ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДА
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өткен отырысқа облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары онлайн және офлайн режимде қатысып, бүгінде аймақтың денсаулық сақтау саласында орын алып келе жатқан, жергілікті жерлердегі көптен бері шешімін күткен түйткілді мәселелерді көтерді.
Белгіленген күн тәртібіне сай комиссия мүшелері алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің жоғарыда аталған екі мәселе бойынша әзірлеген баяндамасын тыңдады. Басқарма басшысы тұжырымдамада көрсетілген жеті негізгі бағыттың 23 нысаналы индикаторы бойынша облыста тиісті жұмыстар көзделгенін баяндады.
– Бұл индикаторларға халықтың өмір сүру ұзақтығы, нәресте мен ана өлімінің деңгейі, сондай-ақ, медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігіне байланысты бірқатар басқа да көрсеткіштер кіреді. 2025 жылға арналған негізгі нысаналы индикаторлар әртүрлі даму көрсеткішіне ие. Сәби өлімі және балалар арасындағы семіздік сияқты көрсеткіштер бойынша біздің облыста оң динамика байқалады. Алайда, ана өлімі, қан айналымы жүйесі мен онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім мәселелері өзектілігін жоймай отыр. Сондықтан, бұл жағынан жүйелі шараларды күшейтудеміз, –дей келе, басқарма басшысы тұжырымдаманың бағыттарына жекелей тоқталды.
Ана мен бала өлімін азайту және болдырмау мақсатында еліміз бойынша айтулы шаралар жүргізіліп жатқанына қарамастан, облыста ағымдағы жылдың 10 айында өкінішке орай 4 ана өлімі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен өте жоғары. Баяндамашының айтуынша, әрбір оқиға бойынша егжей-тегжейлі тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиға орын алған медициналық ұйымдардың, атап айтқанда, Есіл, Шортанды аудандық ауруханалары мен облыстық фтизиопульмонология орталығы және «VIAMEDIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Көкшетау, Степногорск қалаларындағы филиалдарының басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «сөгіс» және «қатаң сөгіс» алған.
Бүгінде аймақта әйелдерді босандыруға арналған 19 ұйым жұмыс істейді. Бұл мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 88 пайызды құраса, кадрлық қамтамасыз етілуі 87 пайыз. Ағымдағы жылдың 10 айында бұл мекемелерде 6 мыңнан астам әйел босанып, сәбиін құшағына басқан. Сонымен бірге, баяндамашы әйелдердің ерте босанып қалуын, бала өлімінің алдын алу бойынша жасалып жатқан жоспарлы жұмыстар нәтижесінде бұл бағыттағы кері көрсеткіштер айтарлықтай төмендегенін айтты. Тұжырымдамада дәрі-дәрмекпен қамту, денсаулық сақтау ұйымдарын жаңадан салу және күрделі жөндеу жүргізу шаралары да қарастырылған. Мәліметтерге сүйенсек, өңірде дәрі-дәрмек қоры бойынша тапшылық байқалмайды, қазіргі уақытта дәрі сақтау қоймаларында 2 айлық қор жинақталған. Сонымен қатар, облыста медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Биыл облыстың 9 негізгі денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Оған бөлінген қаржыны игеру жағы әр мекемеде әрқалай. Қаржыландыру және жұмысты орындау бойынша кемшіліктер 6 қабатты облыстық балалар ауруханасы мен Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының ғимаратында анықталған. Ал, қаржының жеткілікті бөлінбеуі салдарынан 5 медициналық ұйымда биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау мүмкін болмай отыр. Енді бұл жобалар келісім-шарттар негізінде 2026 жылға ауысады. Аталған жобаларды іске қосу үшін 4,34 миллиард теңге қаржы қажет.
Ал, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста жоспарланған 38 алғашқы медициналық көмекті көрсету мекемелерінің 33-і пайдалануға берілген, қалған 5 нысанда құқық белгілейтін құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, баяндамашы ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша Атбасар аудандық және Степногорск қалалық ауруханаларында қолға алынған қосымша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары да биыл жыл соңына дейін аяқталады деп сендірді. Ұлттың жоба бойынша облыстың медициналық ұйымдарына 234 медициналық техника сатып алу жоспарланса, бүгінге дейін оның 211-і алынып, оған 6 миллиард теңге қарастырылғаны айтылды.
Тұрақты комиссия отырысында медициналық кадрлардың тапшылығы, оларды өңірде ұстап қалу үшін жасалып жатқан әлеуметтік көмек түрлері де сараланды. Мәселен, бүгінгі таңда Ақмола облысында 289 дәрігер жетіспейді, атап айтқанда ауылдық жерлерге 125, қалаларға 65 дәрігер қажет болса, алғашқы медициналық көмек көрсету мекемелеріне 93 маман керек. Басқарма басшысының мәліметінше, облысқа тар шеңберде белгілі бір бейінді ұстанатын мамандықтар бойынша акушер-гинеколог, кардиолог, офтальмолог, хирург, педиатр, онколог, терапевт және шұғыл медицина қызметкерлері аса қажет.
–Биыл ауылдық аймақтар мен қалалық жерлерге 2024 жылы келген 117 дәрігерге жалпы сомасы 492,5 миллион теңгеге біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұдан басқа, ағымдағы жылы ауылдық жерлерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы медицина мамандарына 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау шарасы бекітілді. Биыл облысқа келген 93 дәрігер баспанамен қамтылды. Қазіргі уақытта Ақмола облысының жергілікті атқару органдарының гранты бойынша 338 адам медицина саласы бойынша білім алуда, оның ішінде 284 адам бакалавриатта, 54-і резидентурада оқиды. Осы жерде аса қажеттілік туындап отырған дәрігерлерге бір реттік әлеуметтік көмекті 8,5 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін көтеру жағын қарастырған жөн. Себебі, өңірге келіп жатқан кез келген ақ халатты жан бізден қаржылық қолдауды, баспана бөлуді және еңбекақы мәселесін сұрайды, –деді Нариман Ермекұлы.
Бұл ретте, депутаттар мемлекеттік деңгейдегі ұйымдардан сыртқа кетіп жатқан дәрігерлер есебін де сұрады. Биылғы жылдың ішінде өңірден 29 дәрігер кеткен. Сонымен бірге, мәслихат депутаттары денсаулық сақтау саласына келетін жас мамандарды қаржылық қолдау мәселесі соңғы жылдары оң жолға қойылғанын, бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанын айтып, кадрларды тарту және ұстап қалу бағытында жұмыс істей алмай жатқан басқарманы қатты сынға алды. Тіпті, биылғы жылы бакалавриат дәрежесінде білім алатын мамандарды даярлауға біздің облыстан мемлекеттік тапсырыс түспеген. Халық қалаулылары басқармаға осы бағыттағы жұмысты реттеу керектігін ескертті.
–Сессияда депутаттар бірауыздан қолдап, медицина кадрларын әлеуметтік қолдау үшін сұраған қаржыларыңызды бөлді. Тек жұмысты өндіре алмай, алдарыңыздағы жоспарды техникалық тұрғыдан орындамай отырсыздар. Келесі жылдың бюджеттік жобасына медицина кадрларын даярлау енбеген. Жаңа ауруханалар салынып жатыр, оның бәрін кадрмен қамтуды қазірден ойластыру керек қой, – деп комиссия төрағасы денсаулық сақтау саласының осы күнге дейінгі жүргізген жұмыстарының нәтижесіз, тиімсіз болғандығын, жобаларының сәтсіз аяқталғанын жеткізді.
Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласындағы барлық жағдайды баяндаған басқарма басшысы тұжырымдама шеңберінде және ұлттық жоба аясында қолға алынған жобаларды толық аяқтау мақсатында тиісті шараларды қабылдайтындығын айтып, мәслихат депутаттарынан келесі жылдың бюджеттік жоспарлауына қосымша қаржы қарастыруды сұрады.
Аудандар мен қалалардағы депутаттар Астрахан ауданында рентген аппаратының жоқтығын, Бұландыда 2007 жылдан бері флюорографияның тозып тұрғандығын, ауылдық мектептерге медбикелерді бекіту және оларға еңбекақы төлеу мәселесін шешу, мұғалімдердің жыл сайынғы медициналық тексерістен өтуін кепілдендірілген тегін медициналық көмек құрамына енгізу жайын көтерді. Басқарма басшысы Астрахан ауданына рентген аппаратын «Ск-Формация» ЖШС келесі жылы алып беретінін, Бұландыға флюорография жабдығы 2026 жылдың наурыз айында жеткізілетіндігін, ал, медбикелерді мектепке бекіту жайы еліміз бойынша өзекті жағдай екендігін айтты.
