Аймақ туризмін дамытуда бағыт-бағдарымыз айқын

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты мемлекеттің орта және ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжаттардың бірі болып табылады.

Аталған сұхбатта ел дамуының негізгі бағыттары, жүргізіліп жатқан реформалардың мазмұны мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жүйелі түрде қамтылып, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру үдерістерін жеделдету, әлеуметтік саланы жетілдіру және стратегиялық маңызы бар салаларды дамыту мәселелері кеңінен қарастырылған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сұхбат барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін салаларға, оның ішінде туризм саласының әлеуетін тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және өңірлік туризмді ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы тапсырмалар мен көзқарастар өңірлер үшін нақты бағдар болып табылады.

Президенттің экологиялық туризмді дамыту және бірегей табиғи кешендерді сақтау мәселелеріне басымдық беруі Ақмола облысы үшін айрықша маңызға ие. Өңір жоғары табиғи және рекреациялық әлеуетке ие. Облыс аумағында Щучинск-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, сондай-ақ, «Бурабай» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері орналасқан. Аталған нысандар отандық және шетелдік туристер тарапынан тұрақты сұранысқа ие.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жалпы туристік ағын 1 792,0 мың адамды құрады, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келгендер саны 1 092,6 мың адам, ал орналастыру орындары қызметін пайдаланған туристер саны жарты миллионнан анағұрлым асып түсті. Бір тәуліктен артық тоқтаған туристер саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артты.

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы туристік салада шамамен 700 кәсіпорын қызмет атқаруда. Оның ішінде 389 орналастыру нысаны, 15 санаторлық-курорттық мекеме, 196 жол бойындағы сервис субъектісі, сондай-ақ, туристік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар 80 туристік компания, нақтырақ айтқанда, 38 туроператор және 42 турагенттік жұмыс істейді. Туризм саласында жұмыспен қамтылған азаматтар саны шамамен 21 мың адамды құрайды, бұл саланың өңір экономикасы мен халықты жұмыспен қамтудағы маңызын айқындайды.

Туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 2025 жылы «Бурабай» курорты аумағындағы көрікті орындарда 8 бақылау алаңы мен инсталляциялық аймақ салынды. Аталған нысандар Щучинск қаласының телемұнарасында, Бөлектау, Максимка, Кебістас, Аютас жартастарының аумағында, «Махаббат алаңы», Иманай бұлағының маңында және «Биші қайыңдар» саябағында орналастырылды. Сонымен қатар, 120 автокөлікке арналған 4 автотұрақ және Үлкен Шабақты көлінің жағалауында өздігінен демалатын туристер үшін 10 барбекю аймағы абаттандырылды.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағында қазіргі уақытта 26 жабдықталған жағажай аймағы жұмыс істейді. 2025 жылғы тамыз айында «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудандық әкімдіктің қатысуымен мониторинг тетігін енгізу арқылы ұйымдастырылмаған туристердің жағажай аумақтарына келуін реттеу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерімен Қазақстан Республикасының Су кодексінің жаңа талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Демалушылардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту мақсатында курорттық аймақта 82 санитарлық торап жұмыс істейді, оның ішінде 15 торап 2025 жылы қосымша орнатылды.

Ішкі туризм саланың дамуының негізгі бағыты болып қала береді және өңірдегі жалпы туристік ағынның шамамен 98 пайызын құрайды. Ішкі туристердің негізгі бөлігі Щучинск-Бурабай курорттық аймағына тиесілі. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аталған аймақ 1 449,4 мың адамды қабылдады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы 2024 жылғы 13 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша елдегі туризмді дамытудың үш басым аумағының бірі ретінде айқындалды.

Ішкі туризмнің дамуына «Four Seasons» тұжырымдамасы аясындағы оқиғалық туризм елеулі үлес қосуда. 2025 жылы оқиғалар күнтізбесіне халықаралық және республикалық деңгейдегі 25 ірі іс-шара енгізілді. Атап айтқанда, халықаралық «BURABAY ICE 2025» турнирі, «BuraVibe», «DRIVE NOMAD FEST BURABAY 2025» фестивальдері, «Pikeman», «X-WATERS Kazakhstan», «Zerenda Half Marathon» спорттық іс-шаралары, сондай-ақ, «Satisfaction» және «Фламинго» музыкалық фестивальдері жоғары келушілер санымен ерекшеленді.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірге 19,6 мың шетелдік турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға жоғары. Келу туризмнің негізгі нарықтары ретінде Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Германия, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Түркия және Үндістан айқындалған. Өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында Ақмола облысы ITB Berlin 2025, KITF 2025 (Алматы қаласы) және ITB China 2025 (Шанхай қаласы) халықаралық көрмелеріне қатысты, сондай-ақ, шетелдік туроператорлар үшін 5 ақпараттық тур ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Щучинск-Бурабай курорттық аймағына түсетін экологиялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Астана қаласының маңында, оның ішінде Ақкөл ауданында, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында және Целиноград ауданының орман алқаптарында экопарктер құруға арналған перспективалық локациялар пысықталуда. Аталған жобаларды іске асыру туристік ағындарды теңгерімді бөлуге және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін баламалы демалыс аймақтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Туризм саласындағы инвестициялық белсенділік те оң серпін көрсетуде. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 35,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артты. 2025 жылы орындары көрсеткен қызмет көлемі 22 пайызға өсіп, 26,3 миллиард теңгені құрады, бұл туристік ағынның артуымен және қызмет көрсету сапасының жақсаруымен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыру мақсатында Ақмола облысының туризм басқармасы туристік нысандарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Президентіміз ұсынған бастамаларды дәйекті түрде іске асыру Ақмола облысының туристік тартымдылығын арттыруға, Қазақстан Республикасының халықаралық туристік кеңістіктегі беделін нығайтуға және туризм саласының ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Андрей ПОДГУРСКИЙ,
Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар