ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПАРЛАМЕНТАРИЗМІН ҚАЛЫПТАСТЫРЫП, ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ АМАНЖОЛ СЕЙІТЖАНОВ – 80 ЖАСТАҚаршадайынан әке қамқорлығынан айырылып, нағашы атасы мен әжесінің сүйіспеншілігінің арқасында тағдырдың тауқыметіне мойымастан, өзінің таудай талабымен ер жетіп, алты Алаштың ардақты перзенті атанған Аманжол Сейітжановтың 80 жылдық ғибратты ғұмыры халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Қатардағы зоотехниктен Сенат депутаты, қарапайым нұсқаушыдан облыс әкімінің бірінші орынбасары дәрежесіне дейін өсуі қажыр-қайраты мол, іскер де білімді азаматтың қабілетін айғақтай түскендей. Жерлесіміздің өнегелі өмір жолын зерделеген сайын, қызметтегі өсу баспалдақтарынан терең сыр ұққандай боламыз.
Қазақтың көне тарихының қайнар бұлағы – ауылдан шыққан біздің ұрпақ өмірдің мәні, тіршіліктің нәрі еңбекте екендігін зердемізге тоқып өстік. Шалбардың балағын түріп тастап, ауыл қотанында жалаңаяқ шапқыласақ та, есейе келе қолымыздан айыр-күрек түспей, барлық шаруаны үлкендермен бірлесе атқардық. Жаңа киім киіп, үлде мен бүлдеге бөленбесек те, ата-ананың, туысқандардың қамқорлығының арқасында аш құрсақ болған жоқпыз.
Аманжолдың да балалық шағы осы ұғымға сәйкес келетіндігіне ешкімнің таласы болмас. Өйткені, күйеуі істі болғандықтан, Рабиға анасы емшектегі Амантайды жөргегіне орап, екі жарым жастағы Аманжолын қолынан жетелеп, Көкшетау қаласынан Торғай даласындағы Далабай мен Баранкөл ауылдарындағы төркін жұртына көшіп келеді. Бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар Сейітжан әкесі мен Жұмажан анасы перзенттерін құшақ жая бауырына басады. Есі кіріп қалған жиені Аманжолды ата-баба дәстүрі бойынша ізгілікке, еңбекке баулыды. Қариялардың ыстық ықыласына риза болған балғын үйдегі-түздегі шаруаны қалтқысыз орындауға тырысты. Далабайда жоғары сынып болмағандықтан, төңіректі өзен суы шайып кеткенде, Баранкөлдегі мектепке қайықпен қатынап оқыды. Ал, институтқа түсерде Жұмажан әжесі бір тайыншасын сатып, 25 сомды шалбарының шетіне тігіп берген екен. Неткен мейірімділік десеңізші! Қазіргі байсымақтар пейілі кең асыл әжемізден үлгі алып, тұрмысы төмен отбасыларға осылай көмектессе ғой, шіркін.
Бала болған соң ойынның жетегінде кетіп қалған кездері Жұмажан әжесі: «Осы тентек біздің басымызға көктас қояр деймісің?» – деп ренжитін. Бұл сөз Аманжол Сейітжанов ер жетіп, ел тізгінін ұстағанда да есінен кетпеді. Бертін келе атасы мен әжесінің басына құлпытас қойып, дұға оқытып, перзенттік борышын өтеді. Иә, сонау 1916 жылдары Амангелді Имановтың ұлт-азаттық көтерілісіне Далабай мен Баранкөлден қатысқан көнекөз қарияларды бала кезінде Аманжол да көрді. Солардың ішінде белгілі ақын Нұрқан Ахметбековпен айтысқан руы Орақ Қарсақ ақсақал да есінде қалыпты.
Қазіргі Жарқайың ауданының территориясындағы қос ауылдың тың игеру кезіндегі бастан кешкен тауқыметі аз болмаған. Арақтың буына масайраған келімсектер елдің шырқын бұза берген соң, ауыл жігіттері оларды сойылмен жөнге салыпты. Сейітжан ата мен Жұмажан әже жұмысқа кетерде сегіз-тоғыз жастағы жиені мен қызына бір уыс бидайды қол диірменге тартып, ботқа жасап жеу үшін тастап кетеді екен.
Сексен жастың сеңгіріне шыққан ел ағасы Аманжол Сейітжановтың тағдыры балалық шағынан бастау алған әңгімені шыққан тегімен сабақтағанда, құнды деректерге тап болдық. Қазақ әдебиетінің алыбы, классик жазушы Сәбиттің әкесі Мұқанның туған бауыры Омардан Мағжан, Іргебай, Жанпейіс, Ыдырыс тарайды. Ал Іргебай – Аманжолдың туған әкесі. Алайда заманның қым-қуыт ағымымен екі атадан тараған ұрпақтар арасында туыстық байланыс болмаған. Аманжолдың өзегін өртеген өкініші – немере ағасы Сәбеңмен көзі тірісінде кездесе алмауы. Бұл өкінішті жайға Сәбит те қатты қынжылып: «Япырай, Іргебайдан туған екі ұл бар еді, соларды көре алмай кетем бе екен?» – деген сөзін Аманжол Сейітжанов кейін жазушының жары Мәриям ападан естіпті.
Бес-алты жасына дейін әжесінің бауырында өскен тұла бойы тұңғыштары Римманың тұрмысқа шығуы Сейітжановтар отбасы үшін ерекше оқиға болды. Құдалар жағы елге танымал әулет болғандықтан, қалындық жағына көңілдері толмағандай сыңай танытты. Осы бір сындарлы сәтте той өтіп жатқан мейрамханаға күндей жарқырап, жан-жағына шуағын шашып Мәриям апай кіріп келгенде, маңғаз құдалардың өздері де орындарынан тұрып, Сәбеннің өмірлік қосағын қошеметпен қарсы алған ғой. «Жақсыдан – шарапат» демекші, осы бір жылы шырайлы көрініс Аманжол мен Бақыттың мәртебесін өсіріп, тойдың ажарын кіргізді.
Омардан тараған ұрпақ та осал болмаған. Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов оқыған атақты кадет корпусында дәріс алған Мағжан атамыз өз дәуірінің аса беделді қайраткер тұлғасы болған. Ұлы Отан соғысы қызып тұрған 1939-1945 жылдары Торғай өңіріндегі стратегиялық маңызы зор Есіл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істепті. Табанды, іскер тұлғаның басшылығымен бұл аудан Калинин майданының жауынгерлерін азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етіп тұрған. Осы еңбегі үшін оған Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің атынан «Эмка» жеңіл автокөлігі сыйлыққа тартылады. Ал Сәбеннің «Өмір мектебі» кітабының кейіпкеріне айналған Жанпейіс әуелі Көкшетау өңірінде ЧОН-ның, кейін НКВД-ның бастығы болыпты.
Атақ-даңқы алты Алашқа кеңінен мәлім текті әулеттің ұлағатты перзенті Аманжол Сейітжанов та өзінің іскерлік қабілетімен ата-баба дәстүрін абыроймен жалғастыра білді. 1969 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірсімен, Державин ауданындағы «Костычев» кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалған ол мал шаруашылығына ғылыми ізденістерді кеңінен енгізумен айналысты. Сиырдың сүтін молайту мақсатында түн ортасында малды өріске шығарып бақтырған ғой. Өзімшілдік осы әрекеті үшін партком хатшысының қаһарына леккенімен, совхоз директоры жанын салып, Аманжолды партиялық жазадан қорғап қалады.
Өндірісте де, қоғамдық жұмыста да алғырлығымен көзге түскен Аманжолға өңір жастары үлкен сенім артып, әуелі Жарқайың аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейін Торғай облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлайды. Жігерін шыңдап, жаңа қызметке енді ғана кірісе бастағанда, жоғары жақтан келген «дүмпумен» аудандық деңгейдегі жұмысқа сырғытылады. «Сенгеніңнен сүйенішің мықты болсын» деген құйтырқы саясаттың құрбанына айналған Аманжол Сейітжанов екінші хатшылық қызметін бір мықтының баласына тапсырып, бес жарым жыл уақытын Жақсы ауданының ауыл шаруашылығын өркендетуге арнайды. Аудандық партия комитеті аппаратындағы бөлім меңгерушісі болып істеген азаматтардың ішінде ең жасы бола тұра, ол ешкімге ұпайын жібермей, іскерлік қабілетімен танылды. Сабырлы, байсалды азаматтың пікірімен әріптестері де санасатын.
Күндердің күнінде Торғай облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі В. Брынкиннен шақырту алады. Бұл жолы комсомолда бірге істеген досы Аманжолға обкомның нұсқаушысы қызметін ұсынады. Облыс басшылығы тарапынан еңбегі бағаланғанына риза болғанымен, бірден келісім бере қоймайды. Өйткені, жігерлі жігіттің басты арманы – КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға түсіп, саяси біліктілігін жетілдіру болатын. Бұл мақсатына ол Торғай облысына Оразбек Қуанышев бірінші хатшы болып келгенде қол жеткізеді. Ол уақытта Аманжол Сейітжанов обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтін.
Ерінің Кеңес Одағының ең мәртебелі оқу орнында білім алатынына қуанышты болғанымен, «Союзпечаттың» азын-аулақ жалақысымен үш баланы асырап, отбасы мұқтаждығын өтеу Бақыт Шаланқызына оңай болған жоқ. Әйткенмен де, қазақ әйеліне тән көнтерліктің арқасында ол тұрмыстағы қиындықты білдірмей, қосымша жұмыстар да атқарды.
Сыныптай сырғып екі жыл өте шығып, Арқалыққа оралған Аманжол обкомда уақытша нұсқаушы болып істеп жүргенінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен шақырту алады. Қайта құру кезеңі күш алған тұста Алматыдан келген тосын хабар отбасы мен әріптестерін елең еткізді.
Бақыт Шаланқызы да, балалары да алаңдап жүргенінде, Шымкент жақтан Аманжолдың Сарыағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаны жөнінде қуанышты хабар жетеді. Оңтүстік өңірдегі саяси-қоғамдық, этнографиялық және этнологиялық сипатымен ерекшеленетін, 350 мыңдай тұрғыны бар үлкен ауданды басқару мәртебесінің Арқаның перзенті Аманжол Сейітжановқа бұйыруы алдымен жерлестерін қатты таң қалдырды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұрындары республикадағы төрт ауданның бірінші хатшысын Дінмұхаммед Қонаевтың өзі тағайындайтын. Соның бірі осы Сарыағаш ауданы болатын. Билік басында Димекең болмаса да, республиканың жаңа басшылығы бұл дәстүрді бұзған жоқ. Сол себепті де Орталық Комитеттің қолдауына Аманжол Сейітжановтың ие болуы кездейсоқ жағдай емес еді.
Басқа өңірдің азаматының мәртебелі қызметке сайлануына таңғалысып, үнсіз іштен тынып отырған шақта пленумға қатысушылар арасынан бір адам: «Сіз бірінші хатшылыққа өз ықтиярыңызбен келдіңіз бе?» — деп сұрақ қойыпты. Жаңа хатшы Аманжол Сейітжанов кідірместен: «Көріп отырсыздар ғой, мені байлап-матап әкелген ешкім жоқ, өз еркіммен келіп отырмын. Ендігі мәселе сіздермен бірігіп жұмыс істеу ғана»- дейді.
Аяқ астынан орынды айтылған бұл сөз жиналғандардың көңілін көтеріп, қыран-топан күлкіге ұласыпты. Бұған дейінгі хатшылар үшін өз командасын жасақтап, жылы-жұмсақты бөлісе жеу қалыпты іске айналғандықтан, Аманжол Сейітжановтың мұндай әрекетке бармауы көпшілікті бейжай қалдырмады. Обкомның бюро мәжілісінде Сарыағаш ауданы тыңдалған кезде жұмысы тұралап жатқан «Жамбыл» ұжымшарының директоры Жұмаділда Сақыбеков өткір сынға алынады. Дау-дамай ұшығып, директорды қызметінен алмақшы болғанымен, Аманжол Сейітжанов үзілді-кесілді қарсы шығып, қорғап қалады. Осы оқиғадан кейін аудан тұрғындарының жаңа хатшының іскерлігі мен табандылығына деген сенімі артып, жан-жақты қолдау көрсете бастайды.
Жаңа хатшы төрт айдың ішінде тұралап қалған ауданның барлық шаруашылығын аралап, қолдан келген көмегін көрсетудің нәтижесінде экономикалық көрсеткіштер күрт өсіп, облыста жетекші орынға ие болады. Топырағы құнарлы болғандықтан, мақта, жүзім, жеміс-жидек өсірумен қатар мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп, өнеркәсіпке даңғыл жол ашылады.
