ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНДА
Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Онда комиссияның 2025 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы шығарылды.
Есепті кезеңде мемлекеттік аудиттің 85 объектісіне аудит жүргізілді. Тексерілген бюджет қаражаты мен активтердің жалпы сомасы 103,2 миллиард теңгені құрады.
Аудит қорытындысы бойынша қаржылық бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. Осыған орай, мемлекеттік аудит объектілеріне 160 нұсқама және 41 ұсыным жолданды. Қабылданған шаралар арқылы 15,4 миллиард теңге қалпына келтірілді, бюджет кірісіне 169,7 миллион теңге өтелді, 51 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру комиссиясы 6 әкімшілік іс қозғады, 112 материал уәкілетті органдарға, соның ішінде 12-сі құқық қорғау құрылымдарына жолданды. Аудиторлық материалдар негізінде құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.
Екі сараптамалық-талдау іс-шарасы өткізіліп, олардың қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға заңнаманы, өңірлік бағдарламаларды жоспарлау мен іске асыруды жетілдіру жөнінде бірқатар шаралар ұсынылды.
Бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тексеру комиссиясы тұрақты түрде оқыту іс-шараларын өткізеді. Мәселен, 12 маусымда Астрахан ауданында және 14 тамызда Сандықтау ауданында мемлекеттік мекемелер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өтті. Оларда бюджетті атқару кезінде жиі кездесетін бұзушылықтар және облыстың даму жоспарын іске асыру мәселелері талқыланды.
Тексеру комиссиясының бұл отырыстарында ішкі бақылауды күшейту, мамандардың қаржылық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік жоспарлау қағидаттарын сақтау бюджет қаражатын сапалы әрі тиімді басқарудың негізгі шарттары болып қала беретіндігі айтылды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
![]()

