Президент бастамаларының қолдаушысы

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқықтарын қорғау, қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары ретінде назардан тыс қалдырмай келеді.

Бұл стратегиялық бағыттар Ақмола облысындағы кәсіподақ қозғалысының да нақты іс-қимылдарына айналып, еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесі айқындала түсуде.

Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, Ақмола облысының кәсіподақтары Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындау бағытында ауқымды әрі нәтижелі жұмыс атқарды. Кәсіподақ қозғалысының дамуы қоғамдық тұрақтылықтың негізі екені даусыз. Бұл жыл еліміздегі кәсіподақ қозғалысы үшін тарихи маңызға ие болды десем артық айтпаспын.

Қазақстанда алғашқы кәсіподақтардың құрылғанына 120 жыл, ал Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл айтулы даталар кәсіподақтардың ел дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде Ақмола облысында 15 салалық және жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Олар 1259 бастауыш кәсіподақ ұйымын және жалпы саны 75 мыңнан астам мүшесі бар 9 ірі кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Соңғы 5 жылда бастауыш ұйымдар саны 23 пайызға, ал, кәсіподақ мүшелері 47 пайызға өсті. Бұл – еңбек адамдарының кәсіподаққа деген сенімінің артып келе жатқанын көрсететін нақты көрсеткіш деп есептейміз.

Президент Жолдауларында әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ерекше мән беріледі. Осы бағытта 2024–2026 жылдарға арналған өңірлік келісімге қол қойылып, онда жалақыны индексациялау және өсіру, техникалық инспекторларға қосымша төлемдер, барлық санаттағы қызметкерлерге, оның ішінде біліктілігі жоқ жұмысшыларға да сауықтыру жәрдемақысын төлеу нормалары бекітілді.Сондай-ақ, білім басқармасымен жасалған салалық келісімге техникалық персоналға жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу туралы маңызды норма енгізілді. Бұл құжаттар жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогтың берік негізіне айналды.Сонымен қатар, өңірлік үшжақты комиссияның 5 отырысында 15 мәселе қаралып, оның 33 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен көтерілді.

Президенттің ауылды дамыту және әлеуметтік теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмалары аясында кәсіподақтар ауылдық жерлердегі мамандарды қолдау мәселесін жүйелі түрде көтерді. Нәтижесінде биыл денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ветеринария, спорт және мәдениет қызметкерлеріне отын сатып алуға арналған төлемдер төленді. Бұған дейін мұндай қолдау педагогтарға берілген еді. Ағымдағы жылы осы мақсатта облыстық бюджеттен 930 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

Кәсіподақ мүшелерінің көтерген мәселелері нәтижесінде бірқатар кәсіпорындарда нақты оң өзгерістерге қол жеткізілді. Мәселен,  «Көкшетау Жылу» және «Степногорск ЖЭО» серіктестерінің ұжымдық шарттарына әлеуметтік кепілдіктерді күшейтетін өзгерістер енгізілді. Бірқатар кәсіпорындарда жалақы 10 пайыздан 50 пайызға дейін артты. Бұл Мемлекет басшысының «халық табысын арттыру» жөніндегі тапсырмаларының аймақтық деңгейде жүзеге асуының айқын дәлелі.

Сондай-ақ, Президент Жолдауында еңбек қауіпсіздігі ерекше атап өтіледі. Осыған сәйкес Ақмола облысында 2023–2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы іске асырылуда. 912 өндірістік кеңес құрылып, 1020 техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізуде. Соның нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны 5 пайызға, ал, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 15 пайызға азайып отыр.

Кәсіподақ орталығы жанынан ашылған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құқықтық клиникасы еңбек заңнамасын түсіндіру мен құқықтық көмек көрсетудің тиімді алаңына айналды. Ағымдағы жылы 38 семинар өткізіліп, 25 мыңнан астам адам қамтылды. 95 өтініш қаралып, 86 жағдайда еңбек заңнамасын бұзу деректерінің алды алынды. Сот тәжірибесінде де кәсіподақтар еңбек адамын қорғауда нақты нәтижелерге қол жеткізді. 9 сот ісінің 7-еуі кәсіподақтардың пайдасына шешіліп, 2 іс татуласумен аяқталды.

2020–2025 жылдары кәсіподақ қозғалысы түбегейлі жаңғыру кезеңінен өтті. Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесі бекітіліп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем енгізілді, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды.

Биылғы 11 шілдеде өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде 2030 жылға дейінгі жаңа Стратегия қабылданып, Президенттің реформалар мен әлеуметтік әділеттілік саясатына толық қолдау білдірілді.

Ақмола облысының кәсіподақ орталығы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде 5 брифинг өткізіліп, теледидар мен баспасөзде ондаған материал жарияланды. Әлеуметтік желілерде 480 жарияланым орналастырылып, 26 мыңнан астам адам қамтылды.

Президентіміздің атап өткеніндей, «Әділетті Қазақстан» – бұл ең алдымен еңбек адамы өзін қорғалған ортада сезінетін қоғам. Ақмола облысының кәсіподақтары осы мақсат жолында жүйелі түрде жұмысын әрі қарай да жалғастыра береді. Кәсіподақтар бар кезде еңбек адамы жалғыз емес. Олар әрдайым сіздің жаныңызда, әрдайым қорғайды дегім келеді.

Қали РАХМЕТОВ,
«Ақмола облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар