ДЕНСАУЛЫҚ
Көкшетауда Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі онкологиялық қызметті дамыту бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда еліміздегі онкологиялық көмектің қазіргі жағдайы мен оны жетілдіру жолдары кеңінен талқыланды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, сондай-ақ, сала мамандары қатысты.
Кеңесте ең алдымен онкологиялық ауруларды ерте анықтау мәселесіне баса назар аударылды. Бүгінде елімізде скринингтік тексерулердің қолжетімділігі артып, оларды тегін алу мүмкіндігі кеңейтілген сайын онкологиялық ауруларды бұрынғыдан да ертерек анықтау мүмкіндігі артып келеді. Бұл өз кезегінде емнің тиімділігін арттырып, өлім-жітімді төмендетуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте, жиын барысында сөйлеген сөзінде вице- министр де елімізде соңғы жылдары кешенді әрі жүйелі шаралардың үздіксіз жүргізіліп келе жатқандығын еске салды.
– Онкологиялық ауруларды ерте анықтау негізгі басымдық болып қала береді. Ел өңірлерінде 19 сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды, ал, онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілді. Бұл ел тұрғындары үшін тексерулердің қолжетімділігін қамтамасыз етті, – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 246 мыңнан астам онкологиялық науқас динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын сырқаттанушылық деңгейі өсіп отырғанымен, соңғы жылдары өлім-жітім көрсеткіші 14 пайызға төмендеген. Бұл соңғы жылдары жүргізілген скринингтік бағдарламалар мен заманауи емдеу тәсілдерінің жемісті нәтижесі.
Қазіргі таңда ел бойынша онкологиялық көмекті 17 мыңнан астам медицина мамандары көрсетеді. Соған қарамастан, кадр тапшылығы шамамен 130 адамды құрайды. Әсіресе, сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіші жоғары өңірлерде білікті дәрігерлерге деген сұраныс сақталып отыр. Жиын барысында осындай аймақтардың қатарында Ақмола облысы да аталды.
Мемлекеттік ғылыми-зерттеу және клиникалық орталығы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетовтің пікірінше, бірқатар мәселелерге қарамастан, Ақмола облысының онкологиялық қызметінің әлеуеті жеткілікті. Қазір облысымызда білікті медицина мамандарын даярлау жұмыстары жүргізіліп, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Заманауи медициналық жабдықтар сатып алынып, жаңа нысандар салынуда.
– Біз Көкшетауға келген сапарымыз барысында Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасы мен қалалық емханасын және «Viamedis» медициналық клиникасын аралап шықтық. Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан Ақмола облысы мен елдің солтүстік өңірлерінің тұрғындарына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін өңіраралық ауруханасының құрылысымен таныстық. Аталған ауруханалардың көрсетіп жатқан қызмет сапасы денсаулық сақтау министрлігінің барлық талаптарына сай келеді. Алдағы уақытта жаңа аурухана ашылса, біз жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Қазірдің өзінде ғылыми орталықпен бірлесіп, осы ауруханада қызмет ететін медицина мамандарын даярлауды бастап кеттік, – деді Ербол Бекмұхамбетов журналистерге берген сұхбаты кезінде.
Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар тарапынан онкологиялық аурулар көбіне кеш анықталатындықтан, емдеу үдерісі күрделене түсетіндігі айтылды. Сондықтан, бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде профилактикалық тексерулерді күшейту аса маңызды. Қазіргі таңда елімізде сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек обыры бойынша скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл тексерулер ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандар онкологиялық дерттердің көбеюіне бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Олардың қатарында қоршаған ортаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, зиянды әдеттер, созылмалы күйзеліс және тұқым қуалаушылық бар. Сондықтан, онкологиялық қызметті дамыту тек медициналық шаралармен шектелмей, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен де тығыз байланысты.
Жиын барысында сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облысымызда бұл індеттердің алдын алу шаралары күшейтіліп, асқынулар мен өлім-жітімді азайтуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Онкологиялық ауруларды анықтау ерте медициналық тексерулерден басталады, сондықтан, бастапқы медициналық-санитариялық көмекке ерекше көңіл бөлінуде. Алдын алу жұмыстарын күшейтіп, пациенттерді диагностикалау мен емдеу сапасын арттырып жатырмыз, – деді ол.
Жиын қорытындысында вице-министр денсаулық сақтау басқармаларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, скринингтермен қамтуды кеңейту, тәуекел топтарымен жүйелі жұмыс жүргізу, кадр тапшылығын азайту және заманауи емдеу әдістерін енгізу міндеттелді.
Жалпы, Қазақстанда онкологиялық қызметті жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Жоғары технологиялық оталар саны артып, сәулелік және дәрілік терапияның жаңа әдістері енгізілуде. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қатерлі ісікпен күресте ең тиімді жол дер кезінде тексерілу және ауруды ерте кезеңде анықтау екендігі даусыз.
Сондықтан, дәрігерлер тұрғындарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, жоспарлы скринингтерден уақытылы өтуге шақырады. Ерте қойылған диагноз өз өміріңді сақтап қалудың ең басты кепілі болып қала бермек.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

