Жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзгерістер болады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміз бойынша тұрмыс жағдайы дағдарыстық деңгейдегі азаматтар жергілікті бюджет қаржысы есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстың денсаулық сақтау саласының мамандары жан-жақты айтып берді.  

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал, одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы өзінің кезекті бір Жолдауында.

Осыдан соң, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне өзгертулер енгізу туралы тапсырмалар берілді. Нәтижесінде 2025 жылғы 14 шілдеде МӘМС туралы заңға түзетулер қабылданды. Бұл түзетулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және оның пациентке бағдарлануын күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтарды көздейді.

– Қабылданған заң аясында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміз бойынша тұрмыс жағдайы дағдарыстық деңгейдегі 1 миллионға жуық адам жергілікті бюджет қаражаты есебінен МӘМС жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл санатқа соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген және Д мен Е санаттарына жататын жұмыссыз тұлғалар кіреді, –деді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола облыстық филиалының директоры Талғат Тұрмағанбет.

Ақмола облысы бойынша жоғарыда аталған санатқа 30,5 мың адам жатады. Халықтың осы санаттары үшін жарналар азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.

Жалпы, бүгінгі таңда облыс емханаларына тіркелген тұрғындар саны 777 804 адам болса, олардың 642 829-ы немесе 83 пайызы сақтандырылған. Осы сақтандырылғандардың 59,5 пайызы халықтың жеңілдік берілген санаттарына жатады. Сонымен қатар, 134 975 адам әлі де МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішіндегі азаматтардың шамамен 77 пайызының тұрмыс деңгейі жақсы және қанағаттанарлық болса, қалған 23 пайызы әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейге жататын азаматтар екен.

Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – әрбір азаматтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету. Осы орайда, жұмыссыздық деңгейін төмендету мен халықты жұмыспен қамтуға тікелей жауапты жергілікті атқарушы органдардың рөлі арта түспек. Ендігі кезекте, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеу шығындары да жергілікті бюджет есебінен өтелетін болады.

– Азаматтардың сақтандыру жүйесінен тыс қалу себептеріне жасалған талдау бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді. Тұрғындардың «сақтандырылған» мәртебесінен айырылуының негізгі себебі жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің немесе дербес төлеушілердің төлемдерді қате жүргізуі немесе мүлдем өткізіп алуы болып табылады. Бұл мәселені шешу бағытында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің басшыларымен және есепшілерімен ақпараттық кездесулер өткізіліп, қызметкерлер үшін өткізіп алынған төлемдер тізім бойынша қайта қаралуда. Жеке кәсіпкерлерге қоңырау шалу және СМС-хабарлама жіберу арқылы ескертулер жасалып, дербес төлеушілерге кеңес беру жұмыстары жолға қойылған. Мұндай жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі де жоқ емес. Тек соңғы үш айдың ішінде ғана облыс бойынша 2 344 адам МӘМС жүйесінде қайта сақтандырылып, медициналық көмектің толық пакетін алу мүмкіндігіне ие болды, – деді қордың облыстық филиалының директоры.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі медициналық қызметтер мен көмектің түрлерін кеңейтуге, олардың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс тұрғындарына жалпы құны 77,3 миллиард теңгені құрайтын 6 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Атап айтқанда, халыққа компьютерлік томография және магнитті-резонанстық томография сияқты 50 мыңнан астам жоғары дәлдіктегі диагностикалық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, бұрын тек ұлттық ғылыми орталықтарда ғана жасалатын жүрек, мойын және бас тамырларына ота жасау сияқты күрделі ем-домның 200 мыңнан астам түрі енді өз облысымызда қолжетімді болды. Сол тәрізді тұрғындарға 250 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілді.

Көрсетілген медициналық қызметтерді талдау нәтижесінде облыс тұрғындары арасында ең жоғары сұранысқа консультативтік-диагностикалық қызметтер, атап айтқанда, тар бейінді мамандардың, соның ішінде кардиолог, эндокринолог, хирург, травматолог-ортопед, онколог кеңестері ие екені анықталған. Бұр ретте, барлығы 150 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

– Мемлекет басшысы МӘМС жүйесіне бірқатар түбегейлі өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Соның нәтижесінде  2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік мәні бар аурулардың (ӘМА) жаңартылған тізбесі күшіне енеді. Енді бұл тізімге 11 нозология кіреді. Тізімге алғаш рет эпилепсия және инсульттан кейінгі цереброваскулярлық аурулар қосылды. Бұл науқастарды ерте оңалтудан өткізуге және емдеудің тиімділігін арттыратын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Диас Сайданғазин.

Айта кету керек, бүгінгі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде диагностика тек туберкулез бен АИТВ-инфекциясы бойынша жүргізіледі. Ал, қалған әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, сақтандырылмаған азаматтар медициналық қызметтердің базалық пакетін пайдалану құқығын сақтап қалады. Яғни, ол пакетке емханаға алғашқы жүгіну, вакцинация және ерте диагностикаға арналған онкоскринингтер, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайдағы диагностика, жедел медициналық көмек, өмірге қауіп төндіретін жағдайлардағы шұғыл медициналық көмек, барлық әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, емдеу, профилактика және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр науқастарды ұзақ мерзімді күту секілді қызмет түрлері енгізілген. Сонымен бірге, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілетін болады.

– Сонымен қатар, өңірдегі медициналық ұйымдар сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтармен және динамикалық бақылаудағы пациенттермен жүйелі әрі атаулы жұмыс жүргізуде. Тіркелген халықтың деректерін өзектендіру, сондай-ақ, азаматтарға МӘМС жүйесіне қосылу тетіктері туралы түсіндіру жұмыстары белсенді қолға алынған. Емханалардың күту залдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша бейнероликтер көрсетіліп, арнайы промо-құрылғылар, баннерлер мен ақпараттық стендтер орнатылған. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де тұрақты түрде материалдар жарияланып тұрады, – деді басқарма басшылығы.

– Денсаулық сақтау салысында жүргізілген жұмыстардың сапасы мен толықтығын бақылау мақсатында филиал қызметкерлері Көкшетау қаласының алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жүйелі түрде барып тұрады. Мұндай көшпелі тексерулер барысында ақпараттық материалдардың орналасуы, бейнероликтердің көрсетілуі, сондай-ақ тіркеу бөлімінің қызметкерлері мен ақпараттық түсіндіру бұрыштарындағы МӘМС жүйесінде көмек көрсету алгоритмдерін білу деңгейі бағаланады. МӘМС жүйесінің енгізілуімен алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталық рөлге ие болып, азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберіңдегі көмекті алуы үйлестіріледі. Сондықтан, әрбір азаматтың емханаға тіркелуі және өзінің учаскелік дәрігеріне жүгіну мүмкіндігінің болуы аса маңызды, – деді брифингте Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Ақмола облысындағы филиалының басшысы Зәуреш Бапанова.

Жалпы, бұл өзгертулер мен жүйенің басты мақсаты – әрбір қазақстандық үшін сапалы, қауіпсіз және тиімді медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету болып табылады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар