Тағы да сол мемлекеттік тілдің мәселесі…

АШИДЫ ЖАНЫҢ!

Бәрімізге белгілі, қазақ елінің дархан даласы көп этносты болғандықтан ба, әлде кеңестік өкіметтің сарқыншақтарының зардабы ма, әйтеуір, солтүстіктегі шұрайлы өлекелердің қазағының өзге тілді жетік меңгергенімен, өз мемлекеттік тіліне шорқақтығы бар.

Осы ретте, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы зиялы қауым өкілдері мен жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, «Qazaq tili Legacy» атты облыстық семинар ұйымдастырды.

Идеологиялық маңызы зор іс-шара әдепкіден бөлек, ашық пікірталас форматында өтті. Бұл алаңда студенттер зиялы қауым өкілдеріне, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың басшыларына еркін түрде сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиында мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы сөз болды. Қоғам қайраткерлері қазақ тілінің ахуалы әлі де алаң тудыратынын айтып, оны жылдар бойы бір ретке келтірмей, талқылай берудің өзі ұят екенін жеткізді.

Ең бірінші болып сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі үшін жасанды интеллект (ЖИ), робототехника тәрізді техника мен инновацияның тілі қазақша болуы керектігін айтты. Сондай-ақ, ақылға қонымды ойларын жеткізді.

– Не істеу керек дегенде бір-ақ жауап бар. Әр қазақ өзі қазақша сөйлеуі керек. Болды! Бұған мемлекеттің тарапынан ақша бөлудің де, қаулы қабылдаудың да қажеті жоқ. Осыны да түсіну керек. Мемлекеттік қызметтің өзінде әлі күнге дейін қазақ тілі толыққанды қолданылып жатқан жоқ. Біз әлі күнге дейін қазақ тілін өркендетіп жатырмыз деп өзімізді-өзіміз алдап жатырмыз, – деді ол.

Жиынға қатысқан студенттер қатарында «Серпін» бағдарламасымен келген жастар аралас мектептерге қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

– «Серпін» бағдарламасымен келген студенттерге аралас мектептерде практикадан өту және жұмыс істеу ол өте қиындық туғызады. Жалпы, мен зерттеулерге қарағанымда, осы Ақмола облысында балалардың 48 пайызы қазақ мектептерінде білім алса, ал, қалған 52 пайызы аралас мектептерде білім алады екен. Яғни, жартысынан көбі өзге тілде білім алады. Бұл үлкен мәселе деп ойлаймын, сол аралас мектептерді қазақ мектептеріне ауыстыру мүмкін бе? Мүмкін болмаған жағдайда қазақ мектептеріне қалай көбірек назар аударта аламыз? – деп батыл сұрақ қоя білді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Ақбота Жанғылысова.

– Сіздің 48 пайыз деп отырғаныңыз, ол 2024-2025 жылдың пайыздық көрсеткіші. Бүгінде 149 мың оқушының 69 мыңнан астамы мемлекеттік тілде білім алады. Аралас мектептерді қазақ тіліне ауыстыру мәселесіне келсек, біз орыс мектептерін мүлде жауып тастай алмаймыз. Қазақстан Конституциясында да көрсетілгеніндей, әр адам қай тілде білім аламын десе де өз құқығы. Біз жылда қазақ тілінде білім беретін сынып жиынтықтарын көбейтіп жатырмыз. Биыл бізде 10 мектеп облыс бойынша ашылса, соның алтауында балалар мемлекеттік тілде оқиды, қалған төртеуі аралас сыныптар, – деді өз жауабында облыстық білім басқармасының бас маманы Айгүл Шақшақова. Дегенмен, 149 мың оқушының 69 мыңы ғана қазақша оқыса, бұл да көңіл көншітетін жауап емес. Қалай дегенде де, қазақ мектептері облыс орталығы Көкшетау қаласының өзінде де, облыс бойынша да көбейтілуі керек.

Ашық дебат түрінде өткен семинар соңында тіл майданында белсенділік көрсетіп жүрген студенттер мен зиялы қауым өкілдері Алғыс хатпен және 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар