барлық нұсқалар микротыңайтқыштармен үстеп қоректендірілді.

Ал, енді биылғы ауыл шаруашылығы маусымындағы ауа райы жағдайы бойынша жалпы пікіріңіз қандай? Мұның да тәжірибеге әсері болды ғой, солай емес пе?

– Биылғы жылдың ауа райы жағдайлары егіншілік саласы үшін оңтайлы болды. Жоғары температура жауын-шашынның мол мөлшерімен үйлесті. Мамыр-тамыз айларындағы жауын-шашын көлемі көпжылдық көрсеткіштерден жоғары болды. Бұл тәжірибе жөнінен біз қолданған агрошараларға жақсы серпін берді. Аймақта дақылдардың өнімділігін тежейтін негізгі фактор ылғалдың жетіспеушілігі. Ғылыми деректерге сәйкес, агротехникалық шаралар жоғары деңгейде орындалған жағдайда қосымша 1 центнер өнімді қалыптастыру үшін өсімдіктер топырақтың шамамен 10–12 миллиметр ылғалын пайдаланады. Биыл осы жағынан ешқандай жетіспеушілік болған жоқ.

Демек, алынған нәтижелер де ойыңыздан шығуы керек қой.

– Әлбетте солай. Сорттар вегетациялық кезеңнің ұзақтығымен, тыңайтқыштар мен агротехникалық шараларға тиісті жауап қайтаруымен ерекшеленді. Сорттық ерекшеліктер мен маусым барысындағы ауа райы жағдайлары бақылау нұсқаларында Память Азиева сортында гектарынан 16,8, Фантазия сортында 18,4 центнер өнімді қалыптастыруға ықпал етті. Ең жоғары қосымша өнімділік кешенді өсімдік қорғау нұсқаларында байқалды. Соның ішінде Р20 + микротыңайтқыштар нұсқасында Память Азиева сорты бойынша – 5,6 ц/га, Фантазия сортында – 4,8 ц/га қосымша өнім алынды. Басқа нұсқаларда қосымша өнім 20-30 пайыз төмен болды. Енгізілген агротехнологиялар өнім сапасына да оң әсер етті. Память Азиева сортында клейковина, яғни, қамырлылық мөлшері 25,2 пайыздан 27,0 пайызға, Фантазияда 22,4 пайыздан 25,1 пайызға дейін өсті. Бұл жерде қосымша өніммен қатар, сапаның артуы агротехнологиялардың экономикалық тиімділігін еселеді.

Сонымен, биылғы атқарылған жұмыстарыңыздан қандай қорытынды шығаруға болады?

– Жүргізілген тәжірибелер агротехнологиялық шараларды тиімді қолданудың, макро және микро тыңайтқыштарды, кешенді өсімдік қорғау жүйесін пайдаланудың дәнді дақылдар шығымдылығына оң әсерін ғылыми дәлелдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл тәжірибе біздің шаруалардың осы шараларды өз жерлерінде, өз техникасымен ойдағыдай жүргізе алатынын көрсетті. Зерттеу нәтижелері алдағы уақытта егіншілік саласы бойынша ұсынылатын әдістемелік нұсқаулықта да көрсетіледі және қызығушылық танытқан барлық шаруаларға қолжетімді болады.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Алда да жұмыстарыңыз табысты болсын!

Сұхбатты жүргізген Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар