ТІЛ САЯСАТЫ
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің мұрындық болуымен «Мектепке дейінгі мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Бұл шара «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру аясында ұйымдастырылды. Балабақшалардағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі, тілдік орта қалыптастыру, педагогтардың тілдік құзыреті және ата-аналармен жұмыс мәселелері талқыланған дөңгелек үстелді Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев ашып жүргізді. Шараға қатысқан Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова, мемлекеттік органдар мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін кеңейту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
– Бүгінгі шараның басты мақсаты мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру, балаларды кітап оқуға баулу, сондай-ақ, тілдік ортаны нығайтудағы педагогтар мен ата-аналардың рөлін талқылау болып табылады. Бүгін біз облыстық ішкі саясат басқармасының мамандарымен бірлесіп, осындай мазмұнды да маңызды шараны ұйымдастырдық. Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында жыл бойы әр түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіліп тұрады. Шаралардың басым көпшілігі жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, сөздік қорын дамыту және кітап оқуға баулу бағытында ұйымдастырылады, – деді дөңгелек үстел барысында сөз алған Көкшетаудағы қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының меңгерушісі Бақытгүл Ғалиева.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді. Білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің сапалы әрі жүйелі қолданылуын күшейту қажеттілігі белгіленді. Жастар арасында мемлекеттік тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттыру мақсатында тәрбиелік және мәдени іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру ұсынылды. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда іс жүргізуді қазақ тілінде жүргізудің үлесін арттырудың, тілдік орта қалыптастырудың маңыздылығы да сөз етілді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыру, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру ең алдымен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен басталғаны жөн. Себебі, баланың тілдік дамуы, ойлау қабілеті мен ұлттық болмысы дәл осы кезеңде қалыптасады.
– Мектепке дейінгі жас мөлшері баланың тіл үйренуге ең бейім шағы. Бұл кезеңде бала естіген сөзін тез қабылдап, жаңа ұғымдарды оңай меңгереді. Сондықтан, балабақшаларда мемлекеттік тілді күнделікті қарым-қатынас тілі ретінде қолдану – болашақта сауатты, өз ойын еркін жеткізе алатын, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін азамат тәрбиелеудің берік негізі болып табылады. Балабақшаларда қазақ тілін дамыту ойын, ән, тақпақ, ертегі, көркем сөз арқылы жүзеге асады. Тәрбиеші баламен сөйлескенде қарапайым, түсінікті, әдеби тіл нормаларын сақтауы қажет. Күнделікті ұйымдастырылатын оқу қызметтері мен тәрбиелік шаралар мемлекеттік тілде жүргізілген жағдайда, бала қазақ тілін табиғи ортада меңгереді. Мемлекеттік тілді үйрету тек сөздік қорды байытумен шектелмейді. Ол арқылы бала халқымыздың салт-дәстүрімен, мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен танысады. Қазақтың халық ауыз әдебиеті, ұлттық ойындары мен мақал-мәтелдері баланың рухани дамуына, елін, жерін сүюіне ықпал етеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерде тілдік орта қалыптастыру маңызды. Балабақша мен отбасының тығыз байланысы нәтижесінде бала үйде де, балабақшада да қазақ тілін қолдануға дағдыланады, Ата-аналарға арналған кеңестер, ашық сабақтар мен мерекелік іс-шаралар бұл бағыттағы жұмысты жандандырады. Мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлу – ел болашағына жауапкершілікпен қарауды меңзейді, – деді өз сөзінде Көкшетау қаласындағы «Арман» бөбекжайы меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанар Сүлейменова.
Балабақшадан бастап қазақ тілін меңгерген бала ертең өз елінің тілін құрметтейтін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, жан-жақты дамыған тұлға болып өседі. Сондықтан, балабақшаларда мемлекеттік тілді дамыту – әрбір тәрбиеші мен білім беру мекемесінің басты міндеті деп санаймыз.
– Біздің басқармаға жыл сайын Тіл комитетінен балаларды тілдік дамытуға бағытталған әдістемелік, түрлі-түсті журналдар мен кітапшалар келіп түседі. Оларды біз аудандық, қалалық кітапханаларға, балабақшаларға тәрбие беру барысында пайдалансын деп жолдаймыз. Биыл сол құралдарды әдеттегідей жолдай салмай, мемлекеттк тілді дамыту бағытында мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын меңгерушілерінен сұрап білу мақсатында кітапханамен бірлесіп, осындай шара ұйымдастырдық, –дейді Айгүл Талпақова.
Жалпы, мамандардың айтуынша, Көкшетау қаласы бойынша 49 балабақша бар болса, оның 12-сі таза мемлекеттік тілде, 2-еуі орыс тілінде, қалған 35-і аралас тілде жұмыс істеп, білім береді. Ондағы тәрбиеленушілердің 5594-і қазақ тілінде, 2530-ы орыс тілінде оқытылып, тәлім-тәрбие алады екен.
Іс-шара соңында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімі тарапынан қала балабақшаларының меңгерушілеріне «Балапан» журналы және «Суретті сөздік» сыйға таратылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