Компартия көсемдері М. Горбачев пен В. Лигачевтің халықты ішімдік ішуден құтқарамыз деген даурықпа ұранымен жеміс-жидек өсіретін плантациялар жойылып, арақ шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатты. Осындай қауіп Сарыағаш ауданына да төнгенде, жаңа хатшы Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, соғыс ардагері Иван Тыщенко басқаратын «Қапыланбек» кеңшарын толығымен өз жауапкершілігіне алып, тоқыраудан қорғап қалады.
Экономикасы өрге басқан сайын аудан тұрғындарының сапалы өмір сүруге құқығы бар екенін ескерген ол курортты аймақтағы медицина мекемелерінің Сарыағаштың атақ-даңқына сай болуын ұйғарып, жоғары жақтың келісімімен 320 орындық жаңа үлгідегі аурухана, 500 науқас қабылдайтын емхана салғызады. Мұнымен қоса, аудан шаруашылықтарында 23 фельдшерлік-акушерлік пункт аштырады. Шалғайдағы ауданның жұртты дүр сілкіндірген бұл жаңалығын естіген КСРО Денсаулық сақтау министрі, академик Евгений Чазов Сарыағашқа арнайы келіп, істің ақ-қарасын өз көзімен көреді.
Алған бетінен қайтпайтын қайсар, табанды бірінші хатшының талабына риза болған одақтық министр Аманжол Сейітжановқа «КСРО-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағын бергізіп, төсбелгімен марапаттайды. Сарыағашқа келгенде министрге өтініш жасап, Алматының емдеу мекемелерінде жоқ УЗИ аппаратын алдыртуы ерлікпен пара-пар ізгі қадам болатын.
Курортқа келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, шығарып салумен ғана шектелген бұрынғы басшылар халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі күрделі мәселелерді назардан тыс қалдырғанын аңғарған Аманжол Сейітжанов ендігі кезекте Сарыағаштың көшелерін асфальттауды қолға алады. Құлшыныс болғанымен, құрылыс материалдары мен қажетті техниканы табу көп қиындық туғызды. Ақыры, Павлодар қаласының басшылары мен Ташкенттегі таныстарымен хабарласып, бұл түйінді мәселені де оңтайлы түрде шешеді. Сөйтіп, қысқа мерзім ішінде аудан орталығының барлық көшелері асфальтталып, жұртшылықтың ризашылығына бөленеді.
Мақтаарал мен Түркістандағыдай мақта шаруашылығымен айналысатын ірі өндіріс орындары болмаса да, Сарыағаш ауданының төрт-бес шаруашылығы бұл кәсіппен көптен бері шұғылданып келген. Алайда, өндірістің тиімділігіне қол жеткізуде көптеген өткір мәселелер туындады. Әсіресе, жиын-терін жұмыстары қол күшімен атқарылатындықтан, барлық ауыртпалық мектеп оқушыларына жүктеліп, олар оқу жылын қараша айында ғана бастайды екен. Жанға бататын бұл көрініс Аманжолды қатты толғандырды. Көп ойланып, көп толғанып, осы берекесіздікке тосқауыл қою үшін мақта жинайтын комбайн санын 75–80 данаға жеткізеді. Одан кейін қолға алған ірі ісі – мақта өңдейтін зауыт салдыруы. Шетелге валютамен сатылатын бұл өнім арқылы аудан бюджеті күрт молая түсті.
Ұсақ-түйек тауар сатып алу үшін Ташкентке сабылуға дағдыланған жергілікті тұрғындардың намысын ояту үшін жаңа басшы Сарыағаштың төңірегінде самсатып, дүңгіршектер мен дүкендер салғыза бастайды. Ал, аудан орталығының қақ төрінен «Сыбаға» дүкенін аштырып, онда қазақы дәстүрмен жылқының сыйлы мүшелерін топтастырып, табақ-табақ ет қойғызуы жұртты таң қалдырды. Саудадағы бұл үрдіс ауылдарда да жалғасын тапты.
Сарыағаштың көшелеріндегі ешқандай қалқаны, шатыры жоқ. 37 аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушылардың азабын көрген бірінші хатшы бұл түйінді мәселені тез арада шешудің жолдарын ойластырады. Сөйтіп, бұл жұмысты әр мекемеге жүктеуді ұйғарды. Аялдаманы жылдам салғандарға «Волга», «Жигули», «Москвич» көліктерін сыйға тартты. Елі ардақтаған асыл азаматтың өнегелі еңбегі лайықты бағаланып, оған «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Сарыағашта аудан басшысына тән барлық сыннан сүрінбей өткен Аманжол Сейітжанов аз уақыт Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде істеген кезде тәжірибесін одан әрі шыңдай түсті. Сол себепті де республика басшылығы оны Қима ауданына жіберіп, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір сынауды ұйғарды. Қима ауданының демографиялық, ұлттық құрамы өте күрделі болғандықтан, жергілікті тұрғындардың арасында орыстар мен немістер басым болатын. Сол себепті ономастика мәселесі мен салт-дәстүр мүлде назардан тыс қала берген ғой. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ата жұртын аңсап келген қандастарды құшақ жая қарсы алып, қазақ санының көбеюіне күш салды. Елді мекен атауларын қос тілде жаздыруын өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қабыл алды.
Осылай рухани өмір жаңалыққа тола бастаған шақта бірінші хатшы Қимада жаңа мешіт салдырып, Торғай өңірін тағы бір дүр сілкіндірді. Имандылық үйінің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы қатысып, ақ батасын берді.
Мұсылман жамағаты қуанышқа бөленген осы күні Сейітжановтар отбасында жан тебірентер елеулі оқиға болды. Отыз жылғы үзілістен кейін әкесі Іргебай қарындасы Роза Мағжанқызымен бірге Қимаға келіп, ұлы мен келіні Аманжол мен Бақытты, немерелері Римма, Руслан, Айнұрды аталық ыстық құшағына басты. Ақиқатында, бұған дейін атын ғана естігені болмаса, бұл Бақыттың да атасын алғаш көруі еді. Осы қуанышты сәттен кейін Аманжол әкесімен байланысын үзбей, Көкшетауға жиі барып тұрды. 1995 жылы жалғыз перзентінен топырақ бұйырды.
Текті азамат Аманжол Сейітжановтың елді риза еткен тағы бір өнегелі ісі – Кенесары ханның бас батырларының бірі Баубек батырдың Түменде жерленген жерінен топырақ алғызып, 16 метрлік күмбез тұрғызуы. Халқының рухын көтерген ержүрек батыр жайлы ел арасында аңыз-әңгімелер көп. Айдауға кетіп бара жатқан Баубек өзін құтқармақ болып Торғайдан келген жасақшыларды сабырға шақырып: «Қан төгілмесін, онсыз да аз қырылған жоқсыңдар», – деп басу айтқан екен. Қылышпен бір шынашағын шауып алып, насыбай шақшасына салып, елге аманат ретінде өз жауынгеріне: «Осы шынашағымды мен өлді дегенде арулап жерге көміңдер», – деп өсиет айтыпты.
Екі бірдей ауданды басқарып, Орталық Комитете лауазымды қызмет атқарса да, Аманжолдың саясаткер ретінде қалыптасуына Сенат депутаты болуы үлкен әсер етті. Кеңестік дәуір психологиясы бойынша Жоғарғы Кеңесте қызмет атқарған депутаттардың өзі 1995 жылы құрылған жаңа Парламенттің қос палатасы – Мәжіліс пен Сенаттың жұмысына бірден көндіге алмады. Сенат депутаты ретінде Аманжол Сейітжанов Жапония мен Америка Құрама Штаттарына барған сапарларында осындағы парламент өкілдерімен кездесіп, тәжірибе алмасуға ерекше мән берді. Мәселен, ғылымы мен технологиясы дамыған Жапонияның өзінде экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 70-80 пайызды құрайды екен. Табыс көзінің қайда екендігін дәл аңғарған сенатор А.Сейітжанов осы мәселені Парламент мінберінде көтерді. Әрине, ол жақта сенаторлардың жұмыс істеуіне жасалып отырған қамқорлықты да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, АҚШ-тағы әріптестері айына 25–30 мың доллар жалақы алса, біздегі сенаторлардың ол кездегі табысы 25–30 мың теңгеден аспайтын.
Аманжол Сейітжанов экономика және қаржы-бюджет комитетінің мүшесі ретінде «Монополияға қарсы заң», «Парламент пен депутаттың мәртебесі туралы», «Меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру», «Зейнетақы туралы», «Тіл туралы» заңдардың қабылдануына да өз үлесін қоса білді.
Сенаттағы өкілеттігі аяқталып, өмірдің сан өткелдерінен сүрінбей өткен ел ағасы Аманжол Сейітжанов кіндік қаны тамған Көкшетауға елу үш жылдан кейін ғана оралады. Республика басшылығының ұйғарымымен Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, өнеркәсіп, көлік және коммуникация салаларына жетекшілік етеді. Әсіресе оны облыс орталығы мәртебесінен айырылған кездегі Көкшетаудың мүшкіл жағдайы қатты алаңдатты. Жылу жүйелері әлсіреп, электр қуатынан тарыққан шақта өндіріс орындарының әлеуеті күрт төмендеп кеткен еді. Кейін жағдай бірте-бірте түзелгенімен, атқарар жұмыс шаш-етектен болатын. Осы түйінді мәселелерді жоспарлы түрде шешумен қатар, ол Көкшетау қаласын абаттандыруды белсенді түрде қолға алды. Ауқымды бұл жұмысты вокзал мен мәдениет мекемелерін қалпына келтіруден бастады. Өзі өмірге келген қара шаңырақтың жұрты «Көкшетау» мәдениет сарайының дәл қасында болғандықтан, көзіне оттай басылатын бұл нысанды алдымен жөндетіп, оған қосымша ғимарат салғызды. Қазір онда орыс драма театры орналасқан.
1996 жылы Көкшетауда Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ашылуы өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болғанымен, оның қала шетінде, адам қатынасына қолайсыз жерде орналасуы Аманжолды қатты қынжылтты. Ақыры облыс әкімінің бірінші орынбасарының күш салуымен театр обкомның бұрынғы саяси-ағарту үйі болған, кейін өнер ордасына лайықталып қайта жаңартылған еңселі де әсем ғимаратқа көшірілді.
Келесі кезекте ұзындығы 6,5 шақырымдық Уәлиханов көшесін жөндетуге ниеттенгенімен, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей, бұл мәселе тығырыққа тірелді. Ауқымды бұл шаруа тікелей өз жауапкершілігінде болғандықтан, қала әкімі Еркеш Баяхметовті ертіп, Алматыдағы «ТұранБанкке» барады. Кепілдікке қоятын мүлік қаланы айтпағанда, облыстың өзінде жоқ болған соң, тәуекелге барып, облыстық және қалалық әкімдіктердің ғимараттарын кепілге қояды. Сөйтіп, несиеге алынған қаржының арқасында жөндеу жұмыстары қысқа мерзімде, жоғары деңгейде атқарылады.
Бурабай–Щучье және Зеренді өңірінің ғажайып табиғаты мен экологиясына келтірілген зиянды қайта қалпына келтіру үшін Премьер-министр кеңсесіне қайта-қайта барғыштай жүріп, 12 миллион доллар қаржыға түрік мердігерлеріне «Оқжетпес» санаторийін халықаралық стандарттарға сай жөндетеді. Одан кейін орталықтандырылған жылу жүйесін құру үшін РК-2 құрылысы басталып, Үкіметтің қолдауымен маңызды бұл жоба да сәтімен жүзеге асырылады. Облыс басшыларының бірі ретінде аса жауапты істердің Аманжол Сейітжановқа жүктелуінің өзі заңдылық еді. Мәселен, Астана-Бурабай бағытындағы Еуразия кеңістігінде баламасы жоқ алты жолақты автобан салынған кезде, ол Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағымановқа Щучье қаласындағы Карл Маркс көшесін жөндеуге көмек сұрайды. Оның өзіндік басты себебі, Бурабайға келетін жоғары мәртебелі меймандар осы көшенің бойымен жүретіндіктен, ойдым-ойдым шұнқырларды көргенде қатты қиналатын. Сол себепті, кезінде өзі де облыс әкімі болған көреген азамат Қажекең осынау орынды ұсынысты қолдап, қолғабыс жасайды.
Сексен жастың асқаралы белесіне шыққан қадірлі замандасымыз, комсомол, партия органдары мен парламенттік және мемлекеттік қызметтердің ардагері Аманжол Сейітжановтың елге сіңірген еңбегін ой елегінен өткізген сайын, оның халқына деген сүйіспеншілігіне, жанашырлығына, отаншылдық қасиетіне қатты риза боламыз. Осындай өнегелі өмір жолы бар ерен азамат өзіндік бай салт-дәстүрге ие киелі шанырақты шаттыққа бөлеп отырған ақылды да инабатты асыл жары Бақыт Шаланқызымен бірге ұрпақтарының қызығына шаттанып, Сейітжановтар әулетінің мәртебесін асқақтата берсін.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.
![]()

