«Ер кезегі үшке дейін деген» болуы керек

Аршалы аудандық сотында терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған хабарлама бергені үшін ҚК-нің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қаралды.

Сот анықтағанындай, 2025 жылдың тамыз айында бақташы болып жұмыс істейтін М., бұған дейін 2019 және 2023 жылдары терроризм актісі туралы осындай жалған хабарламалар бергені үшін екі рет соттала тұра, тағы да қайтадан осыған ұқсас қылмыс жасаған.

Атап айтқанда, «112» нөміріне қоңырау шалып, Астана қаласындағы автовокзалда жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған. Оқиға орнына уәкілетті қызметкерлер жіберіліп, тексеру барысында террористік акт туралы бұл ақпарат расталмады.

Сотта М. кінәсін мойындап, өз әрекетін қазіргі уақытта тұрақты тұратын жерінің болмауымен, ал, бас бостандығынан айырылған адамдарға түзеу мекемесінде тегін тамақ пен киім берілетіндіктен, осындай қадамға барғанымен түсіндірді.

Жазаны тағайындауда, сот М.-ның осыған дейін де дәл осындай құқық бұзушылықтар жасағанын және одан сабақ алмағанын ескерді. Сөйтіп, сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жаза қатаң режимдегі колонияда өтелетін болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар