Өрт сөндіруші Әліби СӘРСЕНБАЙ: «Құтқарылған адамның алғысы – біздің ең үлкен марапатымыз»

БҮГІННІҢ БАТЫРЫ ОСЫ ЖАНДАР!

Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Әліби Думанұлы Сәрсенбай – осы салаға 15 жылын арнап, ауыр да абыройлы жұмысты жауапкершілікпен атқарып, тілсіз жаудан аман құтқарылған талай адамның алғысын арқалаған бүгінгінің батыры.

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі болса, нағыз ер азаматтарға тән бұл мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек.

– Оқуды қызыл дипломмен тәмамдап, сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан лейтенант шенін алып, содан бері №1 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп келемін, – деп бастады әңгімесін Әліби Сәрсенбай.

Ол бұл қызметтің оңай еместігін, асқан психологиялық, физикалық дайындықты және төзімділікті қажет ететінін баса айтты. Өйткені, жалғыз емес, жеке құраммен бірге жұмыс істейтіндіктен, топпен бірге өмір сүре білу де маңызды.

Азаматтық қорғау майоры әр қызметкерінің ата-анасы мен отбасын танитындықтан, олардың алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінеді. Оның үстіне, мамандық иесі өрт сөндірумен ғана емес, көлік апатынан мерт болғандар мен құдыққа түскендерді, тағы басқа төтенше жағдайға кез болғандарды құтқару жұмысымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, өрт сөндіруші жұмысы құтқару жұмысына қатысты осының барлығын қамтитын ерекше жұмыс түрі.

Кейіпкеріміздің сөзінше, өрт сөндіруші болу үшін ең алдымен детектив секілді жұмыс жасай білуді үйрену маңызды. Өйткені, өрт сөндіруші өртті сөндіріп қана қоймай, қайда бара жатқанын, қандай құжаттарды алу керегін және қандай алғашқы көмектерді жасау керек екенін бес саусағындай білуі керек.

– Өртпен бетпе-бет келгендегі біздің басты құндылығымыз – адам өмірі мен мүлкі. Әр адамда психологиялық үрейдің болатыны сөзсіз. Бірақ, оған бой беруге болмайды, себебі, ол әрі қарай жұмыс істеуге кедергі келтіреді, – дейді ол.

Кейбір оқиғалар уақыт өте ұмытылса да, Әлібидің жадында мықтап сақталған бір оқиға бар.

– Қыс мезгілі. Түнгі екі-үш шамасында Северный 33 жатақханасында өрт болды. Үшінші қабаттағы бір пәтердің тұрғындары көшу барысында жиһаздарының барлығын дәлізге шығарып қойған екен. Темекі тұтанып, сол жиһаздың барлығы жанғанда, бір отбасы пәтерінен шыға алмай қалған. Біз есікті бұзып кірдік. Ол жерден аяғы ауыр әйел мен отағасыны және кішкене екі ұлды алып шықтық. Осы оқиғадан кейін жаз кезінде сол жүкті әйел жұмысымызға келіп, сәбиінің аман-есен дүниеге келгенін айтып, құтқарушыларға алғыс айтты. Құтқарылған адамның алғысына бөленгеннен артық бақыт жоқ екенін осы сәтте түсіндім, – дейді Әліби.

Өрт сөндірушінің бейнесі – төзімділік пен қайсарлықтың символы. Оның үстіндегі арнайы киімі ауыр, ыстықтан қорғайтын сауыт іспетті. Ол әрбір қимылын дәлдікпен, әрбір шешімін жылдамдықпен қабылдауға тиіс. Өйткені, өрт – уақытты күтпейтін тілсіз жау.

– Адам физикалық тұрғыдан мықты болса да, іштей батыл болмаса, жалын ортасына кіре алмайды. Сондықтан, ең алдымен, жүректі адам болғаны жөн. Бұл жұмыста әрбір секунд санаулы. Сезімге ерік беруге болмайды, керісінше, оны басқара білу қажет. Өртке кіретін кезде демалатын аппараттың арнайы топсаларын қолымызға, білегімізге киеміз. Ішінде сығымдалған ауа – 3 мың атмосфера бар. Екеуі көлемі жағынан ұқсас болса да, бұл көлік дөңгелегіндегі ауадан 150 есе көп. Ол бізге түтінге тұншығып қалмас үшін 0,3 пропорциямен ауа береді. Егер дұрыс істемей қалса, бұл үш мың атмосфера ауа өкпемізді жарып жіберуі мүмкін. Қажет кезде зілбалға, сүймен, және құтқарылатын адамға арналған қосымша бетперде алып кіреміз. Адамдарды көтеріп алып шығу үшін дайындық кәсіби спортшыдан кем болмауы керек, – дейді бүгінгінің батыры.

Кейіпкеріміз өрт сөндіру кезінде техникалық ережелерді сақтаса да, жарақат алып, беті мен қолы күйетін кездер болатынын да жасырмады. Сол себепті, ол әрбір жеке құрамдағы өрт сөндіруші жоғары жалақыға лайық деп санайды.

– Өртеніп жатқан ғимараттың ішінде бір-бірімізді ым-ишарамен, дене тілімен түсінеміз. «Байқа, аяғыңның астында бір нәрсе жатқан секілді немесе жоғарыдан бірдеңе құлайды» деген секілді белгі беру арқылы сақтандырамыз. Іште өрт сөндіріп жатқанда, сырттағы әріптестеріміз радиостанция арқылы байланыста болады. Байланыс болмай қалған жағдайда, олар да ішке еніп, көмек көрсетеді. Өрт сөндіру — бұл командалық, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс болғандықтан, өрт сөндірушілер бір-біріне адал, бірін-бірі ешқашан қиын жағдайда тастамайды, – дейді өрт сөндіру бөлімінің аға инженері.

Оның айтуынша, жұмысқа жаңадан келген жас құтқарушылар алдымен, тәжірибелі адамдардан үйреніп, психологтар олардың моральдық жағдайын күнделікті бақылап отырады. Болашақ құтқарушылар өрт сөндіруге қатысты барлық жұмыстарға осылай мұқият дайындықпен кіріседі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар