Ұлттық Құрылтай билік пен халық арасындағы қолайлы байланыс орнатқан тиімді, құтты алаң болып қалыптасты. Өзінің атауы да, мақсаты да сол еді ғой. Осыған дейін өткен 4 жиында көлеңкеде қалып қойған қаншама мәселелер ашық айтылып, олар бойынша қаншама тапсырмалар беріліп, жұмыстар жасалып жатқанының куәсіміз.
Міне, биыл Ұлттық Құрылтай тарихы терең, сыры көп Сыр өңірінде, ырысты-күрішті Қызылорда қаласында өтіп жатыр. Ел жанашырлары – аузы дуалы ақсақалдар, ақын-жазушылар, атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің барып, Президент алдында пікірлерін ортаға салып жатқанын көріп, қуанып жатырмыз.
Өмір тез дамып, тез өзгеріп жатқан заманда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, бәрінің ықшам, қолайлы болғаны абзал. Цифрландыру, сандық форма, жасанды интеллектіні пайдалануды тез жетілдірудің маңызы зор. Көштен қалуға болмайды.
Мемлекет басшысының кітапхана, музей, мәдени орталықтардың тарихи құндылықтарды оқып-үйрену, насихаттаудың маңызына да тоқталуы бізді өз жұмысымызда қанаттандыра түседі. Биылғы Құрылтайдағы мемлекеттік, әсіресе Парламентке қатысты айтқан ой-пікірлері, енгізілетін өзгерістердің барлығы ел игілігі үшін деп түсінеміз.
Сондықтан, биылғы Ұлттық Құрылтайдың да ел-жұртпен ақылдасып шешкен, алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға жұмылуымыз керек.
Серік Жетпісқалиев,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы.
![]()