Сонымен бірге, комиссияда жергілікті депутат Айдын Төребаев Қосшыдағы ашылғанына небары 2-3 жыл ғана болған жаңа қалалық емхананың жабылып, Үкімет қаулысымен «VIAMEDIS» компаниясы салып жатқан ауруханаға өтіп жатқанын көтерді. Бір кемшілігі, компания халықпен кездесуде берген уәделерін орындамай отырғандығы. Қаңтарда ашылатын бұл мекемеде уәде берілген балалар стационары мен онкология бөлімшесі болмайды. Қосшы қаласының депутаты халықтың жанайқайын жеткізе келе, қаладағы бұрынғы емхананың ғимараты босаған соң, оны балалар емханасына бейімдеу туралы ұсынысын жеткізді. Себебі, Қосшыда бүгінгі күні жалпы балабақша және мектеп жасындағы балаларды қоса есептегенде, 17 мыңнан астам бала бар.
–Кейбір ауданда мұншама адам жоқ. Тіпті, іргедегі Целиноград ауданында да балалар ауруханасы қарастырылмаған. Балалар ауырып қалса, Астанаға апарамыз, – деп басқарма басшысына бұл мәселені шешудің амалдарын қарастыруды сұрады.
Түсіндіріп өтсек, Денсаулық сақтау министрлігі «VIAMEDIS» компаниясымен келісіп, Қосшы қалалық емханасының қызметін аталған компанияға беру туралы қаулы шығарған. Сол келісім аясында «VIAMEDIS» компаниясы өз қаржысы есебінен Қосшы қаласында ауқымды медициналық кешен салуда. Ол мекеме қосшылықтарға амбулаторлық және стационарлық деңгейінде медициналық қызмет көрсететін болады. Басқарма басшысының айтуынша, балаларға стационарлық медициналық көмек түрлері әзірше Астана қаласындағы облыстық №2 көпсалалы аурухана базасында ашылғалы отырған перинатальды және балалар бөлімшесінде көрсетіледі. Ал, бұрынғы емхана ғимараты әкімдік меншігіне өтеді.
Бұл мәселеде комиссия төрағасы Үкімет жоғарыда аталған қаулыны неге облыстық денсаулық сақтау басқармасының қатысуынсыз шығарғанын сұрап, басқарма басшысына ертең емхана жеке меншікке өткеннен кейін Степногорск қаласында орын алған түйткілді мәселелер қайталанбау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау керектігін ескертті. Бұл жағдайға қатысты Степногорск қаласының депутаты Олжас Жағыпаров жеке меншік кәсіпкерлер емхана ашып, амбулоториялық қызметтерді өздеріне алатын болса, оларға стационарлық қызмет түрлерін қосып беруді ұсынып, Степногорск ауруханасындағы кредиторлық қарыздардан арыла келе алмай жатқандықтарын тілге тиек етті. Сөйтіп, компания басшылығы өздерінің экономикалық жағдайларын көтеру мақсатында амбулаторлық қызметтерді ғана алып, стационарлық шығыны көп қызметті ысыра салатындығын сынады.
Отырыста әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Талғат Тұрмағанбет пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омархановтың өздері басқарып отырған ұйымдарының бір жыл бойғы жұмыстары мен алдағы жылдарға жоспарлары туралы баяндамалары тыңдалды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілінің мәлімдеуінше, облыс бойынша қорға түскен қаржының 1,5 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Жаров бұл игерілмеген қаржыны стационарлық мекемелердегі онкология, травмотология бөлімдері секілді қаржысы жетіспей жатқан шұғыл бөлімшелердің қызметіне бағыттауды сұрады.
Комиссия мүшелері денсаулық сақтау басқармасының басшысына жиын соңында саладағы бұған дейін орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жойып, қолға алынған жобаларды соңына жеткізіп, кадрлық саясатын нығайтуды, сонымен бірге, жоғарыда аталған қормен және департаментпен ынтымақтастық қарым-қатынаста, келісе жұмыс істеуді тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

