Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы өз Жолдауларында өңірлердің теңгерімді дамуын, халықтың әл-ауқатын арттыруды, экономиканы әртараптандыруды және адам капиталына инвестиция салуды ел дамуының басты басымдықтары ретінде көрсетіп, аталған мәселелерді өңір басшыларына назарға алуды жүктеп келеді. Президенттің бұл стратегиялық тапсырмаларының нақты іске асуын Жарқайың ауданының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерінен айқын көруге болады.
Президент Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Осы бағытта Жарқайың ауданы биыл нақты нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, аудан экономикасының негізгі саласы саналатын ауыл шаруашылығында 2025 жылы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, Жарқайың ауданы «Дәнді дақылдарды бастыру бойынша көшбасшы» номинациясын иеленді. Маусым қорытындысы бойынша орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрап, шамамен 900 мың тонна астық жиналды. Сонымен қатар, келесі ауыл шаруашылығы маусымына дайындық та жүйелі жүргізілуде. Бүгінде 88 мың гектар жер өңделіп, 105 мың гектар жерге күзгі жырту жұмыстары жүргізіліп, тұқым қоры толық дайындалып бітті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетіліп, 17 500 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 12 миллиард теңгеден асатын 111 өтінім берілді.
Экономика және кәсіпкерлік – өңірлік өсімнің қозғаушы күші екені даусыз. Президент Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру экономикалық тұрақтылықтың басты кепілі ретінде аталған. Жарқайың ауданында бұл бағытта да нақты ілгерілеулер жоқ емес. Атап айтқанда, ағымдағы жылы ауданда жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар 53 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Шағын бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп, тұрғындарға гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл 7 гранттың жалпы сомасы 11 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі – Державинск қаласындағы коммуналдық базарды жаңғырту болды. Орталық базардың жылыту жүйесі ауыстырылып, сауда қатарлары абаттандырылып, кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Ал, Державинск қаласында «Державинск» жазуы бар сәндік жарық композициясы, Тәуелсіздік монументі мен тудың тұғыры орнатылды. 1141 жерлесіміздің есімі жазылған Даңқ мемориалы қайта жаңғыртылды.
Тұрғын үй және инфрақұрылым – халықтың өмір сапасының негізі екенін жақсы білеміз. Президент Жолдауында тұрғын үймен қамту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және инфрақұрылымды жаңарту басты әлеуметтік міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
–Осы жылдың басында Жарқайың ауданында маңызды әлеуметтік оқиға орын алып, Державинск қаласының «Жастар» шағын ауданында 80 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Толық қайта жаңғыртылған 80 пәтерлі тұрғын үй әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Олардың қатарында 17 көпбалалы отбасы, 36 жалғызбасты ана, 16 жетім бала, 8 мүгедектігі бар адам, 2 зейнеткер және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған бір отбасы бар. Қазіргі таңда тағы бір 80 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оны осы жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, екі 60 пәтерлі тұрғын үйде реконструкция жүріп жатыр, – дейді бұл ретте, аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков.
Аудандағы инженерлік желілер мен жылу жүйесін тұрақты тіршіліктің кепіліне айналдыру жұмыстары да өз жалғасын табуда. Мемлекет басшысы инфрақұрылымның тозуын азайту, халықты сапалы ауызсумен және жылумен қамтамасыз ету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Бұл ретте, Державинск қаласында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, Шойындыкөл ауылында жерасты көздерінен су тартатын жаңа жүйе құрылысы аяқталуға жақын. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында «Коммунсервис» мекемесі жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. «Жастар» шағын ауданында 140 миллион теңгеге инженерлік желілер жөнделіп, №1 және №9 қазандықтарға жаңа қазандықтар орнатылды.
Президент Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту өңірлік дамудың маңызды тетігі екені айтылады. Бұл бағытта биылғы жылы да ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Жезқазған–Петропавл автожолының 45 шақырымына, Арқалық–Державинск автожолының 32 шақырымына және «Жақсы–Державинск» облыстық жолының 41 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Державинск қаласының ішкі жолдары толық жаңартылып, алғаш рет заманауи бағдаршам орнатылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Отрадное мен Кенское ауылдарының көшелері жөнделді.
Білім мен медицина адам капиталына салынған инвестиция екені белгілі. Президент Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі – сапалы білім мен қолжетімді медицина. Жарқайың ауданында бұл бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Державинск қаласындағы Надежда Крупская атындағы мектепке мектеп-гимназия мәртебесі беріліп, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 245 миллион теңгеге толық жаңғыртылды. Оқу орнына оқу кабинеттері, STEM-зертхана, телестудия, арт-студия, кітапхана, спорт және акт залдары жабдықталды. Оқушылар мен педагогтер жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Подрезова Милана Республикалық балалар омбудсмендері кеңесінің құрамына енді. «Үздік педагог» облыстық байқауында Гүлбану Сексембаева мен Аслан Манатов жеңіске жетіп, 1 179 600 теңге сертификаттарға ие болды. Эльмира Оспанова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Ауданға 22 жас педагог маман келіп, оның 15-і аудан ауылдарының мектептеріне жұмысқа жіберілді. Бірсуат ауылында жеке инвестиция есебінен жаңа мектеп салынды.
Денсаулық сақтау саласында 6 жаңа дәрігер жұмысқа қабылданып, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Пятигорское ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын, ал аудандық ауруханада госпитальдық фармация бөлімі ашылды.
Экология, мәдениет және спорт – Президент Жолдауында ерекше мән берілген қоғамдық даму салалары екені белгілі. Аудан көлемінде «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындардың басым бөлігі белсенді қатысып, 76 сенбілік өткізді, 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Мәдениет саласы да қарқынды дамып, аудан тұрғындары облыстық және республикалық іс-шараларға белсенді қатысуда. Аудан спортшылары халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып, параспорт, жеңіл атлетика және гир спорты бойынша жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, VII Республика Спартакиадасында Жарқайың ауданының паралимпиадалық командасы үздік үштікке енді. Атап айтқанда, өңір параспортшылары Дубайда өткен FAZZA International Championships–2025 әлемдік сериясында алтын медаль жеңіп алды. Өзбекстанда өткен гир спорты бойынша әлем чемпионатында алтын, күміс және қола жүлделерге ие болды.
– Қорытындылай айтқанда, Президент Жолдауында айтылған «Күшті өңірлер – қуатты ел» қағидаты ауданымызда нақты істермен дәлелденіп отыр. 2025 жылғы жетістіктер – жүйелі жұмыстың, мемлекеттік саясат пен жергілікті бастамалардың үйлесімді нәтижесі деп білеміз. Алдағы кезеңде де аудан әкімдігі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді басшылыққа ала отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақты даму мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек, – дейді өңір басшысы өз кезегінде.
Расында даму жолындағы ауданда бұған толық сенім бар.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.
![]()

