Жалған аккаунттар. Алданып қалмаңыз!

ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ

Бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздік мәселесі мемлекетіміздің басты басымдықтарының біріне айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен маңызды жиындарда құқық тәртібін нығайту, әсіресе заң үстемдігін орнату мен азаматтардың құқығын қорғау бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Президент сондай-ақ, «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамның басты бағдары болуы тиіс екенін, кез келген заңсыз әрекетке «нөлдік төзімділік» таныту қажеттігін ұдайы айтып келеді. Осы орайда, Көкшетау қаласында орын алған кезекті қылмыстың жолы кесілуі – құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесі болып отыр. Нақтырақ айтқанда, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы бопсалау сериясын жасады деп күдіктелген екі жергілікті тұрғынның қылмыстық әрекетін құрықтады. Жедел қызметкерлердің айтуынша, бұл азаматтардың кем дегенде үш бірдей қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені дәлелденіп отыр.

Зиянкестердің әрекет ету тәсілі өте егжей-тегжейлі ойластырылған: олар әлеуметтік желілерде жас қыздардың фотосуреттері мен жеке деректерін пайдалана отырып, жалған парақшалар ашқан. Сол арқылы сенімге кіріп, жастармен танысып, оларды жеке кездесулерге шақырған.

Алайда, аңғалдық танытып кездесуге келген жәбірленушілерді қыздар емес, нағыз қылмыскерлер күтіп алған. Күдіктілер өздерін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, психологиялық қысым көрсету арқылы, жауапқа тарту немесе физикалық зорлық-зомбылық көрсетеміз деп сес көрсетіп, ірі мөлшерде ақша талап еткен. Қазіргі таңда анықталған үш жәбірленушіден олар осындай заңсыз жолмен бір миллион теңгеден астам қаражат бопсалап үлгерген. Бұл оқиға – бүгінгі қоғамдағы киберкеңістіктегі қауіпсіздік пен адамдар арасындағы сенімнің қаншалықты осал екенін көрсететін ащы сабақ.

Мұндай қылмыстардың тамыры көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамдағы агрессияның салдарынан бастау алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек отбасы ішіндегі кикілжің емес, ол адамның психикасын бұзып, өзгеге күш көрсету арқылы пайда табуға, біреудің тағдырын тәлкек етуге итермелейтін қауіпті құбылыс. Егер қоғамда зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке тосқауыл қойылмаса, мұндай «көше қылмыскерлерінің» қатары сиремейді. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, біз зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы бірігуіміз керек.

Заңсыз әрекеттерді құжаттап, күдіктілерді ақша алып жатқан жерінде қолға түсірген ҰҚҚКБ қызметкерлерінің жедел қимылы – заңның орындалуының айқын көрінісі. Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде өңір полицейлері азаматтарды әлеуметтік желіде сақтық танытуға, күмәнді таныстықтардан аулақ болуға және кез-келген бопсалау фактісіне тап болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Әрбір азаматтың қырағылығы – ортақ қауіпсіздігіміздің кепілі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар