Еңбек етсең ерінбей…

Жаңа жыл алдында Ақмола облысында адал еңбегімен елге белгілі азаматтарды ұлықтау шарасы одан әрі жалғасын тапты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов экономика мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан ерекше үлестері үшін бір топ сала үздіктеріне жоғары мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Бұл марапаттар мемлекетіміздің еңбек адамына деген шынайы құрметі мен ілтипатының айқын нышаны.

Шортанды ауданындағы «Нива» серіктестігінің дала шаруашылығы бригадирі Анатолий Богуславский «Құрмет» орденімен марапатталды. Оның еңбек жолы жас буынға нағыз үлгі боларлықтай өнегеге толы. Жарты ғасырдан астам уақыт, яғни, тура 56 жыл бойы бір шаруашылықта табан аудармай қызмет еткен ардагердің еңбек кітапшасында тек бір ғана жазба бар. Бүгінде Богуславскийлер әулетінің жалпы еңбек өтілі екі ғасырдан асып жығылады. Өз сөзінде Анатолий Станиславович Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіз Қазақстанда да еңбегінің жоғары бағаланғанына дән риза екенін жеткізді.

Сондай-ақ, үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы»  ордені Көкшетау Су Арнасы кәсіпорнының аға шебері Дүйсенбай Арсақаев пен Есіл ауданындағы «АБА-2003» мекемесінің дәнекерлеушісі Жәнібек Есержановқа бұйырды. Дүйсенбай Арсақаев қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ең жауапты әрі ауыр салада тер төгіп келеді. Ол жастардың қиын жұмыстан қашатынын айта келіп, өздерінің бұл кәсіпке деген адалдығын мақтанышпен атап өтті. Ал, Көкшетау қаласындағы «Әдемі Холдинг»  кәсіпорнының құрылысшысы Ержан Сейдахан Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Қорғалжын ауданының мақтанышы, белгілі малбегі Боранбек Тілеулесов те бар. Жақында ғана Астанада «Құрмет» орденін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қолынан алған ол ата кәсіптің туын тік ұстаған жан. Боранбек Оразұлы еңбек жолын қарапайым бақташылықтан бастап, бүгінде Ораз ауылы шаруа қожалығын 20 жыл бойы табысты басқарып отыр. Ол тек шаруашылықты өркендетіп қана қоймай, аудандағы қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысады. Сонымен қатар, ол ұлттық спорттың жанашыры ретінде теңге ілу мен аламан бәйгеде талай мәрте топ жарған. Еңбек адамы бұған дейін сонау 1995 жылы да «Достық»  орденімен марапатталған.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов марапат иелерінің өмірлік тәжірибесі мен қажырлы еңбегі қоғамның берік тірегі екенін атап өтті. Ол еңбекқорлық, адалдық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің өңір болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, еңбек ардагерлеріне шынайы ризашылығын білдірді. Осындай айтулы шаралар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін асырып, ел ішіндегі еңбек культін қалыптастыруға зор септігін тигізері сөзсіз.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар