Елімізде Мемлекет басшысының табиғатқа ұқыпты қарау идеясының төңірегінде 2024 жылы басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде баршамыз білетін жақсы үрдіске айналды. Аталған жобаның волонтерлер қозғалысын жандандырып, жастардың бойында экологиялық сананы оятудағы маңыздылығын облыстық волонтерлерді қолдау орталығы фронт-офисінің жетекшісі Дидар Хамзин мәлімдеді.
Облыстық жастар ресурстық орталығының мәліметінше, бүгінде өңірде 60-тан астам ұйымға біріккен 3 жарым мыңнан астам волонтер 9 бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, білім беру мен мәдени мұраны сақтаудан бастап, экология, денсаулық сақтау және «күміс еріктілікке» дейін сан салада еңбек етеді.
– Жоба қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Көптеген белсенділер атап өткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл бастама тазалық мәдениеті мен жеке жауапкершілікті қалыптастыруға септігін тигізеді. «Егер қоғамды өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген ұлы Абайдың сөздері экологиялық қозғалыстың ұранына айналды, – дейді Дидар Хамзин. – «Таза Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру, патриоттық құндылықтар мен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасының принциптерін дәріптеу.
Экологиялық акция кезең-кезеңімен өткізіледі. Мысалы, көктемде ол бірнеше аптаға созылып, әр апта жеке тақырыпқа арналды. Айталық, «Таза өлке» аясында тұрғындар мен ұйымдар аулалар мен іргелес аумақтарды ретке келтірді. «Киелі мекен» апталығы тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыруға бағытталса, «Жасыл аймақ» кезінде ағаштар егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» акциясы ардагерлерге көмектесуге және қарттар үйлерін абаттандыруға арналды, ал «Мөлдір бұлақ» апталығында еріктілер өзен-көлдердің жағалауларын тазартты.
Алайда, тақырыптық апталықтардың аяқталуымен эковолонтерлердің жұмысы тоқтап қалмайды. Облыстық жастар ресурстық орталығының айтуынша, өңірдегі барлық волонтерлік ұйымдар бірнеше бағыт бойынша, соның ішінде эковолонтерлік бойынша да жұмыс істейді. Ең белсенділердің қатарында Көкшетау және Қосшы қалаларының, сондай-ақ, Зеренді, Біржан сал және Целиноград аудандарының еріктілері бар.
– «Феникс», «Альфа», «Есбол қоры», «Мейірім» сияқты ірі волонтерлік бірлестіктерден бөлек, өңірде жұмысқа тез араласып, ауқымды сенбіліктерге, экофестивальдер мен плоггингтерге қатысатын бастамашыл топтар жұмыс істейді. Ең танымал іс-шаралардың қатарында «Отбасылық ағаш», «Таза жағалау», «Таза парк», «Менің өлкем», тағы басқалары бар. Біздің мақтанышымыз – Целиноград ауданының жастары, олардың «Жасыл ел» штабы 2025 жылы еліміздегі ең үздік штаб деп танылды, – деп ой бөлісті Дидар Хамзин.
Белсенділер үшін жыл сайын оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіледі. Дәстүрлі түрде Зерендіде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ниетті жастардың басын қосатын жазғы волонтерлер мектебі өтеді. Онда белгілі спикерлер дәріс беріп, тәжірибелі еріктілер өздерінің сәтті жобаларымен бөліседі. Өңірдегі волонтерлік орталықтар үшін облыстық ресурстық орталық «Жас Кэмп» лагерін ұйымдастырады. Бұл жай ғана белсенділердің кездесуі емес, алдағы жұмыстар жоспарланатын диалог алаңы.
– Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады, сондықтан, ақмолалық жастар қатысатын жаңа қызықты жобаларды, соның ішінде эковолонтерлік бағытындағы бастамаларды күтеміз. Жақсы істердің жасы болмайды және біздің «көрінбейтін майдан» жауынгерлері жаңа белестерді бағындыруға дайын. Табиғатқа қамқорлық бір ғана акцияның аясымен шектелмеуі тиіс. Тек тұрғындардың тұрақты қатысуы мен экологиялық құндылықтарды келесі ұрпаққа беру ғана туған өлкенің тазалығы мен сұлулығын сақтауға көмектеседі, – деп түйіндеді өз сөзін Дидар Хамзин.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Ақмола облысының 550-ден астам елді мекенінде жұмыстар жүргізілді. Осы уақыт ішінде 80 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, бір миллионнан астам ағаш егілді, бір мыңнан астам балалар алаңы абаттандырылып, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделді. Барлығы 500 мыңға жуық адамның қатысуымен 5 500-ге жуық экологиялық іс-шара өткізілді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

