Майданда  ерлікті, бейбіт өмірде әділдікті ту еткен 

Қарауылдың Есенбай – Шұңғырша тармағынан тарайтын үш атаның балалары – Шұғыл, Жарасқұл, Сүйіншәлі ұрпақтары 1930 жылы қоғамдасып, бүгінгі Баратай ауылының негізін қалады. Бейбіт өмірде еңбек көрігін қыздырып, ел басына күн туған кешегі Ұлы Отан соғысында қолдарына қару алған ауыл азаматтары Ақан батыр бабалары сияқты зұлым жаумен қайсарлықпен шайқасты. Ал, Шұғылдың зерделі ұрпағы Рүстембай бабаның Әли ата әулетінен майданға үш перзенті – Шарап, Мейрам, Қазнауи қатысып, татар дәмі туған топырақтан бұйырып, елге аман-есен оралды. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» жобасымен жарияланып отырған бүгінгі мақалада құқық қорғау органының ардагері Қазнауи Әлиев жайлы сыр шертпекпіз.

Майдангер Қазнауи әке жайлы ой қозғағанда көз алдымызға ойы жүйрік, бойы биік, қара қылды қақ жарғандай әділ сөзді, текті тұлғаның бейнесі келеді. Сөзі ісінен алыс кетпейтін, жүріс-тұрысы сергек, өмірдегі мақсатын терең түсінген арлы азамат екені әрбір әрекетінен байқалады.

1925 жылғы 17 желтоқсанда өмірге келген прокуратура органының ардагері Қазнауи ақсақалдың шыққан тегіне зер салсақ, тарихи шежіреге толы тағылымнан сыр ұққандай боламыз. Төрт құбылаға аты шыққан, оқыған-тоқығаны мол діндар Рүстембай бабасы өз заманының аужайын бағамдап, немере інісі Наурызбай Таласұлын Бұқараға оқуға жіберген екен. Ал, өз бауырынан өрбіген үш ұлы – Әли, Сәбікен мен Керей де ел алдындағы қадір-қасиетін жоғалтпай, азаматтық борыштарын адал атқара білген.

Әулеттің үлкені Әли атай ұзын бойлы, аса сымбатты аққұба кісі болыпты. Өз балалары сияқты немерелерін де бауырына басып, мейірім шуағына бөлеген. Қарияның бес перзентінің қай-қайсысы болмасын ел үмітін еңбекқорлығымен, алғырлығымен, ата-баба дәстүріне адалдығымен ақтай білсе, Қазнауи аға зеректігімен ерекше көзге түсті. Жастайынан өршіл өрен ұлттық ойындарға, әсіресе, шахматқа өте құмар болыпты. Замандастары Бағауи Кереев, Тоқсанбай Әбілқадыровпен жүйрік ат мініп, Баратайдың баурайындағы орман-тоғайды аралап, аң-құс атып, сауық-сайран құрғанды ұнатқан.

Көкшетау өңіріндегі орта білім беретін жетекші оқу орны №3 қазақ орта мектебінде оқып, ер жеткен Қазнауиға да Отан қорғау кезегі келеді. Он сегізге толған жас жігіт Забайкалье майданындағы 41-атқыштар дивизиясының 386-полкі құрамында жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысты. Кеңес Одағының территориясында неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізілген ұрыстар совет әскерлерінің жеңісімен Еуропаға қарай ойысқанымен, шешуші шайқастар әлі алда болатын.

Кіші лейтенант, саяси жетекші Қазнауи Әлиевтің әскери бөлімшесі табандылық, қаһармандық таныта отырып, Бас қолбасшы жүктеген тапсырмаларды абыроймен орындап шықты. Алайда, соғыс өрті басылғанымен, көкшелік өжет офицер азаматтық борышын 1949 жылға дейін өтеуге мәжбүр болады. Өйткені, жаудың құйыршықтары мен сатқындар жасырын түрде әрекет жасап, бейбіт өмірге көп қауіп төндірді. Қираған шаруашылықты қалпына келтіру үшін әскери бөлімшелердің көмегі де ауадай қажет болатын. Баратайдың бағланының майданда көрсеткен ерлігі лайықты бағаланып, он шақты мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ұрыс алаңында шыңдалған майдангер Қазнауи Әлиев елге оралған соң, бірден басшылық қызметке тартылды. Екі жылдай Көкшетау обкомы хатшысының көмекшісі болғанында партиялық-ұйымдастыру жұмысынан біраз тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін шыңдады.

1953-1958 жылдары Щучье аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Луч» газетінің бөлім жетекшісі болып қызмет істегенде тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының бел ортасында жүріп, ел өмірінің тай қазанында өсіп жетілді. Тағдырын партиялық қызметпен байланыстыруды ұйғарған Қазнауи аға сияқты жас жігіт үшін бұл нағыз өмір мектебіне айналды.

Кадр резервін толықтыру және болашағы бар іскер мамандарға қолдау көрсету мақсатында облыс басшылығы 1958-1962 жылдары Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтың ұйғаруымен партия мектебінің осы тобын бітірген түлектер прокуратура органдарына қызметке қабылданады.

Қазнауи аға 1962-1968 жылдар аралығында Зеренді және Еңбекшілдер аудандарының прокуроры болып істей жүріп, Харьков қаласындағы заң институтының біржылдық курсын сырттай оқып бітіреді. Осылай кәсіби біліктілігін жетілдіріп, жұртшылықтың да, әріптестерінің де арасында зор абыройға бөленеді.

Ел билігі партия органдарының қолында болған кеңестік дәуірде социалистік заңдылықты қатаң сақтау прокуратура, сот, милиция органдарына жүктелетін. Сол себепті партия-совет және шаруашылық органдарымен бірлесе жұмыс істеудің арқасында аудан прокуроры өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз атқарды.

Ерекше атап өтерлік жай, Қазнауи Әлиев алдына келген аудан тұрғындарының, әсіресе, майдангер замандастарының өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, дұрыс шешім қабылдауға тырысатын. Оның осындай көрегендігі мен мейірімділігі жайлы Еңбекшілдер аудандық газетінің редакторы болған жерлес інісі Айдархан Кәріпхановтан қызықты әңгімені өзім де талай естігенмін.

«Әкеден мал қалғанша, тал қалсын дегендей, ол бізге мұра ретінде жоғары білімді тарту етті. Мың құбылып, жүз өзгеріп жатқан заман құбылысын болжағандай, мамандығымызды жетілдіріп отыруды үйретті», – дейді «Құрмет» орденінің иегері, алты алашқа аты мәлім кәсіпкер ұлы Асқар Әлиев.

Кезінде үш бірдей жер қойнауын бірінші болып ашқан Қазақстанның үздік кәсіпкері Асқар Қазнауиұлының «Көкшетау минералды сулар» акционерлік қоғамын қалай құрғанын, бұл кәсіпорын шығарған өнімдерден түскен кірістің қала бюджетінің жартысын құрағанын жерлестеріміз жақсы білетін шығар. Уақыт тынысын, өмір талабын тамыршыдай сезіне білген ол бүгінгі таңда «РИО» сауда орталығын кеңейтіп, тұтастай ірі өндірістік-сауда кешеніне айналдырды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы Асқар Әлиев жаңа нысанның ашылуы салтанатын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнінің құрметіне өткізіп, көкшетаулықтарға лайықты тарту жасамақшы.

Отбасының қамқоршысы Қазнауи аға сүйген жары, ұлағатты ұстаз Күлтай Жүсіпованы аялап өтті. Екеуінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі ел арасында да, туған-туыстар арасында да аңызға айналып, үй ішін шуаққа бөлейтің. Дастархан басындағы отырыста ол: «Менің Күлтайым – пәктіктің, тазалықтың, адалдықтың асыл бейнесі. Осындай асыл жанмен тағдырымды тоғыстырғаны үшін Аллаға мың мәрте шүкіршілік етемін» – дегенді мақтанышпен жиі айтады екен.

Кәсіпкерлікпен сәтті айналысып жүрген үлкен ұлы Алмаз ұрпақ сабақтастығы жайлы былайша тебіренеді: «Әкей небары қырық үш жыл ғұмыр сүрсе де, артында әулетімізді мақтаныш сезімге бөлейтін абыройлы ісін қалдырды. Зұлым жаудан елді қорғап, екі бірдей ауданның прокуроры болғанында қоғамның тыныштығын сақтап, халқының өмірін қалтқысыз қорғай білді. Бізге жиі айтатын өсиеті – үлкендерді сыйлаңдар, бауырларыңмен тату-тәтті болыңдар. Санамызда мәңгілікке жатталып қалған осы ұлағатты сөзін Асқар екеуіміз өз балаларымызға, немерелерімізге үнемі айтып жүреміз. Өйткені, отбасылық дәстүрді қастерлеу – Әли ата әулетінің ең басты мұраты».

Осы ұстанымның айқын дәлелі ретінде Мәрам ақсақал мен Қабдыраш ағаның орманшы кәсіпшілігімен айналысып, жасыл желекті қызғыштай қорғау жолындағы қажырлы еңбегін ерекше атағымыз келеді. Бұл мамандыққа олар өз балаларын да баули білді.

Жас кезімде азамат болып қалыптасып, өсуіме игі ықпал еткен екі немере ағамның бірі – әкемнің інісі Қазнауи болатын. Ол кісінің орасан зор білімі, жібектей есілген мінезі мен тәлім-тәрбиесі, көзқарасы мен ұстанымы маған айрықша әсер етті. Ер жеткенімде Қазнауи ағаға ұқсас болсам ғой деген асыл арман бойымда алаулап тұратын, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ағынан жарылып.

Ғасыр құрдасы атанған майдангер, прокуратура органының ардагері Қазнауи Әлиевтің бір ғасырлық ғибратты ғұмыры жайлы әңгімені түйіндей келе айтпағым, алып бәйтеректей діңгегі мықты Әлиевтер әулетінің басынан бақ таймай, мәртебесі асқақтай берсін.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар