Инвестициялық серпін

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен алқалы жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Күн тәртібінің өзегі – инвестиция тартудың тың тәсілдері, ірі өндірістік жобалардың іске асырылу барысы және жол сапасын бақылаудың жаңа тетіктері болды.

Бұл жиын тек есеп беру алаңы емес, өңір дамуындағы жүйелі кемшіліктерді жою мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық диалогқа айналды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бақытжан Сапардың мәліметінше, өткен жылдың 11 айында өңір инвестиция өсімі бойынша республикада көш бастады. Экономикаға құйылған 750 миллиард теңгеден астам қаржы өткен жылғы көрсеткішті бір жарым есеге жуық орап кеткенімен, бұл жетістік барлық ауданға ортақ емес. Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласы қарқынды дамудың үлгісін көрсетсе, Ақкөл, Есіл және Жақсы сияқты бірқатар аудандар аутсайдерлер қатарынан көрінді. Аймақ басшысы бұл олқылықты жоспарлаудың әлсіздігі мен жергілікті әкімдіктердің енжарлығынан деп бағалап, инвесторды күтіп отырудың емес, оны іздеп тауып, қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Марат Ахметжанов инвестор тартуда тек цифр қуалаудың қауіпті екенін ескертіп, әрбір жобаның халыққа тигізер нақты пайдасына басымдық беруді талап етті. Бұл ретте, Ерейментау ауданындағы Торғай ауылында ашылған мал шаруашылығы кешені оң үлгі ретінде аталды. Ондағы жеті жарым мың ірі қара мен ашылған жаңа жұмыс орындары өңірдің өңдеу өнеркәсібіне үлкен дем беріп, салықтық түсімдерді еселеді. Қазіргі таңда аймақтың инвестициялық қоржыны 4 миллиард доллардан асады және бұл көрсеткіш болашақта 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы қомақты қаржыны игеру барысында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеудің жаңа моделі енгізіліп, Аршалы ауданындағы «Ақмола» индустриялық аймағы сияқты стратегиялық нысандардың әлеуеті толық ашылмақ.

Инфрақұрылым саласында да биыл ауқымды жұмыстар атқарылуда. Басқарма басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, жол құрылысына бөлінген 124 миллиард теңге соңғы жылдардағы рекордтық сома болып табылады. Осы қаржыға 900 шақырымнан астам жол жөнделіп, тіпті жиырма жылдан бері жаңарту көрмеген учаскелер ретке келтірілді. Маңыздысы сол, бірде-бір нысан «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мақұлдауынсыз пайдалануға берілмеген. Мұндай қатаң бақылау нарықтағы жауапсыз мердігерлердің санын үш есеге азайтып, тек нағыз техникасы мен білікті маманы бар ұйымдардың іріктелуіне септігін тигізді.

Алдағы қысқы маусым мен су тасқынына дайындық мәселелері де назардан тыс қалмады. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жол бойына қосымша су өткізгіш құбырлар орнатылып, мыңнан астам арнайы техника мен қажетті жанар-жағармай қоры сақадай сай тұр. Жиынды қорытындылай келе, Марат Ахметжанов әрбір бастаманың соңғы нүктесі халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы болуы тиіс екенін қадап айтты.

Ақмола облысының ендігі даму бағыты  сапалы инвестиция, мінсіз инфрақұрылым және ашық басқару жүйесіне негізделмек.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар