Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.
(Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың
бесінші отырысында сөйлеген сөзінен. 20 қаңтар, 2026 жыл.)
Көне тарихтың жабылып жатар қалың беттерінің бірінде Тәуелсіз Қазақстанның 2022-2026 жылдар аралығында өткізілген бес бірдей Ұлттық Құрылтайлары да қалып барады. Бұл бес Құрылтайдың барлығы да тарихтың алтын беттері мен халқымыздың жадында мәңгілікке қалып та бара жатқаны анық. Оған күмән жоқ.
«Қазақ құрылтайларының бәрі де ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» – деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық»,–деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен бірінші Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде қазақ құрылтайларының ел тарихында маңызын атап көрсеткен болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Президентіміздің пәрменімен қайта жаңғырған 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен бірінші Ұлттық Құрылтайдан бастап, 2023 жылғы 17 маусымда Түркістанда, 2024 жылдың 15 наурызында Атырауда, 2025 жылдың 14 наурызында Көкшетаудың Бурабайында және 2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық Құрылтайларда сөз жоқ қазақстандық қоғамның тарихи жаңа мүдделері анықталғаны да анық.
Ұлттық Құрылтайлардың әр отырыстарында қазіргі заманның талабына сай және бүгінгі қазақстандық қоғамның Ұлттық мүддесі негізінде Президентіміз айтқан «барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде азаматтарымыздың сұранысына сай келетін» Ұлттық идеология қалыптастырылғандығын нық сеніммен айта аламыз.
Ұлттық Құрылтайлардың әр отырыстарында тағы да Президентіміз «барша азаматтарымыздың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек!» еді десе, ол да жасалды, ол да болды! Ұлттық идеологиямыз анықталды, ұлттық мүддеміздің бағыт-бағдары айқындалды!
Ұлттық Құрылтайлар қазіргі заманның және бүгінгі қазақстандық қоғамның, тұтас әлемнің даму барысына, дүниенің қазіргідей сәт сайынғы құбылмалы тамыр соғысына орай Ұлттық мүдде мен Мемлекеттік мүддені жаңа да тың мазмұнды міндеттермен толықтырып, жаңалап отырудың Ұлы мінбесіне айналғандығын да айтуға тиістіміз!
Және де, Президентімізі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордадағы бесінші Ұлттық Құрылтайда: «Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз», – деуі тарих аренасында қайта жаңғырған бес бірдей құрылтайлардың тарихи маңызын айқындап тұрғанын қуаттай түсері бар.
Қазақ елі өзінің ішкі және сыртқы саясатында заманның ағысы мен өзгерістеріне тек ілесіп қана қойған жоқ, кей жағдайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақыл-парасаты мен әлемдегі ең бір көреген де, ықпалды саясаткер, дарынды дипломат ретінде дүние дамуының қаупі мен қатерін алдын ала сезе біліп, соған орай Қазақстанның ішкі де, сыртқы саясатын әлемнің бүгінгі және алдағы болашақта дамуының бағыт-бағдарына қарай ұстаным желкенін бағыттап отырғаны анық.
Қазіргі аласапыранды дүниенің бет алысы түптің түбінде Адамзат баласына қауіп пен қатер әкелетіндігін айтумен болды, әлі де айтумен келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде:
– Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқан секілді. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады», – деп Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты әлемдік мінбеден бүгінгі дүниенің тамыр соғысын дөп баса айтып, әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздіктің жылдам арта түсіп, әлем жаңа әскери әрі алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келгенімізді әлем мемлекеттерінің басшысы, әлем саясатшыларының арасында тұңғыш рет айтқан да болатын.
Біз Қызылорда Ұлттық Құрылтайындағы Президентіміздің сөйлеген сөзі және бұдан бұрын да айтып келе жатқан ой-пікірлері арқылы Қазақстанның әлемдік саясатта өзінің салмақты да салиқалы рөлі барын ең әуелі өзіміз және өзгелерге танытуды мақсат етіп отырмыз.
– Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни, ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат!, – деп Қызылорда Құрылтайында айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір пікірі біздің мәңгілік ұстанымымыз, мәңгілік саясатымыз бен мәңгілік мұратымыз ретінде көкейімізде жатуға тиісті.
«Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек!»
Міне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзін тұтас ұлттың мүддесі деп қараймыз!
Бұл орайда Президентіміз дүниенің қазіргідей дүрбелеңді кезеңінде «Қазақстанның жерінің тұтастығы мен қауіпсіздігі және егемендігін қамтамасыз етуді» ұлттық стратегиямыз деп өте орынды белгіледі. Және де «Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек,-деп жауапкершілік жүгін қазақстандықтардың өздеріне сала сөйлеуі де ел тағдыры баршамызға ортық парыз екендігін ұғындыра түскендей еді.
Жасыратыны жоқ, кей-кейде ел іші бүлінсе екен, ел тыныштығының шырқы бұзылса екен деп жанығып жүрген әлдебір күштер еліміздің сыртында да, ішінде де бары анық. Мұндай әрекеттерді қашан болсын Тәуелсіздікке, өз халқына жасалған опасыздық деп қарастырмастан басқа айтарымыз да жоқ.
