Жас мамандар қызметке  келсе, ұтылмайды

ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫМЕН

Президентіміз бен мемлекетіміз оқу оқимын, еңбек етемін деген жастарға қолдан келген бар жағдайды жасап отыр. Тек осыған құлшыныс болса, қалғаны бола жатады.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №65 мекеменің жеке құраммен жұмыс тобы Көкшетау қаласындағы бірқатар оқу орындарында болып, жастармен кездесу өткізді.

Ішкі істер органдарының имиджін арттыру мен бос лауазымдарға білікті кадрларды іріктеуді мақсат еткен бұл шара барысында студенттер мен оқушыларға ҚАЖ саласындағы қызметтің қыр-сыры жан-жақты түсіндірілді. Мамандар болашақ әріптестеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау пакеттерін, атап айтқанда, тегін медициналық көмек, мансаптық өсу сатылары және тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеудің тиімділігі туралы ақпарат берді. Бұл саладағы еңбек өтілінің жеңілдетілген тәртіппен есептелуі, яғни, бір жылдың бір жарым жылға теңестірілуі және 25 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығу мүмкіндігі жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Кездесуге арнайы қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлері өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қорғау саласының қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті. Сала ардагерлері күнделікті жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен жауапты сәттерден мысалдар келтіре отырып, жастарды адал қызмет етуге шақырды. Шара барысында мекеменің аға инспектор-психологы, әділет лейтенанты Дәмелі Болдырева бұл қызметтің жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айта келе, үміткерлерге қойылатын басты талап – шыдамдылық, төзімділік және парасаттылық екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, ел игілігі мен азаматтардың тыныштығын қорғау – әрбір тәртіп сақшысының қасиетті борышы.

Қазіргі таңда №65 мекеме құқық қорғау саласында еңбек етуге ниетті, жасы 35-тен аспаған, бойы мен денсаулығы белгіленген стандарттарға сай келетін азаматтарды қызметке қабылдауды жалғастыруда. Үміткерлерге 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейінгі аралықтағы еңбекақы, отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы 57 000 теңге көлеміндегі тұрғын үй төлемі және толықтай қызметтік формамен қамтамасыз ету кепілдіктері беріледі. Сонымен қатар, ІІМ медициналық ұйымдарында тегін емделу мүмкіндігі қарастырылған.

Қызметке орналасу мәселелері бойынша толық ақпаратты Көкшетау қаласы, Тұмар көшесі, 74-үй мекен-жайынан немесе 8-777-192-7551, 8-708-583-38-67 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар