«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында 2025 жылы 31 іс-шара жүзеге асырылып, оған 700 мыңнан астам ақмолалық қатысты.
Соның нәтижесінде 133 мың аула бойынша тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 758 саябақ пен сквер, тарихи-мәдени ескерткіштер ретке келтірілді, шамамен 87 мың тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Облыс елді мекендерінде 182 мың ағаш отырғызылып, Көкшетау және Степногорск қалаларындағы жасыл желектерге түгендеу жұмыстары жүргізілген.
2026 жылға да кең көлемде іс-шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, 37 бастама жоспарланып отыр. Олар аумақтарды санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша күнделікті жұмыстармен қатар, экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камераларының санын арттыру, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын іске асыру, экологиялық білімді қалыптастыруға және халықты осы тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған ақпараттық және мәдени іс-шараларды қамтыды.
Облыста «Таза қала», «Таза жағалаулар», «Таза жүгіру» акциялары, «Жасыл аула», «Жасыл соқпақ», «Өз ағашыңды отырғыз» атты ағаш отырғызу шаралары, байқаулар мен шығармашылық жобалар, мектептерде эко-сағаттар, сондай-ақ, әлеуметтік акциялар мен интернетте флешмобтар өткізу дәстүрге айналып келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

