ТУРИЗМ
Ағымдағы жылдың 14 ақпанында Щучинск-Бурабай курорттық аймағында «Burabay Ice – 2026» атты дәстүрлі қысқы мұз үстіндегі жүгіру бәсекесі өткелі жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің туристік әлеуетін арттыру, ішкі және сыртқы туризмді сапалы жаңа деңгейге көтеру бойынша нақты тапсырмалар бергені белгілі. Президент өз Жолдауларында Қазақстанның табиғи байлығын тиімді пайдаланып, өңірлердегі туризмді жыл он екі ай бойы үзіліссіз жұмыс істейтін салаға айналдыру қажеттігін үнемі баса айтады. Осы орайда, Ақмола облысының інжу-маржаны саналатын Бурабай өлкесінде атқарылып жатқан жұмыстар Президенттің стратегиялық бағыттарымен үндесіп жатыр. Өткелі жатқан іс-шара да осы бастамалардың жарқын көрінісі болмақшы.
Ақмола облысы туризм басқармасының қолдауымен және «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін бұл бірегей жоба оқиғалық туризмді дамытудың озық үлгісі болып табылады. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, Бурабайдың тек жазда ғана емес, қыс айларында да белсенді демалыс үшін қолайлы орта екенін әлемге паш ететін бұл жарыс биыл ерекше ауқымда өтпек. Ұлттық табиғи парк аумағындағы көл мұзының үстімен өтетін бұл марафонның әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ деуге болады. Бұл спорттық бәсеке өңірдің табиғи ерекшелігін заманауи спорт форматымен ұштастырып, Ақмола облысының имиджін халықаралық деңгейде ілгерілетуге жол ашады. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден 1000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде және бұл шараның халықаралық мәртебесін, сондай-ақ, Қазақстандағы қысқы спорт түрлеріне деген жоғары қызығушылықты айғақтайды.
Жарыстың бағдарламасы мен форматтары кез келген қатысушының дайындық деңгейіне лайықталып жасалған. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне қарай 7 шақырымдық жүгіру және скандинавиялық жүру, 14 шақырымдық және нағыз төзімділерге арналған 21 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынай алады. Көлдің тегіс мұз бетімен өтетін бағыт биіктік айырмасының минималды болуымен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде спортшылардың қауіпсіздігі мен жарыстың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Спорттық мереке 14 ақпан күні таңғы сағат 9.30-да старт қалашығының ашылуымен басталады. Мұнда қатысушылар үшін сақтау камералары мен барлық қажетті жағдайлар қарастырылған.
Бурабайдың ақ қары мен көк мұзында өтетін бұл додаға қатысу үшін ниет білдірушілер ресми athletex.kz/competitions/burabice26 сайты арқылы тіркеле алады. Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, Мемлекет басшысы атап өткеніндей, еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі болмақ.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