Қазақта «оқтаулы мылтық атылмай қоймас» деген әуелден келе жатқан сөз бар. Соған орай айтарымыз, қазіргі уақытта әлемнің әр бөлігінде қарулы қақтығыстардың көбейіп те, күшейіп те бара жатқандығын естіп, біліп отырмыз. Кей жағдайда былайша айтқанда «бесіктен белі шықпай» жатып жап-жас ұлдарымыз бен қыздарымыздың елдік мүддеге қарсы, билікке қарсы ұранды емес құранды сөз айтып, шулап жататындығына қайран қаласың. Сөз жоқ, біз сөз бостандығын берген елміз. Алайда, Отанымыздың мүддесін мансұқ етуге, жөн-жосықсыз билікті ғайбаттауға, елдің тыныштығын алып, берекесін кетіруге қашан болсын жол берілмейтіндігін айтқан ләзім. Бәріне де Заң бар!
Қызылорда Құрылтайында Президентіміз «Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр», – дей келіп, дүние жүзінде сенім дағдарысының күшейе түсіп отырғандығын, «мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанын» айта келіп, сол құбылыстарға «Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді», – деп айта отырып, Қазақстанның халықтың бүгінгі айтып жүрген ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, қазіргі де, болашақтағы да талаптарға сай келетіндей саяси жүйенің жаңа құрылымын алға тартты.
Әуелі конституциялық реформа, одан кейін бұрын болған вице-президенттік лауазымды қалпына келтіру, бір палаталы Парламент құру, оны Құрылтай деп атау және халық кеңесін құру жөніндегі Президент енгізген ұсыныстардың барлығы да мемлекеттің де, халқымыздың да дүниенің қазіргі және алдағы болжап та болмайтын сан құбылыстарға бейімделіп, түрлі сынақтарға даяр болуымыздың дер кезінде жасалып отырған қадамдары деп білеміз.
Өйткені, Құрылтайда «күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек, – деп атап көрсетілді. Міне, осы жағдайда Президентіміз дипломатияның ішкі және сыртқы саясаттағы аса зор маңызын атап көрсетті.
«Біз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев, – дипломатияны халықаралық қақтығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш баламасы жоқ, ең маңызды құралы деп білеміз. Кәсіби ұстаным мен шынайы ниет болса, кез келген қақтығыстың түйінін тарқатуға болады».
Міне, бүгінгі Дипломатияның ұстанымы осы! Дипломатияны «мәмілеге, келісімге келудің ең маңызды құралы» деп нақтылы атап көрсете отырып, Мемлекет басшысы «дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болатындығын, оның мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келтіруі ықтимал», екендігін ескере отырып және де ескерте отырып, бүгін және қашан болсын қазақ билерінің ежелгі мәмілегерлік үрдісін жалғастыру болса керек.
Осы орайда атақты Қазыбек бидің «Бiз қазақ деген мал баққан елмiз, бiрақ ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз. Елiмiздiң құт-берекетi қашпасын деп, жерiмнiң шетiн жау баспасын деп, найзаға үкi таққан елмiз. Досымызды сақтай бiлген, дәм-тұзды ақтай бiлген елмiз», – деп қалмақтың қонтайшы ханына қасқая тұрып айтқаны әлі де бүгінгі күннің дипломатиясында өзінің маңызын жойған жоқ және де жоймасы да, бабамыз айтқан «досымызды сақтай білген» ел екендігімізді қазір ешкім де жоққа шығара алмасы да анық.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 22 қаңтар күні АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барып, Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысты. Қазіргі әлемдік саясатта аузын айға білеп отырған АҚШ-тың президенті Трамп мырза өз ықыласымен біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің мүшесі болуға және Қазақстанды ұйымның құрылтайшыларының бірі болу жөнінде ұсыныс айтқан-ды.
Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық Құрылтайда: «Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мұндай келісімдерді Президент Трамппен тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсінуден туындаған дипломатиялық инновация деуге болады. Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі».
«Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс!»
Президентіміздің осы бір ауыз сөзінде, яғни, «бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс» дегені қашан да бүгінгі әлемдік дипломатияның берік ұстанымы болса етті! Бұл – адал ұстаным! Бұл – Адамзат баласы алдындағы ұлы жауапкершілік!
Осы бір адал ұстанымдағы және дүние алдындағы ұлы жауапкершілікті әрдайым сезіне білетін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда өзінің туған халқына:
– Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан, уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек, – деген өсиетімен қайырылды.
Осы орайда, Президентіміздің 2023 жылдың 12 желтоқсанында «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру рәсімінде «Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін», – дегені еріксіз ойға оралары бар.
Барлық салада бүгінгі әлемнің үлкен өзгерістерге ұшырап жатқандығын алға тарта отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев «Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуіміз, еш нәрседен қорықпауымыз керек»,– деген сөзін төрелететін болсақ, ендігі арада жаппай жұмыла еңбек етуді бірінші кезекке қоя отырып, мына келе жатқан түбегейлі үлкен өзгерістер кезеңінде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтай отырып, Құрылтайда айтылғанындай «еліміз жаңа тарихи әлемнен лайықты орнын иеленуі» үшін ұлы істерге ұйымшылдықпен жұмылғанымыз абзал. Бұлай болмаса Президентіміз айтқанындай «Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ!»
Уақыт, заман өзгерген сайын сөз жоқ, халқымыздың сана-сезімі де өсіп, билікке қояр талаптары да күшейе түсуде. Алайда, біздің әрқайсымыз елдік және мемлекеттік мүддеге сай өзімізге өзіміз талап қоя білеміз бе?! Ал, қазіргі талап – Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізе бастаған шақта осыған бейімделу, сөйтіп сол арқылы өз тіршілігімізді түзеу ісін ойластыру, қолға алу. Бұл бүгінгі күні қарқынды дамып келе жатқан заманның көшінен қалмау үшін қажет.
Және де қазіргі Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның қуатын одан әрі арттыру үшін Президентіміз айтып отырғанындай «бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек!»
Әлем өзгеріп жатыр!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Көкшетау.
![]()

