«ҚАУІПСІЗ ЕЛ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері адамдар көп жиналатын жерлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, сондай-ақ, кәсіпкерлер базасында корпоративтік және мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланған мейрамханалар мен дәмханалардың және басқа да объектілердің иелері қатысты.
Жиын барысында жаңа жылдық мерекелерді ұйымдастыру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға ерекше назар аударылды. ТЖД өкілдері қолданыстағы нормалар мен ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаңа жылдық гирляндаларды, электр жабдықтарын, әсіресе, пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалануға, сондай-ақ, электр желілерін шамадан тыс жүктеуге және эвакуациялық шығуларды бітеуге жол бермеуге назар аударды.
Отырысқа қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың ықтимал тәуекелдері мен салдарын көрсететін тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Мамандардың сөзінше, мұндай іс-шараларды өткізу төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, жаңа жылды мерекелеу үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған.
Айта кету керек, жуырда облыс орталығында бір мезгілде төрт жаңа жылдық шыршалардың шамы салтанатты түрде жағылды және осындай іс-шаралар бірқатар аудандарда да өтті. Рәсімдерді өткізуде қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілік Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің мойнына жүктелді. Мерекелік іс-шаралар басталар алдында құтқарушылар шыршаларды орнату және жағу жоспарланған барлық нысандарды мұқият тексерді. Сонымен қатар, мамандар электр жабдығының жарамдылығына, гирляндаларды монтаждау сенімділігіне және электр сымдарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне көз жеткізді. Мұндай белсенді тәсіл кез келген тәуекелдерді болдырмауға және мерекелік іс-шараларға қатысушылардың да, көрермендердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

