МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ
2024–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында Жарқайың ауданының тұрғындары өз ісін ашу және дамыту үшін қайтарымсыз 400 айлық есептік көрсеткіш (1 476 800 теңге) көлеміндегі мемлекеттік гранттарды алуға белсенді түрде қатысуда.
Кәсіпкерлерге белгілі бір істі бастаулары үшін бөгет болатын басты мәселе – бастапқы капиталдың жоқтығы. Мемлекеттік гранттар жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз идеяларын несие жүгінсіз жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, өзінің тиімділігін дәлелдеді.
2023 жылы Баранкөл ауылының тұрғыны Анаргүл Әбітаева 1 380 000 теңге көлемінде грант алған болатын. Сол қаржыны ол мал шаруашылығын дамытуға бағыттады. Бүгінде шаруашылықтағы ірі қара саны артып келеді, ал сүт өнімдеріне тұрғындар тарапынан тұрақты сұраныс бар.
2024 жылы Державинск қаласының тұрғыны Мәдина Қайырова «Тырнақ сервис студиясы» жобасын сәтті қорғап шықты. Қазіргі таңда ол жеке кәсіп ашып, маникюр мен педикюр қызметтерін көрсетуде. Оның қызметі аудан тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие.
–Мемлекеттік гранттар – бұл жай ғана қаржылық көмек емес. Бұл – жерлестеріміздің әлеуетін ашуға, бизнес-идеяларын жүзеге асыруға және ауданның дамуына үлес қосуға мүмкіндік. Біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз – жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары және сұранысқа ие қызметтер, – деді Жарқайың ауданы «Мансап орталығының» басшысы Денис Фролов.
2025 жылы Державинск қаласының тұрғыны Айгерім Тұмабаева мемлекеттік грант иегері атанды. Ол «Шай дастарқаны» атты шағын кондитерлік наубайханасын ашып, дәмді үй бәліштері арқылы тұтынушылардың ықыласына бөленді. Ассортимент күннен күнге артып, сатып алушылар саны көбейіп келеді.
Ағымдағы жылы Александр Стефанюк – «Мата қолғаптарын шығару» жобасымен, Бахтияр Байділдин – «Медина» мерекелік агенттігімен, Айгерім Тұмабаева – «Шай дастарқаны» шағын наубайхана, Әлем Молайған (Тассуат ауылы) – сүт өнімдерін өндірумен, Оксана Кащеева (Львовское ауылы) – тротуар тақталарын өндіретін шағын цехымен, Анна Картопля – «Балалар шаштаразы» жобасымен, Андрей Попов – ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөліктерге арналған жоғары қысымды шлангілерді (РВД) жасау және жөндеу жобасымен мемлекеттік гранттарды иеленді.
–Мен көптен бері өз кондитерлік наубайханамды ашуды армандадым, бірақ, бастапқы капитал жетіспеді. Гранттың арқасында арманым орындалды. Бүгінде менің өнімдерім сұранысқа ие, ең бастысы – өз болашағыма сенімдімін, – дейді 2025 жылғы грант иегері, «Шай дастарқаны» кондитерлік наубайханасының иесі Айгерім Тұмабаева.
Бүгінде жас кәсіпкерлер бөлінген қаражатты игеріп, өз өндірістерін іске қосуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуде.
Баян ШЕРИЯЗДАНҚЫЗЫ,
Жарқайың ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
![]()

