Марат АХМЕТЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы,
облыс әкімі
Өтіп бара жатқан 2025 жыл Ақмола өңірі үшін ынтымақ пен берекенің, қарқынды даму мен рухани жаңғырудың жылы болды. Біз үшін елдігіміздің алтын діңгегі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту әрқашан басты назарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығында атап өткеніндей: «Бірлік және ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтардың, жаңа сын-қатерлер жағдайында өзектілігі арта түседі».
Бұл қағида – біздің күнделікті жұмысымыздың темірқазығы. Бүгінде Ақмола облысы – жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей өңір.
Ішкі саясатты іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясына маңызды орын берілген. Осыған байланысты бірлікті нығайту, Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру, жастарды қоғамдық процестерге қосу алдағы жылдарға арналған біздің басым міндеттеріміз.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 47 этномәдени бірлестік ресми тіркеліп, жемісті жұмыс істеп келеді. Көкшетау қаласындағы Достық үйі 15 облыстық этномәдени бірлестіктің басын қосып отырған негізгі орталыққа айналды. Мұндағы шығармашылық ұжымдар өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап қана қоймай, өзге этностардың құндылықтарымен ұштастырып, «Бірлігіміз әралуандықта» қағидатын іс жүзінде дәлелдеуде. Бұл үдеріс жалпыұлттық бірегейліктің үйлесімді қалыптасуына зор септігін тигізуде.
Облыстық ассамблеяның тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында Көкшетау қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесі және Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл мекемелер өңірдегі этносаралық қатынастарды реттеп, мәдени-бұқаралық шаралардың ұйытқысы болып отыр.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамы 129 адамнан тұратын үлкен күшке айналды. Оның құрамында этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қандастар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Ақмола облысының осы саладағы тәжірибесі мен белсенділігі республикалық деңгейде де жоғары бағалануда. Соның айқын бір дәлелі ретінде Ақмола облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық құрамына 26 адамның кіруін атап өтуге болады.
2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында берілген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау уақытылы және толық көлемде қамтамасыз етілуде.
Ағымдағы жылы бейбітшілік, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің символына айналған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтті. Ақмола облысында ол мазмұнды іс-шараларға толы болды. Этномәдени бірлестіктердің бастамасымен өткізілген кездесулер, ғылыми-ағартушылық жобалар, қайырымдылық акциялары мен мәдени бағдарламалар өңіріміздегі қоғамдық келісім мен татулықтың нақты көрсеткішіне айналды.
Мерейтойлық жыл аясында Ақмола облысында өзара сыйластық пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған қоғамдық жобалар жүзеге асырылды. Бұл жобалар қатарында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», «Ел бірлігі», «Мың бала», «Елдесу және татуласу», «ҚХА-ның 50 жас көшбасшысы», «Инклюзивті Ассамблея», «ҚХА-ның креативті шешімдер платформасы» және тағы басқалары бар.
Өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткен қазақстандық патриотизмді және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Елтану» ғылыми-ағартушылық жобасы бойынша «Чинсон» кәріс мәдени орталығы, чуваш этномәдени орталығы, Ақмола облысының татар-башқұрт бірлестігі, облыстық әзербайжандар қауымдастығы грант иегерлері атанды. Олар тіл, дәстүр мен мәдени мұраны сақтау, жастар тәрбиесі бойынша жобаларды жүзеге асырды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өңірімізде айтулы оқиғалар орын алды. Атап айтқанда, «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорны мен «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС базасында салтанатты түрде Еңбеккерлер Ассамблеясы ашылды. Бұл бастама аясында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Меморандумға қол қойылып, кәсіпорындардағы этносаралық татулықты нығайтудың жаңа тетігі қалыптасты.
Мерейтойлық жыл аясында облыста бірнеше іргелі жобалар сәтті жүзеге асырылды. Олардың ішінде «Еңбек күші: халықтың бірлігі» жобасы да бар. Жоба аясында облыстың ірі кәсіпорындарында кездесулер өтіп, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Ассамблеяның еңбек әулеттері туралы жобасы шеңберінде Сандықтау ауданында рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған «Ұлттық ойындар» кабинетінің ашылуы республика бойынша үздік жоба деп танылды.
Этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін көрсететін маңызды мәдени және қоғамдық объект ретінде Достық үйі өңірдің туристік картасына енгізіліп, қала туристеріне арналған экскурсиялар өткізілуде.
«Этно-View», «Жастар-LIFE», «Qazaq Time» жобаларының белсенді мүшелері Алена Малькова-Солопова, Анастасия Ирубаева, Оксана Зенченко, Карина Роот мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып, қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Жыл қорытындысы бойынша өңірдегі жалпыұлттық құндылықтарды, этносаралық келісімді сақтауға, қайырымдылық шараларын дамытуға зор үлестерін қосып жүрген азаматтар Мемлекет басшысының жоғары марапаттарына ие болды. Атап айтқанда, «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнының құрылтайшысы Шалва Джахуташвили ҚХА-ның «Бірлік» медалімен, «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Валерий Маначинский және «Степногорск тау-кен химия комбинаты» серіктестігінің бас директоры Жандос Бекбаев ҚХА-ның «Жомарт жан» медальдарымен марапатталды.
Мемлекет басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына облыстық ассамблея мүшелері Магомед-Сали Абуев, Геннадий Осиненко, Макшарип Мартазанов, Анаргүл Мұхамедрахимова, Наталья Нагачевская, Армине Тороян, Светлана Худякова, тағы басқалары ие болды.
Құрметті ақмолалықтар! Көптеген этностың бақыт мекені болып отырған облысымызда қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімнің сақталуы – біз үшін үлкен абырой.
Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақ-береке, татулық пен аманшылық, еліміздің игілігі жолында жаңа жетістіктер тілеймін.
![]()

